Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы , профессор , алаштанушы:

-Айгүл ханым, сіз қазақтың асыл сөзін, бай әдеби мұрасын зерттеуге өзіңіздің саналы өміріңізді арнап келе жатқан жансыз. Өзіңізбен әдебиет жайлы да, алаш арыстары жайлы да әңгіме қозғасақ, жарасар еді. Бірақ, мен бүгін осының бәрін түп-тамырымен қозғайтын үлкен бір еңбек – Елбасымыздың таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайында сөз өрбіткім келіп отыр. Алдымен, елге түсінікті болу үшін, «Ұлы даланың жеті қыры» сізді несімен қуантқанына тоқталайықшы…

– Несімен қуантты дейсің бе? Бұл біле білгенге қазақтың кім екенін айқындап және соны ендігі жерде именбей ашып айтуға мүмкіндік берді ғой. Тәуелсіздік алмай тұрған кезде біз қазақ тарихы мен қазақ әдебиеттануын сонау Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашидиінен» басталатынын ашып айта алмай, ал оған дейін Орхон Енисей жазбалары жайлы тіс жара алмайтын едік. Тіпті, қазақ әдебиеті, тарихы жайлы басқа елдің ғалымдары сөз қозғап, «осындай әдеби жәдігерлердің қазіргі қазақ мәдениеті, әдебиеті, тарихына қандай қатысы бар?» деген сауалдарына жалтақтықпен «иә, осындай әдеби жәдігерлеріміз болған» деп жауап беріп келдік. Сенесіз бе, тіпті, Тәуелсіздік кезеңінің ғалымы болсақ та, біз қазақ жерінде қандай өркениет пен мәдениет болғанын, қандай мәдени, әдеби жәдігерлердің осы қазақ жерінде жазылғанын ашып айта алмайтынбыз. Күні кешеге, Қазақ хандығының 500 жылдығы тойланғанға дейін біз ғұндардың көсемі Атилланың қазақ жерінде болғанын, сондай-ақ Шыңғыс ханның бізге қандай қатысы барын айта алмадық. Сондықтан, «Ұлы даланың жеті қыры» сол үлкен бір концептуалдық кемшіліктің орнын толтырып, тарихи кеңістігімізді айқындап, қазақ даласының Ұлы дала екенін, екінші- ден, қазақтың ұлы даласында қандай өркениетті әдеби жәдігерлерде кейіпкер болған әдеби тұлғалардың өмір сүргенін нақты ашып айтты. Және, айтып қана қоймай, тұңғыш рет өз хронологиясы бойынша тізіп, бізге дейінгі бабаларымыз үшін ұлттық мемлекет дегеннің қандай болғанын тілге тиек етіп, мемлекет қайраткері болу үшін қандай шарттар болуы қажет деген сұраққа жауап ретінде сонау Орхон Енисей жазбаларында Тоныкөктің «Түн ұйықтамадым, күндіз күлмедім» деген сөздерінен мысал келтіре отырып айтады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихшыларымызға сыныққа сылтау етпейтіндей қылып, ендігі біздің бабаларымыздың тарихын айқын жазуға мүмкіншілік берді. Біз Еуропада ғылыми симпозиумдарда жиі боламыз. Сонда бәріміз қаншама ғасырлық тарихы бар университеттерді көргенде «шіркін-ай, біздің де ата-бабаларымыз осындай игіліктерді көргенде ғой» дейміз. Айтпақшы, Римде Атилланың алдына тізе бүгіп шығып тұрған Рим папасының бейнесі бар. Бұл тарихи дерек қой. Ал, біздің тарихшыларымыз сол Атилланың аты Еділ екенін, оның қазаққа қандай қатысы барын күні бүгінге дейін батыл айта алмай келе жатыр. Енді «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін осы жерден шыққан Еділ патшаны, өзіміздің Шыңғыс ханның ұрпағы екенімізді батыл айта аламыз. Себебі, Шыңғысхан өзі Абылай ханның ата-бабасы бола тұра, біздің оған қатысымыз жоқ деу – қазіргі заманда ұят. Мұндай тарихи деректер қазіргі ұрпаққа этикалық-эстетикалық күш береді. Одан да басқа тарихи тұлғаға тұңғыш рет бізге тиесілі екенін айқындалған. Бұны «Ұлы даланың жеті қыры» деп басқалардан бөліну үшін емес, біз өзіміздің текті халық екенімізді, парасатымыз биік екенін және бүгінгі күні бізге қажет рухани күш бар екенін ақтап алу үшін, бүкіл ғылым саласының, оның ішінде гуманитарлық тарих, әдебиет, мәдениетке және бүгінгі клиптік жалт-жұлттан шаршаған халқымыздың еңсесін көтеретін этикалық күш ретінде елге насихаттап, ғылыми айналымдағы болып жатқан жаңалықтарды елге жеткізе, түсіндіре білу бүгінгі қазақ ғалымдарының негізгі міндеті деп ойлаймын.

– Ұлттық код деген нәрсе бар ғой, осыны қалың жұртқа қалай түсіндіруге болады және ол біздің қай жәдігеріміз не әдеби, мәдени мұрамызда сақталып келді?

– Осыдан 25 жыл бұрын мен Мәскеуде баяндама жасағанда, қазақ даласында Атилладай ұлы қолбасшының болғанын, не болмаса Шыңғыс хан Абылайханның бабасы болып келетінін айтқанымда бізге сенімсіздікпен қарағаны бар. Ол кездегі Ресей болсын, Еуропалық мәдениет болсын, еуроцентристік көзқараспен «сендер Орта Азиясыңдар» деп бізді кемсітетін. Шыны керек, ғылыми салада мұндай ыңғайсыз жағдайларды басымыздан сан рет кешірдік. Сол кезде мен докторлық диссертациямды қорғағанда профессор Тұрсынбек Кәкішев «осы қазақ романы неге Еуропадан, орыстан үйренді деп айта береміз? Қазақтың өзінің прозалық дәстүрі болды ғой?» деп маған айтқаны, менің ғылыми жұ- мыстарымды үлкен бір бағытқа сілтеді. Себебі, Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Қазақтың асыл сөзі ол сонау жырау бабаларымыздың толғауынан басталған. Айтыста орнығып, шындықты айтып, дұрыс пен бұрысты айқындап беретін жыраудың толғауында қалыптасқан», сондай асыл сөздің құрметін білген оқырманы бар екенін айтқанда, әрине, біздің прозаның қа- лыптасуына біздің жыраулық дәстүр болсын, айтыс өнері болсын тікелей романды орнықтыруға әсер еткен. Кейін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан мен Жүсіпбектердің осыдан 100 жыл бұрын жазылған әдебиеттану зерттеулерінен көріп, әрине, таң қалдық. Мысалы, біз де тек тарихшылар айтып келген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» еңбегінде тұңғыш рет ұлттық кодқа мән берілген. Мұны Жанғара Дәдебаев осыдан 30 жыл бұрын дәлелдеп берген. Мәселен, қарасаңыз, «Тарихи-Рашиди» қазақ тарихи прозасының әуелгі үлгісі екенін айтты және оны диалогия деп атады ол кісі. Сондай-ақ, сол көзқарасын дәлелдеп шықты да. Бірақ, «Тарихи-Рашиди» секілді еңбектерге неге біз қазір зәруміз? Себебі, асыл сөзге қойылған басты шарттар тарихи әдеби жәдігерлерде болған. Алайда, біз одан советтік кезеңде айырылып қалдық қой. Сондықтан, еуроцентристік бағытпен кеттік. Бұл жерде айырмашылық қындалуымен құнды. Тоныкөктің әрбір сөзінде терең мән бар. Мысалы, ханын тастап, басқа ханға бағынған адамның ісі Тәңірінің қаһарына ұшырайтындай оңбаған іс екенін айтады ол. Екіншіден, Тоныкөк өз сөзі, өз даналық ойын Тәңір ісімен сабақтастырып отыр. Сондықтан, бұл әдеби жәдігерлерді біз қазір білуіміз керек. Осыған Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы үлкен себеп болып отыр.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025» бағдарламасы қандай мүмкіндіктердің ашылуына мұрындық болмақ?

– Бұл бағдарлама – қазіргі ғылымға өте қажетті деген тарихи сананы жаңғыртудың ең басты тетігі болмақ. Себебі, біздің әл-Фараби бабамыздан бергі қазақ жерінде қалыптасқан ғылымның негізгі түп нұсқасы басқа елдердің архивтерінде жатыр. Мұны біз айтқанымызбен, күні бүгін қолымызда жоқ. Осыған аталған бағдарлама керемет мүмкіндік ашқалы отыр. Жеті жылдық бағдарлама нақты Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалаларда жазылған ғылыми зерттеулерді негізге алса дейміз. Белгілі профессор Әбсаттар Дер- бісәлі әл-Фараби, Қашқари, Баласағұни, Сығанақи, Таразилердің еңбектерінің 15-20 жыл болды, елге ксерокөшірмесін әкеліп жүр. Бірақ, осыларды тізіп, тура сол негізде архив дереккөздерін айқындап, олардың зерттеулерінің мәтіндерін елге әкелу қазақ ғылымы үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Себебі, қазақ даласының ұлы тұлғаларының тұпнұсқа еңбектері- не ие болатын кезіміз келді. Және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осыны дамудың жаңа сатысына көтерері даусыз. «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші тараудың екінші бөлімінде Елбасы: «Ұлы даланың ұлы есімдері», «көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін ерекше мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин, Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде тәуелсіз мемлекеттердің баға жетпес байлығы. Осы ретте, Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін, әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және де басқа көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктеріне ашық аспан астында ескерткіш орнатып, энциклопедия жасауымыз керек» деді. Осы тұрғыда қараңызшы, Күлтегіннен бастап орта ғасырдағы әл-Фараби, Яссауилер, одан бергі әз Тәуке мен Абылай хан сынды әдеби жәдігерлер мәтіндерінің авторларын қосып, үлкен бір энциклопедия жасауға болады. Бірақ, ол заманға сай қысқа әрі нақты жазылуы тиіс.

– Осы тұрғыда алаштанушы ретінде өзіңіздің алып-қоса- рыңыз, «осындай болса…» деген ұсынысыңыз жоқ па?

– Әрине, бар. Тарихи сананы жаңғырту барысында, сондай-ақ, Абылай хан мен Кенесарыдан кейінгі ұлы дала тұлғалары ретінде алаш арыстарына да арналған үлкен бір сериясын шығарсақ деген ұсынысым бар. Мысалы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш арыстарының ақысыз, ешқандай лауазым дәметпей-ақ Отанға қызмет
ету үлгілері қазіргі қазақтарға қажетті үлкен этикалық рухани күш дер едім. Мәселен, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының үшінші тарауында «Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамту тұрғысында «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет және бұл бағытта қазақстандық ғалымдар мен шетелдік мамандар да тартылған халықаралық көпбейінді ұжым құруға шақыруға болады және біздің қаһарман бабаларымыз жайында тек елдегілер ғана емес, сондай-ақ, шетедегілер де білетін болады», – деді Елбасымыз. Бұл не үшін істеліп отыр? Біз – сауатты, парасатты елміз. Біз, мысалы, Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ тұлғаларының Отанға ақысыз, жүрегімен қызмет еткенін жария етсек, ол бізге, қазіргі заманға қажетті этикалық рухани күш болып табылар еді. Сондай-ақ, бұл бағдарламада «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасын түзіп, соның аясында «Дала фольклоры анталогиясын» жасау керектігін айтып, тапсырды. Мұнда өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері: ертегілер, аңыз-әпсаналар мен хисса-дастандар, эпостар жинақталуы керек. Сонымен қатар, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасы – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару тапсырылды. Және де, ол заманауи цифрлық форматта жаңа тыныс алуға тиіс. Бұл көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ, оның өзектілігін арттыратын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңыздылығын атап өтеді. Олардың сюжеттері, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмауы тиіс. Сол себепті оны жүйелеп, зерттеп, бүкіл Орта Азия кеңістігіне дәріптеуге тиіспіз. Міне, көрдіңіз бе, бабалар үнін, ұлы дала мәдениетін жаңғыртудың тың бастамасы қолға алынғалы жатыр. Бұл ұшан теңіз және іргелі еңбек болады. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін демалып отырып тыңдайтындай, көретіндей қазіргі заман тех- никасымен және технологиясымен жаңғыртқалы жатырмыз. Мен айтар едім, тарихи дастандар мен батырлар жырын бүгінгі жастар, тіпті ұшақта кетіп бара жатқан жола- ушылар қолдарындағы смартфондарынан-ақ оқып, көріп, тыңдай алатындай қазіргі заман форматында шығара білуіміз керек. Бізге сондай сын қойылып тұр. Сондай-ақ, біздің даңқты батырларымыз бен ойшылдарымыз, ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бойынша дәріптеуге лайықты тұлғалар екенін мақтанышпен айта аламыз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осыдан бірер жыл бұрын жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының жалғасы болып табылады және соның тоқ етерін айтып, нүктесін қойған жоба деп түсіну керек. Себебі, «Рухани жаңғыру» – жалпыұлттық қазақстандық бағдарлама болғандықтан, оның компоненттері «Бабалар сөзін» 100 томдық электрондық дискурста қайтадан жаңғыртып және соны елге жеткізіп, мектеп оқушысынан бастап қарапайым оқырманға дейін қызығып оқитындай электронды форматта ұсынсақ, сол 100 томдық «Бабалар сөзінің» кітаптық нұсқасындағы 60-70 беттік Кенесары, Наурызбай туралы тарихи жырдың қазіргі заманға сәйкес келетіндей ұтымды жерлерін таңдап алу керек. Бұл сонда қазақ ғылымына қажетті және біздің кім екенімізді насихаттайтын, қандай ел екенімізді айқындайтын үлкен бір рухани бағдарламаның іске асқаны болар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мәриям ӘБСАТТАР,

«Заң газеті»