Күннің күрт суытуы сол екен, ондаған қоғамдық көлік істен шығып қалды. Салдарынан, аялдамаларда сағаттап тосқан жұрт дірдектеп, діттеген жерлеріне жете алмауда. Ал қыс басталмай жатып, ақау шығып жатқан — Қытайдың автобустары. Белгілі болғандай, о баста «экологиялық таза» деп қыруар қаржыға сатып алынған көліктер біздің елдің емес, Еуропаның жұмсақ ауа-райына арналған боп шықты.

Вячеслав Павленко таңертеңгісін автобусты бір сағаттан артық тосқанын айтады. Бірақ, 37-ші бағыттағы қоғамдық көлік сол күйі төбе көрсетпепті. Салдарынан жұмысқа кешікен жігіт бастығынан сөз естіп тынған.

Вячеслав Павленко:

-Олқылық жібергендерді жақсылап жазалау керек. Автобустардың қыс түскенде бұзылып қалып жатқан бұл бірінші рет емес. Былтыр да далада қалып, жаурадық талай. Қашанғы кешіре береміз?Әкімдік оның үстіне қоғамдық көлікке отырыңдар деп халықты үгіттеп жатыр. Мұндай бұзылып қала беретін автобустарға қалай отырамыз? Далада жаурап, қатып қалсын дей ме?

Вячеславтан басқа тағы мыңдаған алматылық күн суытқалы автобустарын әдеттегіден ұзақ күтуде. Ақыр соңында дірдектеп, діттеген жерлеріне кешігіп қап жатыр. Сөйтсе, бір емес, бірден елу қоғамдық көлік істен шығып қалған. Бәрі де кезінде Қытайдан аттай қалап алдырылған. Автопарктегілер олар бүгін де, ертең де жолға шықпайды деп отыр.

Бауыржан Құлышев, «Green Bus Company» ЖШС директоры:

-Ең бірінші Алматы көп 600 автобус алып алған. Қытай ол автобустарды Еуропа мен Америкаға арнап шығарады. Оларда климат басқа. Біздерде күрт континенталды. Оларда температура ақырын түседі. Ал бізде күрт екі аптаның ішінде, тіпті бір күнде «+» боп, түнде минус болады. Сөйтіп, конденсат қатып қалады. Система үлгермейді шығаруға.

Біздің қысқа жарамсыз боп шыққан қоғамдық көліктердің алғашқы легі осыдан сегіз жыл бұрын сатып алынған. «Ченжоу Ютонг Бас » деген қытайлық компания тендерді ұтып алған болатын. Сонда осы бұзылып тұрған елу автобусты сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімовтің өзі ресми түрде тапсырған.

Ахметжан Есімов:

-Алматы сияқты қала үшін бізге өте қажет осы автобустарды дамыту. Газбен істейтін автобустар өте қажет.

Ал тест-драйв жазда жасалған. Қыс түссе болғаны, қоғамдық көліктердің тоқтап қалатыны сондықтан екен. Автопарктегілер енді жұрттан аяз басылғанша, басқа автобустармен немесе таксимен қатынай тұруын сұрап отыр.

ktk.kz