Кенжеәлі МЫРЗАБАЕВ, ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры, «Қалқаман-2» мешітінің бас имамы:

Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, теріс діни ағымдардың тудырар қаупі көп бүгінгі заманда дәстүрлі ислам құндылықтарының насихатын күшейту қажеттілігі артып отыр. Бұл тұста имамдардың көтерер жүгі ауыр. Осы ретте, қазіргі таңда имамдарымыздың қоғам алдындағы моральдық бет-бейнесі қандай болуы керек?

– Сауалыңыз өте орынды. Бұл мәселеде алдымен имамдардың біліміне мән беру керек. Сонымен қатар, имамдардың көркем мінез, адамгершілік қасиеттері де ерекше назар аударатын мәселе. Өйткені, имам жүріс-тұрысы, сөйлеуі, сабырлылығы басқадан ерекшеленіп тұратын тұлға болуы тиіс. Халыққа үлгі болатындай жақсы қасиеттері, көп алдында беделі, сый-құрметі болғаны абзал. Намаз оқуы, құран оқуы, адамдарды дінге шақыруы, уағызы оның көркем мінезімен ұштасып жатуы қажет. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты да имамдардың бойында көркем мінез қалыптастыруды мақсат етеді. Діни басқарма жанынан құрылған институт болғандықтан, ол басқарманың, оның ар жағында мемлекеттің дін саласындағы саясатымен қабыса жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Білімді болу – имамдарға қойылатын басты шарттардың бірі. Имамдардың білім деңгейін үнемі арттырып отыру маңызды. Оның бәрі имамның ел алдындағы бет-бейнесі, беделі үшін керек. Өйткені, ол білім жағынан да, тәрбие жағынан да жоғары тұруы тиіс. Ел алдына жиі шығатын тұлға болғандықтан, имамның қандай екені, көркем мінезі оның сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан байқалады. Имамның білімі мен аһлағы, яғни, көркем мінезі бір-бірімен үйлесіп, бірін бірі толықтырып тұруы тиіс.

Имам мен молда бір ме, әлде аражігі бар ма?

– Бұл екі түсінік бір бірінен алыс емес. Имам араб тілінен шыққан сөз. Мағынасы «басшы» дегенді білдіреді. Түркістан қаласында үш жыл бас имам болдым. Мұндағы айтпағым, ол жақта имамды дамыла немесе молдеке деп атайды. «Дамыла» сөзіне келсек, ол түрік тілінен енген. Ал, молда қазақтың ертеден келе жатқан сөзі. Иә, кей ғұламалар, ғалымдар молда сөзін парсы тілінен шыққан деседі. Алайда, бір анығы, ол қазақтың тіліне сіңісті болып жеткен сөз. Сондықтан, имам мен молданың мағынасы, мәні бір.

Сұрамағым, қазақта «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөз бар. Осы түсінік, имамға, молдаға деген осы көзқарас қазір қаншалықты өзгерді?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, оның қарамағындағы республика бойынша мешіттердегі имамдардың елге жасап отырған діни қызметі зор. Әрине, пенде болған соң кемшілік те кетеді. Білім жағынан, көркемдік мінез жағынан бәзбіреулері ақсаңқырап жатады. Адамға білім, оған қоса адамгершілік, бәрінен бұрын тәжірибе керек. Қай салада болмасын. Тәжірибе жылдар бойы қалыптасады, оны сатып ала алмайсың.

Ел азаматтарының, әсіресе, жастардың теріс діни ағымдарға еріп кетуін біреу діни сауатсыздықтан, бірі сыртқы күштердің ықпалынан, енді бірі әлеуметтік жағдайдан деп жатады. Сіздіңше, түпкі себеп неде?

– Бұл мәселеде біржақты айтуға да, бұған тікелей біреуді кінәлауға да болмайды. Жақсылық та, жамандық та бір Алладан. Тағдырға сенетін елміз. Дегенмен, иә, себептер барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, мұны үкіметтен де, дінбасынан да көрмеуіміз керек. Әркім кемшілікті әуелі өзінен іздегені абзал. Қаншама ғасырлар бойы еліміз, жеріміз, халқымыз қасиетті ислам дінінде келе жатыр. «Кімсің?» десе, «әлхамдулила, мұсылманбыз» дейміз, «қашаннан бері мұсылмансың?» десе, «әлімсақтан бері мұсылманбыз» деп жауап қататын елміз. Әлімсақтан дегеніміз, ол қай заман?! Ол әлі адам да жаратылмаған, адамның рухы жаратылған уақыт.

Қазақстан Үкіметі, қателеспесем, 1992 жылы қаңтар айында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңын қабылдады. Ол бойынша 18 жасқа толған Қазақстанның кез-келген азаматы қай дінді қабылдаймын десе, өз еркі. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Әрине, қалай болғанда да біз мұсылман мемлекетпіз. Оны Еуропа да, басқасы да, бәрі мойындайды, біледі. Сондықтан, бұл арада қорқатын, жалтақтайтын ештеңе жоқ.

Қазір қауіпке айнала бастаған түрлі діни ағымның көбеюін сол діни наным-сенімге бостандық берген заңмен байланыстыратындар да бар. Бұған не дейсіз?

– Оны теріске шығаруға болмайды. Бұл бүгінгі күні өте өзекті мәселеге айналып отыр. Жалпы, аталмыш мәселеде көршілерге, өзге алпауыт мемлекеттерге қарайлайтынымыз да бар. Бірақ, меніңше, елімізде мұсылман діні бірінші орында тұруы керек. Басқа діндер одан кейінгі орында болғанынан зиян шекпейміз.

Деректерге сүйенсек, бізде 4 мыңнан астам діни ағым бар еді, қазір соның 3 мыңдайы қалған. Қазақстанда тарихы, шығу төркіні белгісіз, беймәлім діни ағымдар, секталар әлі де көп. Соның ішінде ислам дінін жамылған жат ағымдар мемлекетіміздің бірлігіне нұқсан келтіріп, ары қарай дамуымызға айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Соңғы 10-15 жылда олар өздерінің теріс ағымдар екенін, Ислам дініне, оның ішінде қазақтың дәстүрлі исламына қайшы екендіктерін көрсетіп келеді. Әрине, бірінші кезекте Алланың хақ діні, одан кейін барып халықтың салт-дәстүрі тұрады. Ал, неліктен қазақтың ғұрпы, салты жойылып кетуі керек?! Сырттан келген жат діни ағымдардың ең басты мақсаты қазақ ұлтының салт-дәстүрін жоққа шығару. Оны бидғат деп сөгеді, «ол дінде жоқ, пайғамбарымыз оны істеген жоқ» деген сияқты әртүрлі сылтауларды, өздерінің дерек-дәйектерін алға тартқандай болады. Олар теріс пиғылдарымен қазаққа, адамға, жалпы адамзатқа зұлымдық, жамандықтан басқа ешнәрсе алып келмейді.

Бұл, әсіресе, соңғы 10 жылдықтың көлемінде анық байқала бастағандай…

– Дұрыс айтасыз. Басқаны айтпағанда, тарихтан Мәуереннаһр деп аталып келе жатқан Орта Азияда, оның ішінде қазақтың жерінде сонау 9 ғасырдан бастап Жамбыл төңірегіндегі Қараханид мемлекетінің тұсында ислам мемлекеті болып саналдық. Содан бері 11 ғасыр, яғни мың жылдан астам уақыт бойы сүннит бағытымен, Ханафи мәсхабымен біз асыл дініміз – Ислам дінін ұстанып келеміз. Одан ешқашан ешқандай зиян шеккен жоқпыз. Салтымыз бен дәстүрлерімізді исламнан алыстатпай, сонымен қабыстырып, астастырып бізге, ұрпаққа қалдырған ата-бабаларымызға алғыс айтуымыз керек, тіпті. Исламға қайшы дәстүрлер болғанда, баяғыда қалып кетер еді. Асыл дінімізге қарама-қайшы келмегендігінен, қазақтың үлкенді сыйлау, бата алу, қолға су құя, әйелдердің ер адамның алдын кесіп өтпеуі сынды салт-дәстүрлері өміршең болып бүгінге жетті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының болмысы Ислам дінімен біте қайнасқан. Оған еш шүбә келтіруге болмайды. Ұлтымыз ас бергеннен, қол жайып Алладан тілеп, үлкендерден бата алғаннан жаман болып, адасып кеткен жоқпыз. Үйге келін түсіп, ол келін ата-енесіне, әулеттің үлкендеріне иіліп сәлем салғаннан дінімізді өзгертіп жіберген жоқпыз. Одан не буддашы, не католик болып кеткеніміз жоқ. Әлі күнге әлхамдулила мұсылман болып келе жатырмыз. Сондықтан, мыңдаған жылдар бойы ұстанып келе жатқан діни бағытымызды ары қарай жалғастыра берсек, одан адаспаймыз.

Елдің әлі есінен кете қоймаған, діни сипат берілген лаңкестік актілерден кейін тиісті заң қатайтылды. Жазаны күшейту қаншалықты нәтиже береді?

– Дұрыс заңның болғаны дұрыс. Оның қатайтатын тұсын қатайту қажет. Сонымен қатар, кінәсіз адамдар қосақ арасында кетіп, жаза арқаламауы тиіс. Біздер, яғни, діндарлар осыған қатты алаңдаймыз. Үкімет мұның бәрін ескеріп жатыр деп ойлаймыз. Оған күмәніміз жоқ. Бұл бірігіп атқаратын шаруа, негізі. Себебі, болашақ бәрімізге керек.

Заңды қатайтып қана қоймай, діни мәселені тек діндарларға ысырмай, бұл баршаға ортақ дүние екенін ескергеніміз жөн. Бала ата-ананың да, мұғалімнің де бақылауында болуы қажет. Ата-аналар жұмыс істеуі тиіс. Баласының намаз оқығанына мәз болып, кейбірі оның не оқып, не қойып жүргеніне мән бермейді. Ұлының немесе қызының намаз оқығалы бері тіл алғанды қойғанын, тіпті, қарсы шығатынын айтып шағымданатын ата-аналар да бар. Дін ұстану намаз оқумен, оранып киінумен, қажылыққа барып немесе ораза ұстаумен бітпейді. Алла тағала Құранда «Жаратушыларыңа мойынсұныңдар және ата-аналарыңа жақсылық істеңдер» деген. Намазға жығылғанның көбі осыны ескере бермейді.

Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларының хиджаппен сабаққа келуі мектеп жарғысына қайшы екенін айтқанымен, мұндай оқиғалар көрініс беріп жатады. Биылғы оқу жылының басында Түркістан облысына қарасты Фирдоуси мектебінде болған жағдай соның бір дәлелі. Бұл арада министрліктің ұстанымын сөгетіндер аз емес. Алып-қосарыңыз бар ма?

– Бұл дұрыс та шығар. Бала он бір жылын мектепте өткізеді. Соған байланысты тәртіп болуы керектігіне дауымыз жоқ. Бірақ, жоғары сыныптарда оқитын, бойжете бастаған қыздардың мектеп формасының етегі қысқа келсе, ол соған үйреніп, қалыптасып қалса ше?! Мұндай жағдай оны көргендердің нәпсісіне қозғау салмай тұрмайды. Сондықтан, мұны бірден өзгерту қиын шығар, дегенмен, уақыт керек. Бұл жағынан Үкіметке түсіністікпен қараймыз. Өйткені, бірден қатаң талапқа көшсе, әлемдік саясаттан «Қазақстан ислам мемлекеті болмақшы» деп бүйректен сирақ шығаратын жау тауып алуы да ғажап емес. Сонда да, бір жолын табуға тиістіміз. Мысалы, түркімендердің қыздары тақиясын тастамайды, шалбарын, оның сыртынан ұлттық көйлегін киіп жүреді. Одан оларға ешнәрсе болып жатқан жоқ қой.

Хиджапқа келсек, ол арабтың киім үлгісі емес. Ол «жабық киіну, ұятты жерлерді жабу» дегенді білдіретін сөз. Ал, шариғат ешқашан да арабтың, болмаса иранның, тағы басқаның киімін киюге мәжбүрлемейді. Жабық киінуді әр ел өзінің ұлттық киімдері арқылы да жүзеге асыруына болады. Сондықтан, оны «хиджап» демей, «әдепті киіну» немесе «қазақы киіну» деген секілді бір жолын, атауын табуымыз керек. Және Үкімет ұлттық киім өнеркәсібіне қаражат бөліп, қамқорлық танытуы тиіс.

Биыл Қоғамдық даму министрі болып атауын өзгерткен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне Н.Ермекбаев басшылық етіп тұрғанда дінге ден қойғандардың арасында кең тараған «иншаллаһ», «машаллаһ», «ифтар» деген секілді арабтың кірме сөздерін қолданбауға шақырғаны бар еді. Қолдарлық ұсыныс па?

– Өте дұрыс. Айтып отырғанымыздай, неге қазақ халқына ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүрін өзге ұлттар секілді жалғастырмасқа?! Діни басқарма алғаш құрылған жылдары бізде министрдің мәлімдемесіне түрткі болып отырған жағдай байқалмаған еді. Шыны керек, кейінгі кезде жастардың арасында осындай діни терминдер кең таралып кетті. Әрине, тіл білсін, араб тілін білсін. Бірақ, сонымен шектеліп, сондай фразаларды айтқандар өзін үлкен діндар етіп көрсететін, нағыз мұсылман санайтын, қалғандарын шатасып жүрген адамдар сияқты көретін ахуал қалыптасты қазір. Көбі шариғи тұрғыдан, шын жүректен айтпайды.

Сондықтан, Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына төрағалық етіп тұрған тұста бас мүфти ретінде ғұламалардың кеңесімен «Алла тағала» деп айтуға пәтуа қабылдаған болатын. Қазақ бағзыдан солай айтып келе жатқан халық қой. Тіпті, арабтардың өзінде «Аллаһ» деп айтпайды, тек жазылуында солай көрсетіледі. Абай атамыз да «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп кеткен жоқ па. Өзіміз де бала кезімізден «Алла тағала», «Алла жарылқасын, қолдасын», «Құдай қаласа» дегенді естіп өстік. «Құдай қаласа» дегенді қазір «иншаллаһ» деп айтып жатады. Былай қарағанда, екеуінің мағынасы бір. Құдай түркі халқының сөзі. Бәрінің түбі – бір Алла. Яғни, Құдай қаласа – ол Алла қаласа. Иншалламыз да осы.

Балағын қырқып, намаз оқып, сақалды қалай болсын солай қойып, шетелде өздерінің шейхтары бар екенін айтып шатасып жүретін кей жастарымыз «иншаллаһ», «машаллаһ» немесе «субханалла» деп жатады. Мен имам ретінде бұл сөздерге қарсы емеспін. Олар өте қасиетті сөздер. Сол теріс ағымдағылар бір бірін «аһи», қыздарды «уһти» деп айтатыны тағы бар. Қазақта көзінің кемістігі бар адамды «ақи» дейтіні белгілі. Қазақстандағы жалпы мұсылман қауым үшін бұл ерсі естілетін сөз. «Аһи деген бауырым деген сөз» деп қайсы бірін үйретесіз?! Алматыдағы «Төле би» мешітінің бас имамы болып тұрғанымда, тілден адасып жүрген көптеген жастарымызға «аһи» емес, «бауырым» деп айтуға кеңес беруге тура келген кездеріміз болды. Бұл ол сөздерге тікелей қарсылығымыз емес. Бірақ, біз қазақ деген халықпыз. Өзіміздің салт-дәстүріміз бар және соны темірқазық етіп жүруіміз керек. Кез келген ел белгілі бір дінді ұстанады, алайда салт-дәстүрін де тәрк етпейді. Сондықтан, жағдай сұрағанға «Құдайға шүкірімізді» айтып, ауызашарымызға шақырып, өз тілімізде қалғанымыз абзал. Себебі, «ифтар» дегенді екінің бірі түсінбей қалуы мүмкін, ал «ауызашар» бәріне де түсінікті. Діннің қадір-қасиетін арттыруға, амалдарын атауға өзіміздің бай тіліміздің, сөздік қорымыздың мүмкіндігі жетеді.

Мешіттерде уағызды орысша да жүргізу де аталмыш министрлік тарапынан ұсыныс ретінде айтылғаны есте. Оған қоғамда қарсы пікір қарша борады. Сіз бұл мәселеде қай жағындасыз?

– Қазір «Төле би» аталып жүрген Тастақ мешітіне бас имам болып келгенімде өз араларында көбіне орысша сөйлесетін солтүстік пен батыс өңірдің жігіттерінің қатты өтінішінен соң аптасына бір-екі рет уағызды орыс тілінде жүргізгеніміз бар. Бірақ, әрине, олардың «қазақша уағызды түсінбейміз» дегені қатты арқамызға батты.

Тәуелсіздік алған елімізде имамдар қазақ тілінде сөйлегені дұрыс. Иә, қазақ ұстамды, шыдамды, сабырлы халық. Дегенмен, меніңше аталмыш мәселе ұлтымыздың ұстанымына қайшы, намысына қатты тиеді. Қазақша түсінбейтін белгілі бір аудиторияларда өз шақыртуларымен діни тақырыпта сұрақ-жауап ретінде әңгіме, уағыз жүргізуге имам ретінде қарсы емеспіз. Ондай кездесулер өтіп те жүр.

Солтүстік пен шығыс өңірлерден келген имамдардың арасында орыс тілінде еркін, әдемі, діни терминдермен сөйлейтіндері сирек. Ондай имамдар да бізге керек. Себебі, сыртқы орталарда, жиындар мен конференцияларда Қазақстанның, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атын әлемдік деңгейде насихаттайтын, айта алатын дін өкілдері қажет екенін жоққа шығармаймыз. Ал, мұның бір амалы орыс тілінде жатыр. Сондықтан, имамдар орыс тілін білмесін, сөйлемесін деген шектеу жоқ.

Алайда, мешітте қазақша сөйлеуіміз керек. Менің жеке пікірім. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді Елбасының өзі де тапсырып отыр емес пе. Мәселен, институтымызға білімін жетілдіруге келетін имамдардың арасында дүнген, ұйғыр, өзбек немесе түрік секілді өзге ұлттың өкілдері де бар. Мұнда діни сабақтар қазақ және араб тілінде жүреді. Тек түсінбеген тұстарына байланысты жекелеген сұраулары бойынша ғана орысша айтып береміз. Екі айлық оқу кезінде сөйтіп аздап болсын оларға қазақша үйретіп жібереміз. Оқу мерзімі біткенде олар рахметін айтып кетіп жатады. Өйткені, тіл білгеннің зияны жоқ екенін өзге ұлт өкілдері де жақсы біледі.

Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ