Жазықсыз жалалы болып, он жылғы өмірін әділдік іздеумен сарп еткен Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Қарашаш Еркинбекова редакцияға келіп, өзі үшін биылғы жылдың «ақ түйенің қарны жарылған» жыл болғанын айтты. Иә, Қ.Еркинбекова оңайлықпен ақталған жоқ. Бұл туралы «Заң газетінде» бұған дейін де жазылған болатын.

Еске салсақ, Қ.Еркинбекова 2009 жылы қызметін пайдаланып, 40 мың теңге пара алды деген айыппен ҚР Қылмыстық кодекстің 3-бөлігі бойынша айыпталып, мүлкі тәркіленіп, бес жылға мемлекеттік лауазымды қызметпен айналысу құқығынан және бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Кішкентай сәбиі болуына байланысты сот үкімінің орындалуы Қылмыстық кодекстің 72-бабының негізінде 2012 жылға қалдырылды. «Әділдік жолын өзің аш» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтпақшы, Қарашаш Еркинбекова содан бері бар жігер-күшін өзінің кінәсіздігін, нақақ күйгенін дәлелдеуге арнады. Ақжарма пейілмен қуанышын бөлісе келген ананың оқырмандарға айтарын өз сөзімен бергенді жөн көрдік. …Басыма іс түскеннен әділдік іздеп бармаған жерім, баспаған тауым, ашпаған есігім қалмады. Заңсыз сотталғанымды дәлелдеу мақсатында Сенатқа дейін шықтым. Алла оңдап Президент әкімшілігі құқық қорғау бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Алик Шпекбаевтың қабылдауына кірдім. Жанайқайымды мұқият тыңдаған басшы Бас прокуратураға істі жан-жақты тексеруді тапсырды. Нәтижесінде айғақ затты жоғалтқаны үшін облыстық қаржы полициясы қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осылайша қаржы поли циясының заңсыз әс-әрекетін әшкерелеу жолында ақиқаттың ашылуына ықпал еткен бірінші азамат қазіргі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев болды. Алдын ала тергеп-тексеруде заң талаптарының өрескел бұзылғандығы туралы фактілер бойынша 2012 жылы тергеушілер үстінен іс қозғалып, өз дәлелін тапқанымен, іс қайта-қайта жабылып, 2017 жылға дейін әуре-сарсаңға түстім. Іс қысқарған сайын Бас прокуратураға барам, олар бұзады, бірақ, облыстағылар қайта жауып тастайды. Асқарбек 2017 жылдың наурызында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасы Қайрат Қожамжаровтың жеке қабылдауына кірдім. Қайрат Пернешұлы жалықпай жарты сағат тыңдап, құжаттарымды көрді. Сөзімде титтей болса да шындықтың барын түсінген болар қылмыстық істі қайта көтеру туралы тапсырма берді. Ол кісінің «істің ақ-қарасы анықталса, неге үкімді бұздырып, әділдіктің салтанат құруына мүмкіндік жасамасқа» деуі маған үміт отын жақты. Агенттіктен арнайы топ құрылып, үш ай көлемінде тергеу амалдары жүрді.

Мен келтірген заңсыз фактілер дәлелін тауып, 2017 жылы сәуірде Оңтүстік Қазақстан облыстық Қаржы полициясының тергеу шісі ҚК 316-бабының 1-бөлігі, 369-баптың 2-бөлігімен сотты болды. Осыдан кейін Қ.Қожамжаров заңсыз іс-әрекеттерге орай үкімнің бұзылуын назарға алу туралы сол уақыттағы Бас прокурор Жақып Асановтың атына ұсыныс берді. Алик Шпекбаев, Қайрат Қожамжаров мырзалардың мені адами тұрғыда тыңдай білгендеріне алғысым шексіз. Ұсыныс Бас прокуратурада тоғыз ай тексерілді. Кімнің ықпалы болғанын білмеймін, алты айдан соң іс Жоғарғы Сотқа қайта қарауға наразылық беруге жатпайтыны туралы өтірік жауап хат жазылды. Осыдан соң Бас прокурор қабылдауына кіруге мәжбүр болдым. Жақып Қажыманұлының алдына мені барғызбауға түрлі әрекет жасалғанымен, Алла жар болып, жолығудың сәті түсті. Ж.Асановқа айрықша алғыс, барлық құжатты алдырып, қайта тергеуді тапсырды. Осы аралықта Жақып Асанов ҚР Жоғарғы Сотының төрағалығына тағайындалды. Бірінші басшы ауысқан соң ондағылар істі тағы созбалаңға салды, дегенмен, үш айдан кейін Бас прокуратура Жоғарғы Сотқа сот үкімін бұзу туралы наразылық жолдады. Істі Жоғарғы Соттың қылмыстық қадағалау алқасында Абай Рахметулиннің төрағалығымен үштік құрам қарады. Бұған дейін де іс Жоғарғы Сотта төрт рет қаралды, алайда, істің қаралуға жатпайтынын алға тартқан судьялар жауып тастай беретін. Бұл құрам судьяларына ризамын, жауапкершілік, адам тағдырына алаңдаушылық бар. Менің уәждерімді тыңдай білді. Осы себепті, А.Рахметулин ешқандай шешім қабылданбайтынын, зерттелетін мәселе әлі де көптігін айтып, сот процесін кейінге қалдырды. 2018 жылы 27-наурыздағы сот процесінде іс жетілік құраммен қаралды, төрағалық етуші – Абай Рахметулин. Құдайдың көзі түзу екен. Он жыл шырылдап жүріп құзырлы органдардан заңсыз сотталғаныма айғақ болатын фактілердің назарға алынуын сұрадым. Құжаттардағы сол дәлелдемелерге Жоғарғы Сот судьяларының көздері жетті.

Іс Сарыағаш аудандық №2 сотына 27.03.2018 жылы қайта қарауға жолданды. Мен төрт баланың анасымын. Ұл-қызымның, ұрпағымның алдында жүзімнің жарық болуы басты мұратым. Судья М.Ботабеков істі үш жарым ай қарап, 366-баптың 1-тармағымен қайта айыптау үкімін шығарды. Аз мөлшерде пара алу бабымен және мерзімнің өтуіне байланысты қылмыстық істі қысқартты, ақталмадым, мен бәрібір парақормын. Бұрын адвокатсыз жүретінмін, өйткені, өзім заңгер әрі экономиспін. Өз құқығымды өзім қорғамасам, мені кім қорғайды? Бірақ, соңғы сот отырысында астаналық адвокат көмегіне жүгініп, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасына қайта шағым келтірдім. Іс облыстық сотта қаралып, бір жарым ай тергеу амалдары жүрді. Әділдік іздеген он жылда мен Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Пірнияз Зияддин сынды сауатты судьяны көрмедім. Тергеу амалдары кезінде істің әр нүктесіне зер салды. Назарынан ештеңені тыс қалдырмады. Соттың барынша әділдікке ұмтылғанына қуанып отырдым. Қанша жылғы әуре-сарсаңнан жүрек әбден шайлыққан, шынын айтқанда ақталатыныма сенген жоқпын. Аллаға шүкір, биылғы 12-қазан күні ақтау үкімі шықты. Жүрегім жайланғандай болды. Арттағы өміріме қарағым келмейді.

Өте ауыр күндер өтті. Отбасымда түрлі қиындық болды. Неге мен арғы дүниеге жасамаған қылмысымды арқалап кетем? Бала-шағамның көңілінде қандай адам болып қалам? Он жыл Алланың да, заңның да алдында ақтығымды дәлелдеу принципімен ғана өмір сүрдім.Мемлекет басшысының әрбір істің әділ қаралуы, халықтың нақақ жалалы болмауы, құқықтарының заңды қорғалуы туралы тапсырмалары орындалып жатқанын жалпы жұртшылыққа жеткізгім келеді. Бұрынғы басшыларға топырақ шашудан аулақпын, дейтұрғанмен, дәл қазіргі таңда жауапты қызметтерде отырған ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сынд ы замандастарымыз талапқа сай, халық қа адал еңбек етуде. Ең бастысы, бұл кісілер халықтың мұң-мұқтажына құлақ аса біледі. Осы азаматтардың адамға жана шырлығы, әділдігі мен судья Пірнияз Зиядд иннің қызметіне жоғары жауапкерш ілігі болмаса мен бұл күнге жете алмас едім. Басылым арқылы жоғарыда аты аталған азамат- тарға, сонымен бірге, Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековке, халықтың әрбір сөзін жарқыратып жариялап, құзырлы органдарға жеткізу жолында еңбек етіп жатқан «Заң газетінің» ұжымына рақметімді айтамын. Осы он жылда менен теріс айналмай, аналық махаббатымен қолдаған да, қорғаған да жалғыз адам ол менің анам – Дүрия. Анамның күндіз-түні мен үшін тілеген тілегі мен жүрегінен шыққан дұғалары қабыл болғаны талассыз. Біздің елде жалалы жағдайға ұшырағандардың заңды құқықтарын қорғау мүмкіндігі бар. Сондықтан, жалпы жұртшылыққа сенімдеріңізді жоғалтпаңыздар, үміт үзбеңіздер, әділдік жолында талмай ізденіңіздер дегім келеді.

Қарашаш ЕРКИНБЕКОВА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ