ҚазАқпарат — Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Әйелдердің ауылдық аймақтарды орнықты дамытуға қосқан үлесі» атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің І форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиынға Парламент депутаттары, Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Э.Нэльсон, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Д.Дигол, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл — алтын бесік, ауылдың амандығы — елдің амандығы» деген сөзіне тоқталды. «Ауыл — халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі.

Яғни, ауылды өркендету мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі болып саналады», — деді Мемлекеттік хатшы. Г.Әбдіқалықова Қазақстанда 4 миллионға жуық әйелдің ауылда тұратынын атап өтті. Олар бүгінде мемлекеттік басқару органдарында кеңінен өкілеттік етуде. Аудандық мәслихат депутаттарының 512-сі әйел, 5-еуі — аудан әкімі, 348-і — ауылдық округтер мен кент әкімдері. Олар 60 мыңдай ауыл тұрғынын жұмыспен қамтитын 40 мыңнан астам шаруа қожалықтарын және фермаларды басқарады. Өткен жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 1,2 триллион теңгенің азық-түлігі өндірілді. Бүгінде 1,5 мың әйел Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша өз бизнесін табысты дамытуда.

Бағдарлама аясында 6 210 әйел бизнесті бастаудың қыр-сырын оқып-үйренді, жалпы құны 735 миллион теңге болатын 174 несие берілді. Сондай-ақ, форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нэльсонмен кездесті. Қазақстан Республикасы мен Еуропа қайта құру және даму банкінің арасында ынтымақтастықтың орнағанына 25 жылдан асты.

Осы уақыт аралығында жалпы құны 7,5 миллиард еуро болатын 246 жоба қаржыландырылды. 2017 жылы Кеңейтілген серіктестік туралы негіздемелік келісімнің мерзімі ұзартылды. Кездесуде сындарлы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды. Осыған оарй Үшінші жаңғыруды, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ «Астана Хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін дамыту аясындағы өзара іс-әрекет мәселелеріне баса мән берілді.