Жеке меншігімдегі жер учаскемнің 6х44 шаршы метрін көршім жер аумағын нақтылау туралы Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы филиалы жасақтаған жалған құжаты негізінде заңсыз иемденіп алды. Бұл туралы жазған арызымды Заречный полиция бөлімінің жедел уәкілі жауып тастады. Бұдан соң Ақтөбе қаласының, облысының прокуратурасына, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына шағымдандым. Алайда, жан-жақты тексеру жүргізілмей, бұл жағдайдың азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға тиістігі жайлы жауаптар берілді. Мәселенің мән-жайына нақты келер болсам, қазіргі тұрып жатқан үйіме жер учаскесімен бірге 2002 жылы 30-қаңтардағы, Ақтөбе қа- ласы әкімдігінің 2002 жылғы 11-сәуірдегі №449 қаулысы негізінде 2002 жылы 20-сәуірде маған №0028336 жер актісі 02-036-176- 143 кадастрлық нөмірімен берілді. Жер учаскесі 42х36 метр, яғни, жалпы көлемі 0.1512 га.

Осы жерге менің меншік құқығым Ақтөбе облысының әділет департаментінде 2002 жылы 20-сәуірде тіркелген. Кейіннен жерімнің бір бөлігін көршімнің заңсыз иемденіп отырғаны белгілі болды. Оған дәлел көршім Гагарин көшесіндегі №5 үйде тұрады. Ақтөбе қаласы әкімдігінің 10-тамыз 2007 жылғы №2351 санды қаулысы негізінде берілген 02-036-176-965 кадастрлық жер актісінде жер учаскесі 43.68х33.15 метр, яғни, жалпы көлемі 0.1429 га деп белгіленген. Легализация кезінде ол осы үйге филиал қызмет- кері Б.Акимгереевтің қатысуымен «Жер аумағын нақтылау туралы келісім» құжатын жасатқан. Осы актіге З.Будурбаева, Ы.Журманов және К.Куаншалиннің қолдары қойылған. Шын мәнінде актідегі қол да, жазу да менікі емес, тіпті, онда менің атым бұрмаланып «Ыхлас» деп жазылған.

Акт түпнұсқасында С.Ку- аншалиннің жер учаскесі 39х40 метр болып көрсетіліп, бұрынғы жер көлемінің ені 6 метрге менің жер учаскемнің есебінен ұлғайтылған. 2014 жылғы жер учаскесінің жоспарында бұрынғы көлемі 0.1429 га Осының өзі-ақ құжаттардағы мәліметтердің бір-біріне қайшы екенін көрсетеді. Жаңадан жасалған құжат бойынша оған Ақтөбе қаласы әкімдігінің тиісті қаулысы да шығарылмаған. 2018 жылы менің қол қою үлгілерім мен жер аумағын нақтылау туралы келісім алынып, сот санкциясымен сараптама тағайындалды. Сот сараптама орталығының қорытындысында: «Жер аумағын нақты- лау туралы келісім актісіндегі «Ыхлас Т.» деген жазу және қолтаңба И.Журмановқа тиесілі емес екендігі анықталды» делінген. Яғни, құжат жалған.

Осы заңсыздыққа қарамастан тергеуші Р.Абишев істі қысқартты. Бірақ, Ақтөбе қаласының прокуратурасы тергеу барысы- ның заңға сай жүргізілмегеніне орай, қаулының күшін жойып, қосымша тергеуге жолдады. Онда тергеушінің оқиға орнына бармағаны, іс бойынша куәлердің жауапқа алынбағаны, т.б. олқылықтар көрсетілген. Сөйте тұра, тергеуші Р.Абишев «баяғы жартас бір жартастың» керімен айы, күні көрсетілмеген қаулысымен тағы да істі қысқарту жөнінде шешім қабылдады. Онда қылмыс белгісі жоқтығы туралы тұжырым жасалып, жалған құжат жасалу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-бөлігі негізінде істі бөліп тастаған. Жерді заңсыз басып алу мен жалған құжат жасау бір-бірімен тығыз байланысты екенін ескерсек, бұл фактілерді жеке бөліп қарауға ешқандай негіз жоқ. Өйткені, жерді заңсыз иемдену жалған құжаттың нәтижесінде жүзеге асты. Ай мен күннің аманында құзырлы орган қызметкерінің немқұрайдылығы салдарынан әділетсіздікке ұшырап, құқығымды қорғай алмай отырмын. А.Байтұрсынов «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген, сондықтан, заңсыздықты ҚР Ішкі істер министріне «Заң газеті» арқылы жеткізгім келеді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының құзырлы органдары тарапынан заңдылықты қалпына келтірер қадамдар жасаларына сенемін.

Ихлас ЖУРМАНОВ

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ