ДАРЫНДАР, ДАРА ТАЛАНТТАР – ҚОҒАМДЫ АЛҒА СҮЙРЕЙТІН АЛЫП ЛОКОМОТИВТЕР! ОЛАР ӨЗІНЕН БҰРЫН ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН КӨБІРЕК ОЙЛАЙДЫ, ЕЛІНІҢ ӨСІП-ӨРКЕНДЕГЕНІН ҚАЛАЙДЫ! СОЛАРДЫҢ ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ, СОЛАРДЫҢ ҚАБІЛЕТ-ДАРЫНДАРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚОҒАМ КӨШІ БИІК-БИІК БЕЛЕСТЕРДІ ЕҢСЕРІП, ӨЗГЕ ЖҰРТ ҚЫЗЫҒА ТАМСАНАТЫНДАЙ ДӘРЕЖЕГЕ ЖЕТЕДІ!

МІНЕ, ТАП ОСЫЛАЙ ЕЛ ҚАМЫН ЖЕП, КҮНДЕЛІКТІ КҮЙКІ ТІРЛІКТЕН ӨЗІН ЖОҒАРЫ ҚОЯ БІЛІП, ТҮПТІҢ-ТҮБІНДЕ ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛАТЫН БІРЕГЕЙ ДАРАЛАРДЫҢ БІРІ ДЕП ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР МЕЙРАМБЕК ТАЙМЕРДЕНОВТЫҢ ЕСІМІН ЗОР ҚҰРМЕТПЕН АТАҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ.

РАС, МЕЙРАМБЕК МЫРЗАНЫҢ МАДАҚ СӨЗДІ ҰНАТА БЕРМЕЙТІНІН ЖАҚСЫ БІЛЕМІЗ. БІРАҚ, ӘРКІМДІ ӨЗ ОРНЫ -ОРНЫНА ҚОЯТЫН АҚИҚАТ ТАРИХ ҮШІН, ӨТКЕННЕН ОЙ ТҮЙІП, ӨНЕГЕ ІЗДЕЙТІН КЕЛЕР ҰРПАҚ ҮШІН, «ҚАРАҒАЙҒА ҚАРАП ТАЛ ӨСЕР» ДЕГЕН НИЕТПЕН ҚОЛЫМЫЗҒА ҚАЛАМ АЛҒАНДЫҚТАН, ӘРІПТЕСІМІЗ БІЗДІ ДҰРЫС ТҮСІНЕР ДЕП ОЙЛАЙМЫЗ… 

Біз Мейрамбек Таймерденұлымен өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында танысқан едік. Ол кезде мен Алматы облыстық сотында жұмыс істейтінмін. Үш-төрт судья терезесіне перденің орнына газет тұтылған шағын бір бөлмеде қысылып отырамыз. Бәріміздің пайдаланатынымыз ортақ бір телефон. Бөлмеміздегі басқа жиһаздардың да жетісіп тұрғаны шамалы. Амал нешік, сондай бір қиын-қыстау кезеңге тап келгендіктен, сол жерде отырып, күнделікті жұмыстарымызды істейміз, дәл сол жерде сот мәжілістерін өткіземіз. Ал, судьяның кескін-кейпіне айбар беріп тұратын сот мантиясы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ондай арнайы киімдерді тек кинодағы судьялардың үстінен ғана көретінбіз. Көретінбіз де қатты қызығатынбыз. «Шіркін-ай, бізге де осындай қызметтік киімдер берілетін күн туса екен!» деп армандайтынбыз. Сондағы бар ойымыз, қалайда халық арасында соттың беделін арттыру, ел-жұрттың сотқа деген сенімін күшейту еді.

Міне, тап осылайша күдік пен үміт арпалысқан өлара шақта Жамбыл аудандық сотына судья болып тағайындалған М.Таймерденовпен таныстық. Сол уақыттан бастап біз бір-бірімізге достық пейіл танытып, қуаныш-қайғымызға ортақтасып келеміз. Иә, ол сыйластыққа, достыққа өте тұрақты. Онда орайына қарай уақытша сыйласу, уақытша араласу деген атымен жоқ. Ол үшін адами сыйластықтағы ең басты қасиет – тұрақтылық. Оның және бір ерекше қасиеті – есте сақтау қабілеті. Ол өзіне сенген, өзіне қол ұшын созған адамдарды, кейбіреулер үшін ұсақ-түйек көрінген қайсыбір оқиғаларды ешқашан ұмытпайды. Арада қаншама жылдар өтсе де кешегі орта мектепте білім берген ұстаздары туралы, әсіресе, өзі білім алған Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылындағы мектептің директоры Махмедов Сейдін ағаға, тарих пәнінің мұғалімі Абіханов Самудин ағаға, қазақ тілінің мұғалімі Байжанов Жақыпбай ағаға, сынып жетекшісі Шаухан Аязбайқызына және Үңгіртас интернатының меңгерушісі Жандиллин Жалғасбай ағаға алғысын айтудан, ризашылығын білдіруден шаршаған емес. Үңгіртас ауылының интернаты түралы небір қызықты оқиғаларды сағынышпен есіне алып, әңгімелеп отырғанын көргенде еріксіз қайран қаласың. Өз үйінен жырақта, интернатта оқып жүріп, орта мектепті Алтын медальмен бітіруін, тек Жалғасбай ағайының ерен қамқорлығының арқасы деп біледі ол.

«Менің білімге деген құштарлығымды оятып, алдыма үлкен мақсаттар қоюыма бірден-бір себепші болған, өміріме о баста дұрыс бағыт- бағдар берген жанашыр ағайымды қалай ұмытпақпын?!» – деп тебіренгенін көргенде қосыла қуанып, шын риза боласың. Кішкентайынан тынымсыз еңбекке машықтанған Мейрамбек өсе келе адам мақсатына жету үшін ерінбей-жалықпай еңбек ету керек екенін түсінген еді.

– Маған тап осылай ой түюді өмірдің өзі үйретті! – дейді Мейрамбек Таймерденұлы қиындықта өткен балалық шағын есіне алып.

– Бір отбасында өскен үш ұлды анамыз жалғыз тәрбиеледі. Біз 1962 жылдан бастап Жамбыл ауданының Үңгіртас кеңшарына қарасты Ақдала бөлімшесінде тұрдық. Сондағы ауылдастардың ішінде тұрмыс жағдайы нашарлауы біз болатынбыз. Әкемізден ерте айырылдық… Мен ол кезде небәрі екі жаста болатынмын. Басымызда тіпті баспанамыз жоқ, үш бірдей кішкентайымен жесір қалған анамызға қаншалықты ауыр болғанын аңғару қиын болмаса керек. Шешеміз күнкөріс үшін барынша тырбанып бақты. Жетім қозыдай аузын ашқан үш баласы нансыз қалмау үшін кеңшардың кез келген қара жұмысына жегілді… Бірде анамыз көктемгі қырқымнан кейін ауылдың малын керолинге шомылдыруға айдайтын болды. Мұндай шешім қабылдаған ауылдың атқамінерлері болатын. Олардың бұл шешімін іштей құп көрмеген шешеміз:

«Ойбай-ау, біздің бар-жоғы бес-ақ қойымыз бар! Ал, ауылдағылардың көпшілігінде қырық-елуден қой бар емес пе?! Сонда неге қойды шомылдыруға біз баруымыз керек?! Бұл барып тұрған әділетсіздік қой!» – деп көзінің жасын сығып-сығып алғанды… Мен дәл сол жолы алғаш рет «әділетсіздік» дегенге мән бердім. Тап сол жолы шындық бұрмаланған жерде міндетті түрде «әділетсіздік» орын алатынын түсіндім… Мен мына өмірде әділетсіздікке душар бола тұра, соған қарсы тұра алмайтын дәрменсіз жандардың болатынына сол күні тұңғыш рет көз жеткіздім… Өйткені анамыз әлгі сөзінен кейін артынша көз жасын сүртіп, мені қасына ертіп, ауылдан 20 шақырым жердегі қой тоғытатын орынға аттанған болатын… Сол уақыттарда ел аузында «купка» деп аталып кеткен қойды керолинге шомылдыру жұмысының қаншалықты қиын екенін, оны тек өз басынан өткер- гендер ғана білетін шығар. Бұл дегенің барып тұрған бір азап тірлік. Сол күні мен үйге жете мұрттай ұштым. Ыстығым көтеріліп, жиі-жиі есімнен тана бердім… Байғұс анам шыр-шыр етіп, өзі білетін бар ем-домын жасап әлек. Ақыры бетім бері қарағандай болды. Басымды көтеріп отыратын дәрежеге жеттім. Менің қылтиып отыр ғанымды көріп, қасыма жетіп келген анамды құшақтай алып: «Апа, мен кейін өскенде сот боламын! Әділетсіздікке еш жол бермеймін!» – дедім тістене кіжініп…

Иә, бала Мейрамбек сол сөзінде тұрды. Ол мектеп бітірген жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін таңдады. Алайда өкінішке қарай университетке қабылдануға бір балы жетпегендіктен, конкурстан өте алмай қалды. Бірақ, балаң жігіт Мейрамбек бұл сәтсіздікке еш мойыған жоқ. Өйткені түбінде осы оқу орнына қабылданатынына сенімді болды. Жоғары оқу орнын бітіріп, заңгер мамандығын алып шыққан соң, Алматы облысы Қаскелең аудандық халық сотында қатарынан он жыл сот орындаушысы қызметін атқарды. Соттың азаматтық және қылмыстық істер бойынша шығарған шешімдерін ешбір бұлтақсыз жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсады. Осылайша өзінің адалдығымен, еңбекқорлығымен, іскерлігімен көзге түскен Мейрамбек Таймерденов білікті маман ретінде 90-жылдардың басында Қазақ ССР Көлік прокуратурасының кеңсесін басқаруға шақырылады. Сот орындаушылық саласында жинақтаған мол тәжірибесі жаңа жұмысты бірден еңсеріп кетуіне көп септігін тигізді. Соның арқасында қысқа мерзімнің ішінде Көлік прокуратурасындағы кеңсе қызметін үлгілі деңгейге жеткізді. Қайда жүрсе де қиындықтан қаймықпайтын қайсар да алғыр жігіттің осынау қарым-қабілеті жоғары бағаланып, енді ол ҚР Бас Прокуратурасына қызметке тағайындалады.

Иә, бұл жерде прокурорлық қызмет саласының қаншалықты қиын екенін дәлелдеп жатудың, әсте, қажеті жоқ шығар. Юрий Хитрин, Болат Сембин, Анатолий Константинов, Оңласын Жұмабеков, Амангелді Қапсұлтанов, Ғарифулла Өтебаев пен Жұмагелді Елюбаев сияқты жанашыр, көреген, басшылардың арқасында Мейрамбек секілді жастардың кәсіби біліктілігімен қатар, Заңға қызмет ету, Заңға адал болу қағидаларына қатысты көзқарасы шыңдала түскен-ді. Өкінішке қарай, бүгінде қайсыбір жастардың осындай «тәлімгерлік» мәселесіне пәлендей көңіл бөлмейтінін байқағанда, еріксіз қынжылады екенсің. Өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысы сот саласы үшін нағыз «тар жол тайғақ кешудің» өзі болды: жер-жерлердегі судьялардың басым бөлігі қызметін тастап, жеке шаруашылықтарға ауысса, кейбіреулері өздерінің тарихи отанына көшіп жатты.

Міне, тап осы тұста Мейрамбек Таймерденов ел Президентінің Жарлығымен Алматы облысы Жамбыл аудандық сотының судьясы болып тағайындалады. Осы бір өтпелі кезеңде халық судьялары екі оттың ортасында қалғандай еді. Олар бір жағынан кешегі өздері әбден үйреніп қалған социалистік заңдылықтарға жалтақтаса, екінші жағынан сол уақытта енді ғана табалдырықтан аттаған демократиялық институттардың құндылықтарын батыл меңгеру керек болатын. Әсіресе, алқымнан алған үлкен қиындықтардың бірі қаржылық тапшылық еді. Сырттай қарағанда прокуратура мен сот жұмыстары бір-біріне ұқсас, былайша айтқанда, екі жақ та заң талаптарының әділ орындалуын қадағалайтындай көрінгенімен, екеуінің айырмашылығы бар. Сондықтан, прокурорлық шенді судьяның мантиясына ауыстырған Мейрамбек Таймерденұлы үшін жаңа саланың «өз адамына» айналу оңай болған жоқ. Алайда, оның жағдайын сәл де болса жеңілдететін бір артықшылығы бар-тын.

Ол – оның бұған дейін сот орындаушысы қызметін атқарғандығы. Көп ұзамай-ақ оның есімі тек аудандық сотта ғана емес, облыстық сотта да үлкен құрметпен атала бастады. Сөйтіп, өзін қарымды еңбегімен, іскерлігімен таныта білген ол кейін қызмет бабында Алматы облыстық сотына жоғарылатылды. Осылайша жақсы атымен есімінің ел аузына ілінуіне сеп болған сол уақыттардағы біздің басшыларымыз әрі тәлімгерлеріміз болған Марат Нұрбеков, Серік Байбатыров, Ерғали Қанаданов, Тағир Сейсембаев, Бектас Бекназаров сияқты ақылман ағаларының жанашырлығын Мейрамбек ешқашан ұмытпақ емес. Қайда жүрсе де үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа жаны құмар Мейрамбек Таймерденұлы Әділет саласында жұмыс істегенде де жасындай жарқырады. Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті әдетте жұмыс барысында ҚР Жоғарғы Сотымен тығыз қарым-қатынаста болады. Бірде осындай қызметтік кездесу барысында Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәми мен Мейрамбек Таймерденовтың арасында мынадай әңгіме қозғалады:

– Өзіңнің туған үйіңдей боп кеткен сот саласына қашан қайта оралмақ ойың бар? – дейді Қайрат мырза.

– Егер сіз қажет деп тапсаңыз, мен қазір-ақ кері оралуға әзірмін! – дейді Мейрамбек еш бөгелместен.

Расында да Мейрамбек Таймерденұлы үшін сот жүйесі өзінің туған үйіндей көрінетін. Бәлкім, бұл сонау бала кезде алғаш рет анасы екеуі әділетсіздікке тап болған күні қатты ашынып: «Апа, мен кейін өскенде сот боламын! Әділетсіздікке жол бермеймін!» – деп қиялдаған бала-арманның әлі де ұмытылмай келе жатқандығынан болар… Сөйтіп, азырақ уақыт ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, ақыры 2007 жылдың наурыз айында ҚР Президентінің Жарлығымен Алматы облыстық сотының төрағалығына тағайындалады. Осылайша «Әділетсіздікке жол бермеймін!» деген бала арман түптің түбінде жүзеге асты. Бұл тағайындау оның ақиқатты білек сыбана қорғауға деген жігерін бұрынғыдан да қайрай түскен еді. Иә, сырттай қарағанда, бәлкім, Мейрамбек Таймерденұлының өмір жолы көп әріптестеріне ұқсас та болар. Жұмыс бабымен сатылай өсу… Жоғары лауазымды қызметтер атқару… Ғылыми жұмыстармен айналысу… Алайда Таймерденовтың бойынан тек өзіне ғана тән өзгеше қасиеттерді байқау қиын емес. Әсілі, оны өзгелерден оқшауландырып тұратын да осы жеке дара қасиеттері болса керек.

Әдетте мұндай адамдар туралы қазақтар «дара тұлға» деп жатады. Міне, бүгінде «қара қылды қақ жарып» сот билігін жүргізіп, ел-жұрттың алғыс-ықыласына бөленіп жүрген Мейрамбек Таймерденұлы жергілікті халық үшін, біз үшін нағыз дара би! Жоғарыда айтылғандарға тағы бір қосатын Мейрамбектің қасиеті, ол достықты бағалауы. Себебі, ұзақ жыл құқық қорғау жүйесінде қызметте үзең- гілес жүріп, бүгінгі таңда әріптестердің ішінен аға және достар болып кеткен азаматтар аз емес, олардың ішінен біз білетін Мұхтар Жөргенбаев, Игорь Рогов, Георгий Ким, Ерлік Кененбаев, Ерлан Тұрғынбаев, Мұсабек Әлімбеков және тағы басқалары. Сөз соңында кейіпкеріміздің отбасы туралы бірер ауыз сөз айтпасақ, шын- дыққа қиянат жасағандай болармыз.

Өйткені, ер адамның қандай да бір жетістікке қол жеткізуі, оның өз отбасы тарапынан қаншалықты қолдау көріп жүргеніне тікелей байланысты. Сол үшін де ата-бабаларымыз, «Ер жігіттің аты жақсы болса, бір бақыт, Алған жары жақсы болса, мың бақыт» деген ғой. Отағасы Мейрамбек өзінің сүйген жары Күләш Ермекқалиқызымен бас қосқандарына, міне, 35 жылдан асып барады екен. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттері сүйгізген алтын асықтай немерелері бар. Жұмыстан қолы босамай мұрнымен шаншылып жатса да ұл-қыздарымен шүйіркелесіп әңгімелесуге, немерелерімен балаша ойнауға уақыт табады. І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетіндегі магистранттары мен докторанттарына да ғылыми жетекші ретінде көп көңіл бөледі. Әрбір адамның кіші отаны болады.

Ол – оның туып-өскен жері, алғаш рет жер басып, алғаш рет мектепке барған ауылы. Бұл жер оның есінде мәңгі сақталады. Өйткені, оның тілі тұңғыш рет осы жерде шығып, тұңғыш рет осы жерде сөйлеуді үйренеді. Тәтті сөз бен ащы сөздің, жақсы іс пен жаман істің, әділеттілік пен әділетсіздіктің парқын бірінші рет осы жерде таниды. Осындай кіші отаны Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылы мен Жамбыл ауданы Ақдала ауылы. Сол алтын орданың қадірі мен қасиетін аспандатқан, асқақтатқан Мейрамбек Таймерденұлы өзінің атымтай жерлестері Болат Әбішұлы, Қайрат Сатыбалдыұлы, Петр Прокофьевич және тағы басқалармен бірге көптеген қайырымдылық шараларына қатысып, тарихи тұлғаларымыздың жатқан жерлерін тауып, басына белгі орнатып, есімдері ел жадында жүрсін деген ниетпен олардың атын мектептерге, көшелерге, ауыл, аудандарға беруге өз үлестерін қосты. Иә, жақсы адам атақ-даңқты іздемейді, қайта, атақ-даңқ жақсы адамды іздеп табады.

Халық пен мемлекетіміз үшін сіңірген зор еңбегі жоғары бағаланып, тәжірибелі маман, іскер басшы, білгір ғалым, өз елінің патриоты Мейрамбек Таймерденұлы әр жылдары мемлекетіміздің жоғары наградалары – «Парасат» орденімен, «Құрметті судья» атағымен және көптеген медальдармен марапатталған. Әрмен қарай да өсе бер, өркендей бер, жақсы дос, асыл азамат! Әділдіктің ақ жолында мерейің үстем болғай!

Сарқытбек МОЛДАБАЕВ,

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының

Алматы облысы бойынша профессоры, заң ғылымдарының докторы, профессор