Еліміздің 2017- 2022 жылдарға арналған құқықтық сауаттандыру саласын жетілдіру тұжырымдамасына орай біршама заң өзгертіліп, толықтырылғаны белгілі. Солардың ішінде 20 жыл қолданыста болған «Адвокаттық қызмет туралы» заң да бар. Бұған тоқталып отырғанымыз, ел арасында заңгерлік қызмет сапасының сын көтермейтіні талай жылдан бері өзекті тақырыпқа айналғанымен, нақты нәтижеге биыл ғана қол жеткізіп, атауы мен талаптары толыққан «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы» жаңа заң қабылданды.

Алайда, бұл заң төңірегінде де кереғар пікірлер жоқ емес. Мәселен, заңдағы көп көңілінен шыққан өзгерістің бірі – адвокаттыққа үміткерлерге қойылатын шарттардың жеңілдетілуі. Адвокаттар алқасына төленетін алғашқы жарна алынып тасталды. Мысалы, Алматы қаласында адвокаттық жарна 730 мың теңге болып келген-ді. Жаңа заңмен осы мәселе шешімін тауып отыр. Бұдан не ұтамыз десек, заң шығарушылардың айтуынша, алғашқы жарнаның міндеттелмеуі адвокаттыққа келетін жастар легін арттырып, бәсекелестікті күшейтпек. Себебі, соңғы төрт жылда адвокаттар саны небәрі 7-8 пайызға ғана өскен. Бірақ, адвокаттардың арасында бұл уәжді қолдап отырғандар некен-саяқ. Тағы бір жағымды жаңалық, алдағы жылдан бастап адвокаттар ордер үшін алқаға немесе заң консультациясына барып әуре болмайды. Куәлігі мен клиентті қорғау немесе өкілдік ету туралы жазбаша хабарлама болса жеткілікті. Заңға, сонымен бірге, сапасыз қызметке жол бермеу мақсатында 2020 жылдан адвокаттар мен заң кеңесшілерінің кәсіптік жауапкершiлiгiн сақтандыру талабы енгізіледі. Сол кезден бастап олар сақтандыру шартынсыз заң көмегін көрсете алмайды.

Дегенмен, адвокаттар бұл талаптың қисынсыз екенін айтып жүр. Әлеуметтік жағдайы төмен жандарға заңгерлік қызметтің тегін көрсетілуі, яғни, «Pro bono» жүйесі жұртшылық тарапынан оң көзқарасқа ие болға- нымен, адвокаттар оны жаңалыққа баламайды. Өйткені, ақысыз қызмет бұрыннан бар. Ал, адвокаттыққа үміткерлерді қуантқан айрықша өзгеріс – лицензия алу сынағынан өтпегендердің жылдап жүрмей, алты айдан соң бағын қайта сынай алатыны. Сонымен бірге, тексеру комиссиясының өкілеттігі екі жылға бекітілді. Комиссия мүшелері бұрынғыдай қайта сайланбайды. Бұрынғыдай демекші, жаңа заң қабылданғанға дейін адвокаттар алқаларының басшылары мен комиссия мүшелері қайта-қайта сайланып, бір орында жылдап отырып, тіпті, ширек ғасырдан аса уақыт басқара беретін. Өз кезегінде бұл жағдай қоғамдық пікірлерге арқау болды да. Ендігі жерде қолданыстағы заңға сай, заңгерлер ұйымдары мен адвокаттар алқасы төрағаларының жетекшілік ету мерзімі бойынша аталған лауазымды төраға 4 жылдан артық атқара алмайды. Еске алсақ, аймақтардағы адвокаттар алқаларына белгілі бір адамдардың ғана жетекшілік етіп келгені Президенттің де назарын аудартқан еді.

Бұған қоса, Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы президиумында төрағаның 25, ал Алматы облысында 27, Атырау облысында 31, Ақтөбеде 33 жылдан бері ауыспағанын ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин де кейіннен сын тезіне алған болатын. Осы олқылық заң шығарушылар тарапынан назарға алынып, адвокаттар алқалары мен заң кеңселері басшыларының ауыспалылығы нақтыланды. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң бойынша, алқа төрағаларын адвокаттар жасырын дауыспен 4 жылға сайлай алады. Бірақ, адвокаттар басшыны бекіту және тағы басқа қызметтерді реттеуде мемлекет пен министрліктің ықпалы болатынын жасырмайды. Осы себепті, кей баптар халықаралық талаптарға қайшы екені, әлі де қарауды талап ететіні жайлы пікірлер бар. Адвокаттарды мамандандырудың заңда ескерілмей қалуы да шешімін күткен мәселе. Шетел тәжірибесіне сүйенсек, адвокаттар қауымдастығы өзін-өзі реттейтін ұйым. Сондықтан, әлемнің біршама елінде олардың жұмысына құзырлы орындар араласпайды. Алқалар мен заң кеңестері өз мәселелерін өздері шешіп, басшыларын да өздері сайлауға құқылы. Дейтұрғанмен, өмірде ол деңгейге жете алмай жатқанымызды адвокаттар алға тартуда.

Түймегүл ИБАШЕВА,

«Заң газеті»