Ақпарат  құралдары – қоғамның тынысы, жаңалықтың, жақсылықтың жаршысы. Ал осы ақпарат алаңында «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының алшаң басып, адуынды мінез танытып келе жатқанына келер жылы 25 жыл толады.

Ширек ғасырлық тарихын қалыптастырған қос басылым несімен құнды, қандай қасиетімен ерекше? Ең алдымен, бұл басылымдар мықты реформатор, заңғар заңгер Нағашыбай Шәйкеновтің көзі. Екі газет қазақтың маңдайалды азаматының қанатқақты жобасы. Құқықтық мемлекетте құқықтық насихатсыз озық нәтижеге қол жеткізу мүмкін еместігін түсінген заңгердің газет шығару ісіне саналы түрде барғаны белгілі. Содан болар, қос басылымды шығарушыларға да қатаң талап қойды. Газеттер халыққа құқықтық кеңес беретін, жол көрсететін, сауатын көтеретін ықпалға ие болуы керектігін қадап айтты. Осы үдеден шығу үшін журналистер жаңа салаға жылдам бейімделіп, құқықтық басылымның іргетасын берік қалауға күш салды. Неше жылдан бері нарықтың қатал заңына төтеп беріп, «қағаз газеттер жоғалады» деген түсініктің түбегейлі қате екенін дәлелдеп берген басылымдар бүгінде оқырман көңілінен ойып тұрып орын алды. Содан болар, құзырлы орындардан қағажу көрсе, шағымдануға сауаты жетпесе, ең аяғы, құжат дайындауда қиналып жатса, қарапайым халықтың бәрі «Заң газетінің» есігін қағады, «Юридическая газетаның» іске араласуын өтінеді, құқықтық мәселедегі ғылыми мән-жайларды «Заң» мен «Фемида» журналдарынан іздейді. Басылым журналистерінің оқырмандар көңілін қалдырған, қиналған жанға көмектеспеген кезі жоқ. Оның бәрін газеттегі «Оқырман хаты» деп аталатын тұрақты айдарымызды оқып жүргендер жақсы білсе керек. Бұл қызмет, мұндай жанашырлық біздің тарапымыздан 25 жыл бойы жалғасып келеді. Осы жылдар ішінде бізбен бірге болғандарыңыз үшін, газеттің жоғалып кетпеуіне, сұйылып, мазмұнының төмендемеуіне ықпал еткендеріңіз үшін мың алғыс сізге, мәртебелі оқырман! Біз сіздермен биікпіз, сіздермен өміршеңбіз!

Мерейімізді тасытқан, беделімізді нығайтқан оқырмандарымыз қандай құрметке де лайық. Сондықтан, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС мұрындық болғалы отырған «Жиырма бес жылдыққа – 25 сыйлық» шарасы  оқырманға деген ризашылықтың белгісі деп түсінгендеріңіз жөн

Газетке жазылып, бағалы сыйлық алудың шарты төмендегідей:

Кез келген оқырман корпорация меншігіндегі «Заң газеті», «Юридическая газета» басылымдарына жазылып, түбіртектің көшірмесін редакцияға жолдауы тиіс. Сыйлыққа тек бір жылға жазылған оқырмандар ие бола алады. Түбіртектің түпнұсқасы өзіңізде қалып, көшірмесін «Қазпошта» арқылы Алматы қаласы, Досмұхамедов көшесі, 68 «б» мекен-жайына жолдаңыз. Немесе түбіртекті сканерден өткізіп, …. электрондық поштасына жіберуге болады. Сонымен қатар, 87024680208 ұялы телефонына WhatsApp желісі арқылы жолдауға мүмкіндігіңіз бар.

Түбіртектің барлығы бір қауашаққа жинастырылып, соның ішінен 25 ұтыс иесі 2019 жылдың 11-қаңтарында анықталады. Сыйлық иегерін анықтау шарасын корпорацияның Youtube каналынан тікелей көрсетілімде тамашалауға болады.

Ендеше, жазылу – сізден, жүлде беру – бізден болсын, мәртебелі оқырман!

Айнұр Сембаева,

«Заң газетінің» бас редакторы