Серік ӘБНӘСІРОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы:

– Серік Қазбекұлы, бүгінде сот үдерісіне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету ар­қылы сот қызметінің ашық­тығына, әділдігіне қол жетеді деп үміт артылған алқа билер институтына қатысты қоғамда қайшы пікір көп. Айтылып жатқан әңгіме мазмұны дамыған елдерде өзін ақтаған бұл құрылым елімізде толық­қанды жұмыс істей алмай тұр­ға­нын меңзейді. Шынымен солай ма?

– Қазақстанда алқабилер соты кон­тинеталдық үлгіде біраз уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Бұл институтты енгізудегі басты мақсат – азаматтарды сөт төрелігін жүзеге асыруға тарту. Себебі, өзге елдердің тәжірибесі алқабилер соты азаматтардың құқықтық санасын көтеріп, қылмыстың алдын алуға оң ықпал ететінін көрсетіп отыр. Бұл институт қазақ халқына жат дүние емес. Алқабилер соты бағзы замандарда қара қылды қақ жарған, әділдігімен даңқы асқан билер сотының заманауи үлгісі. Ол уақытта билер соты дауды шешудің жалғыз мүмкіндігі болса, бүгінде бұл институт сот төрелігін жүзеге асырудың балама тәсілі. Сотталушыға өз ісін алқабилерге қарату құқығының ұсынылуы Ата Заңымыздағы азаматтың өмірі, құқы мен бостандықтары еліміз­дің басты құндылығы екенін білдіреді.
Жиырма жыл ішінде алқабилер белгілі деңгейде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Халықтық сот көптеген қылмыстық істерді қарауда заңның, әділеттің үстемдік құруына белгілі деңгейде атсалысып келді. Әсіресе, бұл институт 2010-2013 жылдары қар­қынды жұмыс істеді. Осы жылдары алқа­билер екі жүз бен төрт жүзге жуық аралықта істер қарап, шешім шығарды. Жалпы, қоғам бұл институттың қажет­тігін түсініп, оң қабылдады.

– Алайда, соңғы жылдары алқабилердің бұл белсенділігі төмендеп кетіпті. Бір кездері жылына 339-ға дейін іс қараса, былтыр мәселен, бар-жоғы 55 іс қараған. Бұған Жоғарғы Сот­та алқабилер мәселесі сөз болған жиында олар қарайтын істер құрамының заңнамалық негізде азайтылуы себеп делінді. Неліктен мұндай шешім қабылданды? Бұл алқабилер инс­титутының тиімді жұмыс іс­тей алмауының салдары емес пе?

– Иә, расында 2013 жылы тиісті заңнама негізінде алқабилер соттылығы өзгеріп, олар қарайтын қылмыстық істер құрамы қысқартылды. Бұл құжат қабылданғанға дейін өте ауыр қылмыс бойынша барлық істерді қарап келген алқабилер, нақтырақ айтатын болсақ, қазіргі таңда сот өлім жазасы немесе өмірлік бас бос­тандығынан айыру жазасы кесілетін қылмыстар бойынша ғана жұмыс істейтін болды. Осыған байланысты олар қарайтын істер саны күрт қысқарды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында бұл олқылық ескеріліп, онда алқабилер соттылығын арттыруға қатысты нақты шаралар айқындалды. Солардың негізінде қабылданған тиісті заң бойынша алқабилер қарайтын қылмыстық істер төрт құраммен толықтырылып, 13-ке жеткізілді. Бұл да аз. Бірақ, осы құрамдар бойынша түсетін істер де толықтай алқабилерде қаралмай отыр. Көптеген қылмыс бойынша істер бұл соттың құзырына берілмейді.

– Бәлкім, бұл сотқа азаматтар сенбейтін шығар? Қалай дегенмен де, оның мүшелері заң саласының мамандары емес қой. Әлде, мұның басқа себебі бар ма?

– Негізі, алқабилер соттылығына қатысты мәселе қайта қаралуы тиіс. Бұл соттың қарауына адамзаттың қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне, мемлекеттің конституциялық құрылысы мен тұрақтылығына қарсы қылмыстан өзге барлық ауыр қылмыс берілуі керек. Бұл біріншіден.
Екіншіден, барлық құқық қорғау органының алқабилер сотына көзқарасы өзгеруі қажет. Өкінішке қарай, біздегі тергеу органдары түгел дерлік өз істерін алқабилер соты қарағанын қаламайды. Өзге емес, өз әріптестеріміз қылмыстық істі қарауға заң саласына қатысы жоқ тұлғалардың білім мен біліктілігі жетпейді деп ойлайды. Олардың көбісі алқабилер тек ақтауды ғана біледі деген пікірде. Шын мәнінде, айыпталушылардың көбі сапасыз жүргізілетін тергеудің құрбаны болып жатады.
Үшіншіден, адвокаттар өз қорғауындағы азаматтарға алқабилер жа­йында толық түсінік бермейді. Істі алқа билер сотына қаратудың тиімділігі жайлы кеңес ұсынылмайды. Негізінде, сотта істің әділ шешілуі айыптаушы тарап пен қорғаушы тараптың өз дәлелдеріне сендіру мүмкіндігіне байланыс­ты. Бұл олардың да кәсіби біліктілігінің жоғары болуын қажет етеді. Әрине, алқабилерге үміткерлер де белгілі бір дайындықтан өтуі тиіс. Олар сотта ұсынылатын айғақтардың, берілетін ақпараттардың ақиқатқа сай екенін айқындап, түсіне алатын машықты, зердені игеруі керек.

– Сөзіңізге қарағанда, алқабилер институтына түбегейлі өзгерістер қажет секілді…

– Иә, бүгінде бұл басы ашық мәселе. Сондықтан, алқабилер сотын реформалауды Мемлекет басшысының өзі міндеттеп отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында Ал­қа­билер сотына қатысты нақты шаралар айқындалды. Олар үш бағытты қамтиды. Біріншісі, алқабилер қатысатын сот саласын кеңейту, екіншісі оның құрамын өзгерту және үшіншісі, бұл сотқа үміткерлер тізімін құру тәртібін жетілдіру.
Бірінші бағыт бойынша алқабилер қатысатын соттар соттылығын кеңейтудің қажеттігіне бірнеше себеп бар. Оның негізгісі жоғарыда айтылғандай, соңғы бес жыл ішінде алқабилер қараған істер қатарының күрт азайып кетуі. Мұндай жағдай биылғы жылдың өткен тоғыз айында да байқалып отыр. Мәселен, өткен жылдың осы мерзімінде 104 адамға қатысты 55 іс қаралса, ағымдағы жылдың бұл кезеңіндегі көрсеткіш 41 тұлғаға қатысты 31 іс қана болып, екі есеге дерлік кеміді.
Қазіргі таңда алқабилер соттылы­ғына қылмыстық құқықбұзушылықтардың 11 құрамы жатқызылған. Олардың ішінде 7 құрам бойынша жазалау шарасы ретінде өмір бойы бас бос­тандығынан айыру немесе өлім жазасы көзделген. Сонымен қатар, 2016 жылы енгізілген он бес жылға дейін бас бос­тандығынан айыруды көздейтін адам ұрлау, адам саудалау, кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту, оларды саудалау сынды төрт қылмыстық құрам бар. Бірақ, алқабилердің қатысуымен, негізінен, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы бойынша қарастырылатын қылмысты ауырлататын жағдайдағы қасақана кісі өлтіру әрекеті қаралады. Сирек жағдайда ғана Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-тармағы бойынша, зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша қозғалған сот өндірістеріне қатысады. Қылмыстық құқықбұзушылықтың қал­ған құрамдары, атап айтқанда, геноцид, агрессивтік соғысты тұтандыру немесе жүргізу, соғыс заңдары мен әдеттерін бұзу сынды әрекеттер алқабилер тарапынан қаралмайды.
2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген қылмыстық құрам бойынша сот өндірісіне түсетін істердің ешқайсысын алқабилер қарамайды. 2016 – 2018 жылдар аралығында олар бойынша бар болғаны 2 іс қаралды. Осылайша, заңнамаға енгізілген алқабилер соттылығын кеңейту мәселесі Елбасы айтқандай сипатқа ие болған жоқ.

– Енді алқабилер сотына қандай істер берілмек?

– Стратегиялық жоспарда алқабилер сотын азаматтардың барынша кең ауқымы үшін қолжетімді ету мақсатында мемлекетті сату, әскери қылмыстар, Бірінші Президенттің өміріне қауіп төндіру, диверсия, лаңкестік актісінен өзге ауыр қылмыстардың барлығын олардың соттылығына жатқызу ұсынылып отыр. Алқабилер соттылығы шамамен 40 қылмыстық құрамнан тұратын болады. Олардың қатарында есірткі заттарын аса үлкен көлемде айналымға түсіру, қылмысты ауырлататын мән-жайдағы контрабанда, ауыр­латпайтын мән-жайдағы қасақана кісі өлімі және тағы басқа қылмыстық әрекеттер бар.
Егер жүктемелерді талдасақ, соттар өндірісінде 2017 жылы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы бойынша алқабилер соттылығына жатпайтын мән-жайды ауырлатпайтын сипаттағы қасақана қылмыс бойынша 540 іс бол­ды. Олардың 479-ы бойынша үкім шықты. Яғни, қылмыстың осы ка­тегориясы бойынша алқабилерге жобамен 500 іс берілуі мүмкін еді. Қылмыстық кодекстегі тағы да алқаби­лер соттылығына жатпайтын есірткі заттарының аса үлкен көлемдегі заңсыз айналымы бойынша өткен жылы 385 адамға қатысты 303 іс негізінде үкім шықты. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 4-тармағы бойынша 49 адам сотталды. Егер алқабилер соттылығын кеңейткен жағдайда Қылмыстық кодекстің тек 99-бабы 1 тармағы мен 297-бабының 3 және 4-тармақтары бо­йынша ғана жылына оларда қаралатын қылмыстық істер қатары 800-дей болар еді.

– Алқабилер қарауына адамды өлімге душар еткен қыл­мыс­тарды беру жайлы ұсыныс ай­тыл­ды. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Иә, алқабилер соттылығына бір­тіндеп адамды өлімге душар еткен қылмысты қосу ұсынылып отыр. Мәселен, Бас прокуратура олардың қарауына адам өліміне қатысты барлық қылмысты беру қажет дейді. Олардың ішінде ашу үстінде адам өлтіру, абайсызда, арты өлімге соқтыратын денсау­лыққа қасақана зиян келтіру, өлімге ұшыратқан жол-көлік оқиғасы және тағы басқа қылмыстық әрекеттер бар. Ағымдағы жылы Ресейде алқабилер соттылығын кеңейтуге бағытталған реформа басталды. Бұл шараның мәні істердің көп бөлігінің аудандық сотқа берілуінде болып отыр. Олар негізінен біліктіліктің болмауынан адамды өлімге ұшырату және абайсызда ажалға соқтыратын дене жарақатына қатысты қозғалатын істер. Ал, АҚШ-та қылмыс­тық істердің дені соттың осы саласында қаралады. АҚШ-тың Жоғарғы соты 1968 жылы шығарған шешімге сәйкес, алты айдан көп мерзімге бас бостандығынан айырылған айыпталушы алқа­билерде іс қаратуға құқылы.

– Ал, екінші бағыт бойынша жүзеге асырылатын алқаби сотына үміткерлер санын азайту тиімді болады деп ойлайсыз ба?

– Жоғарғы Сот бұл институтты үміт­керлер саны мен алқабилер санын қысқарту арқылы реформалау­ды ұсынып отыр. Бүгінгі алқабилер алқасын қалыптастыру жүйесі тиімді емес. Неге алқабилер саны он немесе он екі болу керек? Алқа билер көп болған сайын шешім әділ немесе жүйе тиімді жұмыс істейді деген ешқандай ғылыми негіз жоқ. Сондықтан, алқабилер алқасын алты адамға дейін азайту ұсынылып отыр. Қолданыстағы заң бойынша он алқа мүшесі, жиырма бестен кем емес үміткер болуы керек.
Мұның сыртында 2007 жылы қабылданған заң бойынша мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері алқаби бола алмайды. Сол сияқ­ты соттар тәжірибеде дәрігерлерді, педагогтарды, көлік жұмыскерлерін алқабилер міндетін атқарудан босатады. Өйткені, мамандардың мұндай категориясы алқаби болу үшін ұзақ уақыт тікелей міндеттерінен босай алмайды. Осы аталған сотқа қатыса алмайтын топ біздің қоғамның елеулі бөлігін құрайды. Сондықтан, алқаби үміткерлерінің саны едәуір азаяды. Қазір алқаны он негізгі және қосымша екі мүше арасынан таңдау керек болатындықтан, тәжірибеде алқабилерді таңдау үрдісі ұзақ мерзімге созылады. Ал, бұл сәтте сотталушы қарауылмен сотта отырады. Осы тұрғыда алқабилер санын азайту алқаны тез құруға мүмкіндік беретін жағымды фактор болмақ.
Басқа елдерден мысал келтірсек, АҚШ-та алқабилер он екі адамнан тұруы тарихи себептерге байланысты болған. Бірақ, АҚШ-тың Жоғарғы соты 1970 жылы Уильямс ісі бойынша шешім шығарғанда, федералдық Конституция негізінде штатта қылмыстық іс бойынша алқабилерді алты адамнан толықтай құруға болатыны жөнінде қаулы қабылдады.

– Тек қана алқа мүшелеріне үміткерлерді азайту немесе оның соттылығын арттыру арқылы бұл соттың тиімділігін көтеру мүмкін емес сияқты… Алқабилердің сот үдерісіндегі орнына да, үкімдерінің пәрменділігіне қатысты да сындарлы жаңа көзқарастар қажет секілді…

– Иә, дұрыс айтасыз. Алқабилер сотын сот өндірісін одан әрі жетілдірмей дамыту мүмкін емес. Осы ретте, шынында да, қоғамның белгілі бөлігінде егер алқабилер соттылығын кеңейтсек, онда ақтау үкімдері артып кетеді деген пікір өршіп тұр. Бірақ, алқабилердің қатысуымен шығарылған ақтау үкімдерінің көпшілігінің күші апелляциялық тәртіппен жойылады. Мәселен, 2016 жылы жеті адамға қатысты 6 ақтау үкімінің төртеуі жойылды. Негізінен, бұған үміткерлердің өз туысқандарының соттылығын, яғни, олардың алқа соты міндетін атқаруға кедергі жасайтын ақпаратты жасыруы себеп болуда.
Осыған байланысты ақтау үкімдерінің күшін жоюдың негіздерін азайту ұсынылып отыр. Соған орай, Қылмыс­тық процессуалдық кодекстің 8-бабына «Егер сот үдерісіне қатысушылар басты сот талқылауында алқабилер құрамын жасақтауға, алқабилердің қарауына жататын мәселелерді қалыптастыруға келіссе, сот пікірталастарын өткізуде қылмыстық-процессуалдық заңның бұзылуына жол берілмесе, онда ақтау үкімдері көрсетілген негіздер бойынша бұзылуға жатпайды» деген өзгеріс енгізу керек.
Бұл елеулі түрде ақтау үкімдерінің ойдан шығарылған негіздер бойынша бұзылуын шектер еді. Тоқ етерін айтқанда, алқабилер соты азаматтар құқын Ата Заң талаптарына сай қорғау­дың мүмкіндігі ғана емес, қоғамда әділеттілікті қалыптастырып, азаматтардың мемлекет саясатына деген сенімін қалыптастырудың пәрменді тетігі. Сондықтан, бұл институтты әлемдік талаптарға сай дамыту кезек күттірмес маңызды міндет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айша ТҰРМАҒАНБЕОВА,
«Заң газеті»