Қызылорда облысының Қармақшы ауданында екі автобус соқтығысқан жол апатында құрбан болғандар саны үшеуге жетті. Зардап шеккен бір бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, соқтығысқан «Қазалы-Қызылорда» мен «Қызылорда-Қармақшы» бағытындағы 2 автобуста барлығы 86 адам болған. Әртүрлі дәрежедегі жарақат алған 43 жолаушы Қармақшы аудандық ауруханасына, 6 адам Жалағаш ауданының орталық ауруханасына, 5 адам облыстық медицина орталыққа жеткізілген.

«Қалған 30 жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық емдеу тағайындалды. Апат орнында 2 адам қайтыс болды және ауыр жарақат салдарынан ауруханада бір бала көз жұмды», — деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.

Қайтыс болған жандардың отбасыларына жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Жол апаты болған жерге Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов пен аудан әкімдігінің қызметкерлері, облыстық денсаулық сақтау, жұмылдыру дайындығы басқармалары мен жергілікті полиция қызметінің, сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменті және полиция департаментінің басшылары барды.

Оқиға орнында жергілікті полиция қызметінің 34 қызметкері, 13 арнайы техника мен 34 төтенше жағдайлар департаментінің маманы, 130 медицина саласының қызметкері, оның ішінде 16 дәрігер жұмылдырылды.

Сондай-ақ, 12 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. 84 жолаушыға көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, Жалағаш және Қармақшы аудандарында екі аурухана және облыстық медициналық орталық зардап шеккендерге көмек көрсеткен.

Еске сала кетсек, 16 қарашада Қызылорда облысының Қармақшы ауданында екі автобус соқтығысып, 14 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз. Екі адам қаза тапты.