Кешегі қарашада Астанада оқушы қыз кәріз құдығына құлап мерт болғанын ел ұмыта қойған жоқ. Осы оқиғадан соң қала әкімі Бақыт Сұлтанов шаһардағы бүкіл кәріз құдықтарын тексеруге тапсырма берсе керек.

Бұл бір ғана мысал. Ал, жыл сайын мұндай жағдайдың қаншамасы орын алып жатыр. Бірқатарын тізсек, еліміздің ауруханаларының бірінде бір дәрігер мен екі сантехник кәріз құдығының газынан уланып өлсе, ШҚО-да төрт бірдей азамат құдықта белгісіз газға уланып көз жұмды және Оралда сарбаз кәріз құдығын тазалау барысында қаза болған. Мұндай қайғылы оқиғалар Қызылорда, Атырау, Қостанай мен Қарағандыда да қайталанды.

Мәселен, Шелекте құдыққа 52 жастағы ер азамат құлап кеткен. Артынша оны құдықтан алып шығу үшін тағы бір адам кіріп, есінен танып қалған. Сосын екі қызметкердің өмірін сақтап қалу үшін медициналық қызметкерлер құдыққа түскен. Бірақ, олар өз бетінше шыға алмағандықтан, құтқарушылар шақырылған. Қысқасы, соңында бір ғана кәріз құдығынан екі сантехник пен бір дәрігер уланып қайтыс болған.

Жалпы, осындай улану деректері бойынша қолға алынған шаралар қатерлі оқиғаларды біржола ауыздықтамақ түгілі, тіпті улану қаупін азайта алмай отыр. Өйткені, бізде «айран ішкендер құтылып, шелек жалғандар тұтылады». Мәселен, Шелек ауылында болған оқиғаға бүгінде аурухананың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Әркен Ұшаровты кінәлі етіп шығарды. Қисынға келмейтін тұсы, оның қаржы жөніндегі және басқа да құжаттарға бірінші болып қол қою­ға құқы да жоқ. Екіншіден, ол сол күні Алматыда іссапарда болған. Әйтсе де бұл басшылардың қарамағындағы қызметкерлерге деген жауапкершілікті өзіне емес, өзгеге аудара салған бірінші оқиғасы емес.

Біздің тағы бір қателігіміз – мәселенің себебімен емес, салдарымен күресеміз. Яғни, оқиғаға кінәліні тауып, жазалаумен іс бітті дейміз де отыра береміз. Айталық, кәріз құдығы мәселесін шешу үшін негізінен мекемелер ағынды-сор­ғылы желдеткішін сатып алуы қажет. Алайда, ондай мекеме басшыларының көбі сол желдеткішті сатып алу керектігін айтқанда, «ақша жоқ» деп, жағдайды өз ырқына қоя береді. Тіпті, «ондай жабдық сатып алғанша, құдықтың қақпағын ашып, ішіне жиналған улы газды табиғи жолмен шығарып тастаған дұрыс» деп ашық айтқан коммуналды мекеме басшылары да кездескен. Сонда ол ашық қалған құдықтың біреуге ажал қаупін төндіруі мүмкін екенін білмей айта салды ма?! Әлде ол басшысымақ улы газдың ауыр келетінін, сондықтан, кәріз құдығын ашқанымен, газ сырт­қа шықпай, түбінде қала беретінін білмей ме?! Астанада қыршыннан қиылған оқушы қыздың, сондай-ақ, Шелектегі мерт болған үш адамның, қыркүйекте Павлодар облысы Береке ауылында ойнап жүріп құдыққа түсіп көз жұмған бүлдіршіннің ажалы осындай тоңмойын шенеуніктердің мойнында!

Бұл мәселені Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінен бастап, Әділет министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қорғаныс министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыс және қала әкімшіліктері, тіпті Қазақстан темір жолы мен әуежайлары қосыла шешуі қажет. Өйткені, жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық кәсіпорындардың құзырында бірнеше құдықтар бар. Және ол құдықтарға басқа ешкімнің араласуға қақысы жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген кәсіпорындар газ талдауыш алумен ғана шектеледі. Ал, олар құдықтағы газдың тек өлшеу кезіндегі мөлшерін көрсете алады, оны жоюға қауқарсыз.
Ендеше, Үкімет аталған мәселені шешудің нақты әрі кешенді жолдарын таппайынша, ақпарат құралдарының кәріз құдықтарынан төнген ажал жайында айғайлата жазғаны – жазған!

Мәриям ӘБСАТТАР,
«Заң газеті»