Жеңіс ЖАЛҒАСОВ, ардагер мұнайшы: 

Жеңіс Нұрбекұлы, кен орындары сарқыла бастады деген әңгіме соңғы кезде жиі айтылып жүр. Ардагер мұнайшы ретінде бұған не дейсіз? 

– Біз технология дамыды деп саналатын қазіргі уақыттың өзінде мұнай кеніштеріндегі өнімнің тек 30-40 пайызын ғана өндіруге мүмкіндік алып отырмыз. Бұрын оның коэффициенті бұдан да төмен болатын. Сондықтан, бұрынғы жабылған не консервіленген кеніштерді қайта іске қосатын болсақ, олар кемінде тағы 10-15 жыл жұмыс жасауға қабілетті. Соның өзінде мұндағы барланған өнімді толық өндіруге технологиялық қуатымыз жетпейтін болған соң, оларды тағы да уақытша жабуға мәжбүр боламыз. Бұл өзі қызық құбылыс және ол ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Мұнда мен ешқандай да жаңалық ашып тұрған жоқпын.

–Ғылым мен техника қарыштап дамыған ХХІ ғасырдың өзінде ешбір кен орнын 100 пайыз сарқа пайдала- ну мүмкін емес болып отыр ма?

– Иә, дәл солай. Ауру белгісі байқалған науқасты дәрігердің тексеріп, диагнозын қойып, соған сәйкес емдейтіні секілді, табиғаттың да өзін-өзі емдейтін өзіндік құпиялары әлі көп. Қолжетімді қазба байлығы толық игерілді, онда шикізат сарқылды деп саналған кейбір кеніштерде арада біраз уақыт өткеннен кейін мұнай фонтаны атқылап, өндіріс қайта жалғасқан жағдайлар аз емес. Тіпті, беткі қабатындағы жеңіл мұнай өндірілген соң, астыңғы ауыр қабатынан қайтадан жеңіл мұнай пайда болып, кен орнының кейбір жағдайда 80-90 пайызға дейін қайта қалпына келе алатынын ғалымдар да сан мәрте дәлелдеп шықты.

–Алматыда осыдан бірнеше күн бұрын «Өндірістік химикаттарды оқшаулау» деген атпен жеткізушілер форумы өтті. Сол жерде ғылым мен өндірістің арасындағы байланыстың әлсіздігі біраз сөз болды. Бұл туралы ойыңыз қандай?

– Мұнай саласына химияны енгізу және химикаттарды оқшаулаудың үлкен көлемде болсын, кішкене көлемде болсын, ешқандай айырмасы жоқ. Қазір мұнай өндіру және оны өңдеу мекемелеріндегі химия өндірісінің даму барысын үлкен деңгейге қойып, оның пайдасын көрсетіп, түсіндіретін мамандар жоқ. Көпшілігі оны электр энергиясы саласындағы жарықты қосып, сөндіретін өшіргіш секілді мағынада ғана түсінетін сияқты. Химияны бұлар сондай деңгейде ғана көрсетеді. Оның химиялық реакциясының қай көлемде қандай әсері болады, ол қандай жеңілдік әкеледі? Мұндай параметрлерді түсінбейді. Сондықтан, өндіріс мамандары көп жағдай- да ол тақырыптан қашады. Себебі, түсіндіре алмайды. Түсіндірсе, қысымымыз бұрын 50 атмосфера еді, химияны пайдаланғаннан кейін 30-40-қа дейін түсті, иә болмаса температурамыз бұрын 20 °C еді, химияны пайдаланғаннан кейін ана тұнбалар еріді де, температурамыз мынадай болып көтерілді. Солардың әсерінен қысымымыз түсті, температурамыз көтерілді, мұнайдың шығу қабілеті артып, көлемі ұлғайып, сапасы өзгерді деп қана түсіндіреді. Бұл химияға емес, техноло- гияға қатысты нәрсе ғой. Оны химияның әсерінен осындай реакция болды деп түсіндіріп бере алатын маман жоқ. Көбі химиядан қашатыны сондықтан.

– Химияның экологияға әсерін қазір жұртшылық жиі талқылап жүр…

– Әрине. Химияны қазір көпшілігіміз тағамдық қоспа деп қана түсіне бастадық. Оның ішінде қандай бояғыштар, қанша бактерия бар екенінде біздің шаруамыз жоқ. Бізге дәмді болса болды. Соны дәмді тамақ жедік деп айтамыз. Ал, оның қандай әсері бар екенін көбіне-көп адам ауырғанда және өлгенде ғана біліп жатамыз. Бізде мұнай саласындағының бәрін дәл сондай қылып қойған. Сондықтан, бәрі химиядан қашады. Оның пайдасы мен зиянын салыстырып айтып бере алатын мамандар өте аз, тіпті жоқ деуге де болады.

– Өндірістегі химияның рөлін таратып айтып беріңізші.

– Мен жетпіс жастамын. 1973 жылдан бері Қазақстанның мұнай саласындағы бүкіл мекемелерде жұмыс жасап шықтым. Мысал үшін Жетібай-Өзенді алайық. Онда ұңғымадан мұнай шығатын пластың өзінде кемшілік көп. Онда тұнба дейді, тұздың, парафиннің, тағы басқа да химиялық қосымша элементтердің әсерінен мұнайдың шығу қабілеті төмендеп жатыр. Оны біз баяғыдан білеміз, үлгілері де бар. Соған қарап, оларды ерітіп, жұмсарту үшін химияны ұңғыманың өзінен бастап жасауға болады. Құбырдан шығару кезінде қатпайтындай қылу керек. Ал, бізде бәрі керісінше жүргізіліп жатыр. Барлық құбырды жердің бетіне шығарып, тазалайды. Ол үшін арнайы қондырғы да ойлап шығарған және арнайы химикаттарын да пайдаланады. Ұңғыма дегеннің өзі адамның организмімен бірдей десем өтірік болмайды. Ауруы асқынып, әбден діңкесі құрып өлуге жақындағанда дәрігерге келіп «маған дәрі-дәрмек керек, мені емде» демей, оның алдын алу керек қой. Оны болдырмас үшін мұнай құбырына химияны пайдаланып, қауіпті жағдайлардан қорғап, неге оның өмірін ұзартпасқа?! Қазір кейбір мұнайшылар кеніштен қолынан келгенше мұнай алып, одан кейін бітті деп жаба салады. Ал, өндірістің ғұмырын ұзартайық десек, химияны пайдалану үшін сынақ керек дейді. Ақша шығарып барлығын жасап, көрсеткіштерін көрсетіп, енді өндіріске енгізейік десек, өндіріс мамандары оны да қабылдамайды. Себебін де түсіндіре алмайды. Химиядан болған пайданы көрсете алмай, бәрін технологияға аудара салады. Мысалы, мұнайдың тұнбасы тұрған трубаны жерасты және күрделі жөндеу деген сияқты бәлелерді әкелмей-ақ, химиямен өзінде ерітуге болады. Труба ашылса кеңірдегің ашылғандай болады емес пе?

– Жасыратыны жоқ, қазір бізде жыл сайын жиын-терім науқаны қыз ған кезде мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге қойылады. Жанар-жағар май тапшылығы кейде осылай қол- дан жасалатындай көрінеді.

– Онда химиялық процестерді түсіндіре алатын мамандар жоқ, шынын айтқанда. Олар химияны қолданғанша, құбырды алып, тазалағанды жөн санайды. Өйткені, біріншіден көзге көрініп тұр, екінші жағынан қандай қымбат болса да ауыстырған соң – жаңа. Сондықтан, оның шығыны көбірек болса да, бұдан ешқандай қате жібермейміз деген қағиданы ұстайды да, барлығын жаңалатуға тырысады.

– Химияның экологияға әсерін қалай азайтуға болады?

– Химияның экологияға әсері деген кезде ең алдымен біздің ұсынатынымыз – залалсызы ғой. Бұл үшін оны алдымен зерттеу керек. Осы арада сізге бір қызық нәрсені айтып берейін. Бізде әлі күнге өндірісшілерге мұнайды төккені үшін айыпп ұл салады. Біз мұнай органикасы баяғыда балдыр, шөп болған, қазір мұнай болып шығып жатыр дейміз. Сонда ол қандай зиянды зат болуы мүмкін. 1973-74 жылдары Жетібайдағы амбардың бірінің төңірегіне біраз мұнай төгілді. Көктемде бір күні қарасам, қап-қара болып қабыршықтанып қатқан мұнай төгілген жерде бәйшешектер мен қызғалдақтар шығып тұр. Мұнайдың бәрі химия демейміз. Әрине, мұнай төгілген суды адам мен малдың ішуіне болмайды. Қазіргі мұнай органика емес дейтін адамдардың теориясы бойынша мұнайдың құрамында бағалы металдар көп. Сондықтан, бұл органика емес, химия. Мысалы, қазір адам организмінде көп жағдайда темір жетіспейді деп жатады. Бірақ, бұл темір же деген сөз емес қой. Ол адамның күнделікті тұтынатын азық-түліктерінің құрамында болуы керек емес пе?!

– Жабылған не консервіленген мұнай кеніштерін толтыру керек пе?

– Кеніштерді толтыру қиын. Оның қажеті де жоқ. Адам жұмыс жасағанда терлейді ғой. Сол сияқты, мұнайдың кеңістігі, көлемі өзгерісте болады. Беткі қабатын шығарғаннан кейін мұнай да адамның терлегені сияқты жеңіл құрамын бөліп шығарады. Кен орындарының өзін-өзі емдейтіні ғылыммен 25 пайыз дәлелденді. Егер бұрын 75 пайыз қалса, біраз уақыттан кейін жеңіл мұнаймен 95 пайыз болады. Мұның бәрі жаңалық емес. Алайда, оны пайдаланатын заңның жоқтығынан бәрі қаңтарылып тұр. Жаңа кен орнын іздеп табу оңай шаруа емес. Ол қаржыны ғана емес, уақытты да талап етеді. Ендеше, жоқты іздегенше, барды ұқсата білсек, еңбек өнімділігі артып қана қоймай, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға көбірек мүмкіндік туары күмәнсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

«Заң газеті»