Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 78% электронды форматта көрсетіледі және алдағы екі жылда бұл көрсеткіш 90%-ке жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Астанада Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамасының отырысында айтты. Өз сөзінде Агенттік басшысы кәсіби және сыбайлас жемқорлықтан азат мемлекет қалыптастыруда Қазақстанның бірнеше маңызды кезеңнен өткенін атап өтті.

«1995 жылдың өзінде біз ТМД елдері үшін үлгі болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды және «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» бағдарламасын қабылдадық. Сол кездері мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданып, агенттік мәртебесіндегі уәкілетті орган құрылды. 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Еліміздегі мемлекеттік басқарудың терең институтционалдық реформаларының жол картасына айналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын» іске асыру да мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға елеулі үлес қосты», — деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда кәсіби және қаржылай ынталандырылған ашық және есеп беруші мемлекеттік аппарат қалыптасты және заңның үстемдігі мен қатаң жазалау принциптерінің сақталуы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша да нақты жұмыс жүргізіліп келеді. «Қазіргі уақытта көсетілетін қызметтің 78% электронды форматта. Жақын екі жылдың ішінде оны 90%-ке жеткізу жоспарлануда.

Бүгінгі күннің өзінде Қазақстан БҰҰ тиісті рейтингінде электронды үкіметті дамытудың жоғары деңгейі бар елдердің қатарына кіріп тұр», — дейді Агенттік төрағасы. Қазақстан БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ыстанбұл іс-қимыл жоспарына қосылған. 2025 жылы Қылмыстың алдын алу мен қылмыстық сот төрелігі жөнінде БҰҰ Конгресін өткізуге дайындық жүріп жатыр. «Мұның бәрі бізге ең үздік халықаралық тәжірибелер мен қоғамдық құрылымдардың ерекшеліктерін ұтымды үлестіріп сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өз үлгімізді құруға мүмкіндік береді», — деді Алик Шпекбаев.