МАРАФОН БА, ЛОХОТРОН БА?

Әуелі әлсіз ғана әуес­тік секілді көрініп, есіктен сығалап еніп алған әлеуметтік желі бүгінде бүкіл ғаламды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын құдіретті күшке айналды. Бас ­ аяғы бес ­ алты жылда оның бойы ­ мызды билеп алғаны сонша, тіпті, бір дастарқанда отырып бірімізді ­ біріміз көрмейтін, бірімізді ­ біріміз естімейтін дәрежеге жеттік. Есесіне, сол бір «елес әлемнің» етегінен тас қылып ұстап, етжақы­ны мызды сол жерден та ­ уып, айтқанын екі еткізбей «ләббай ­ тақсыр» деп орын ­ дайтын болғанбыз. Соның бірден ­ бір белгісі – бүгінде қоғамды меңдеп алған марафондар.

АЗДЫРУ МА, АЗҒЫРУ МА?..

Бірінші кезекте, әсіресе, әйелдер арасында дұрыс тамақтану және арықтауға шақыратын марафондардың түкірігі жерге түспей тұр. «Бес күнде беліңді шығарып, жеті күнде жіптіктей қыламыз» деп, басында батпандай бәйбішенің соңында қылдырықтай қызға айналған суретін көрсеткен жарнамадан соң, бейжай қалатын қыз-келіншектер кемде-кем. Сенгісі келген соң, өзіне солай көріне ме, әйтеуір «марафоннан кейін осынша келі тастадым, себебі күн сайын жүргізушілер берген мәзірмен ғана тамақтанып, солар жіберген бейнекурстағы жаттығуларды жасадым. Бұрын қандай сауатсыз болғанмын, не болса соны жей беріппін, марафон маған дұрыс тамақтануды үйретті және мен өзімнің жалғыз емес екенімді, мен сияқты артық салмақтан арылғысы келетіндердің көп екенін білдім» дейді бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Алайда, дәрігер-диетологтар арықтауға арналған марафондардың көбінің астарында – шын жанашырлықтан гөрі бизнес-маркетинг жатқанын айтып ескертумен келеді. Себебі, онда жаттықтырушылар әр- кімді жеке зерттеп көрмек түгілі танымайды, сол себепті жалпыға ортақ рецептілер ұсына салады. Ал, ол тез арықтатқанымен, асқазан мен гормондар тепе-теңдігінің бұзылуына әкеліп соқтырады екен және ағзада кортизол атты стресс гормоны көбейіп, соның кесірінен кейін әлгі адам керісінше бұрынғысынан екі есе салмақ қосуы мүмкін. Олар мұны білсе де, жұмған аузын ашпайды.

«ҮЙІҢ МЕН МИЫҢДЫ ТАЗАРТ!»

Осындай да марафон түрі бар. Қыз-келіншектерге арналған. Яғни, кемі жеті күн жүреді. Алғашқы күні кіре берістен бастап «ескі-құсқыңды лақтыр, үйге кіріп келген- де әдемі әсер беретіндей босағаңда бір зат тұрсын, тым құрыса кілт ілгіш алсаң да, жаңартып қой» дейді. Сосын келесі күні асүйге өтеді де «жуылмаған ыдыстарыңды жу, шұңғылшаңды, тоңазытқышыңды тазала, таусылған азықтардың орнын толтыр» деп Күлбикенің өгей шешесі құсап бұйрықты аямай жаудырып, ең соңында «бұрын жасап көрмеген тәтті тамағыңды әзірлеп, күйеуіңді күтіп ал» деп түйеді. Қысқасы, қонақ бөлмесі, жатын бөлмесін бәрін сол ретпен тазалатып, киімді бүктетіп, үтіктететін мұндай марафонды зиян деп ешкім айта алмас. Алайда, айтыңызшы, қымбатты ханым, бұл сіздің аздап күлкіңізді келтірмей ме?! Шындап келгенде, өзіңнің күнде істеп жүрген үй тіршілігіңіз, айырмашылығы тек соны жарияға жар салып істеу ғана ғой. Және де «үйт-бүйт» деп біреу айтып тұруы үшін оған тағы ақы төлейсіз. Әрі сол тапсырманы орындағаныңды дәлелдеу үшін суретке, видеоға түсіріп, әншейінде ешкімге бермейтін есепті әлеуметтік желіде әлдекімдерге бересіз. Сондағысы, «міне, қа- раңдаршы киімдерім қалай қатар-қатар қатталып, үйім жиналып қалды, байқасам, өзім бір пысық әйел екенмін ғой!» деу үшін бе?! Жұрттың аузына қақпақ қоя алмайсың, біреу болмаса біреу посттың астына «оның несіне мақтанасың, істесең өз үйің және әрбірден кейін әйелдік міндетің емес пе» деген пікір жазса, жерге кірмейсіз бе?! Әлде, елдің бәрі тек өтірік көлгірсіп «қандай кереметсіз» деп мақтауға тиіс пе? Жалпы, бұл жерде ұтатын бір ғана адам болса, ол – ұйымдастырушы. Бір тиын шығын шығармай, тіпті саусағының ұшын да қимылдатпай, жай ғана тапсырма беріп қойып, қалтасын қомпайтып отырған оның ісі «соқырдың өз бидайын өзіне қуырып бергендей» қулық емей немене? Ал, сіз «жаңа нәрсе үйрендім» деп мәзсіз…

«ЖОЛДАНБАЙТЫН ХАТ…»

Құрбым үйге қонуға келген бір күні. Таңерт ең көзімді ашсам, төсегінен жартылай тұрып алған ол төмен қарап шұқшиған күйі тоқта май жазып отыр екен. Ұйықтап жатқан адамдай көзімді жұмып жата бердім. Бір кезде пырс-пырс ете бастады, жылап жа- тыр екен. Қағазға көз жасы тырс-тырс ете бастаған соң, шыдамай орнымнан тұрып, ақырын иығынан өзіме тарттым. «Не бол- ды?» дегенім сол еді. Ол алдымен мені құшақтаған күйі еңкілдеп біраз жылап алды. Сосын барып түсіндірді, марафонға қатысып жүр екен. «Ол қандай марафон?» деймін ғой, осынша көзіңнің жасын көл қылған. Сондағы оның айтқанынан ұққаным, «дерттің дені – дер кезінде айтылмаған сөз, жауап таба алмаған сұрақ, сыртқа шықпай қалған көз жасы, орындалмаған арман, ашу-ыза, өкпе-реніш, – соның бәрі жинала келе іште тарқауы қиын тастүйінге айналады» – дейді психолгтар. Мен қатысқан марафонда күн сайын хат жазу керек. Бүгіннен бастап кері қарай кімдерге қай күні, қай сағатта, кімге, не үшін өкпеледің бәрін тізіп, соларға ішкі өкпе-назыңды түгел ақтаруың керек сол хатта. Сөйтіп-сөйтіп, балалық шақтан бір-ақ шықтым. Көз алдыма «тәйт» деп тыйғаны үшін апама өкпелеген өзімнің сәби шағым келгенде шыдамай, еріксіз егілдім» деді ол. Расында, сол кездері құрбым дәрігерге қаралып жүрген болатын. Дәріні бере-бере одан нәтиже шықпаған соң, ол өзін-өзі іштей емдеуге көшті. Жеңілдедім деді ол. Іштен жүк түскендей болды деді. Бірақ, жазылып та кеткен жоқ… Бұдан да басқа, «Ғажайып таң…», «Қалағаныңа қол жеткіз!», «Санаңды трансформацияла!», «Арманыңдағы өмірге ұмтыл», «Сен лайықсың», «Жарқырап жүр», «Әмия- ныңды қуаттандыр!» деген сияқты бұйрық райдағы марафондар өте көп. Инстаграмды бір шолып шықсаң, марафон атаулыдан көз сүрінеді. Және бір қызығы, қанша көп болса да, соның әрқайсысына қатысушы табылады. Яғни, бұл нені білдіреді… Қауым болып жұмылып, ізгі іске ұмтылғаны, әрине, жақсы. Алайда, айғайламай-ақ, үндемей істейтін істер де болады ғой?!. Баяғыда бабаларымызды басынан ешкім сипап тұрғызып, қолына құрық ұстатып малға жіберген жоқ. Және бүгінгідей жайлы төсек, жылы үй қайда, алты қанат ақ үйді ұшырып әкетерлік бұрқасын, боранда да олар өз мін- деттерін мінсіз атқарды емес пе. Әжелеріміз ше, оларға таңертең тұрып, сиыр сауу, күбі пісіп, жүн түту, ұршық иіріп, диірмен тартуды және он шақты баласын тәрбиелеу секілді әйелдік міндетін біреу үйретті ме? Ендеше, қазіргі келіншектерге әлдекімнің «керіліп жатпа, тұр» немесе «үйің мен миыңды тазарт», «балаңды былай тәрбиеле» деп үйретуі ұят емес пе? Сондай-ақ, тепсе темір үзетін азаматтарға «адам бол», «супер маман бол», «кәсіп баста» деп мұрнынан жетектеуі намыс қой.

Сіз не  дейсіз?

Әбдуәлі МАМӘДІЛ, психолог:

– Әлеуметтік желіде белсенділердің қатары көбейіп, сонымен қатар, осындай түрлі акция, байқау, марафондардың күн санап артуы – қоғамда өзіне сенбейтін, өз болмысын өзгерт- кісі келетін адамдар өте көп екенін білдіреді. Тағы бір парадокс, айналасында адамдар көп бола тұра, кейбір жандар жиі жалғыздық кешетін болып барады. Міне, солар қасындағы адамдарға сенбейді, досы жоқ, одан гөрі күнделікті көңіл күйін, тіпті жан сырын желі арқылы жайып са- лып, жұрттан жұбату іздейді, ел назарын өзіне аударып, сол арқылы өзін көпшілік ортасында жүргендей сезінгісі келеді. Яғни, ол өзіне жасанды кеңістіктен әдемі бір әлем жасап алған. Сол жердің патшайымы – өзі. Міне, сондайлар – қазір кең етек жайған тренинг, квест, марафон ұйымдас тырушылар үшін «таптырмас олжа». Бастысы, олардың басын қосып, бір идеяға бағын- дыра біл. Ауру адам «мынау саған ем болады» десе, тіпті зәрдің өзін жиіркенбай ішіп қоятынын ескерсек, адамдардың тамырын тап басып, осал тұсын таба білген адамдар, ауадан ақша жасап жүр. Марафон өткізудегі ең басты мақсат не? Ең бірінші, өзіне «қалың қол» яғни, оқырман жинау. Ал, істің көзін тапқанға әр оқырман – ақша. Оқырман саны артқан сайын танымалдылық артады. Сосын, тіпті, жарнама беріле бастайды. Бұл – кәдімгі бизнес. Әрине, оның басқа да жолдары бар, мысалы бір ұтыс жариялау деген сияқты, бірақ, марафон «тірі» аудитория жинауда таптырмас құрал. Сонымен қатар, марафон мүдделес, ниеттес адамдарды топтастырып, солардың «қол жетпес арманын» орындағандай әсер қалдырады.

Айнұр МӘУЛЕНОВА, журналист, марафонға қатысушы:

– Марафонның мақсаты күнделікті өмірде дұрыс режим, яғни, күн тәртібін сақтай жүріп, жетістікке жетуге талпыну. Әдетте, біз уақытты дұрыс пайдалануды білмегендіктен көп нәрседен қағыламыз. Осыны реттеу. Сосын, әрине, жан дүниеңді, санаңды түрлі жаман ойлардан, өкпе, реніштен арылтып, өзіңді қалай барсың, солай қабылдап жақсы көруді үйретеді. Псиxология мен дәстүрлі, діни тұрғыдан құнды ақпараттар беру марафонның негізгі мақсаты. Көптен бері нақты мақсаттарымның не екенін саралауға тырысып келемін. Жанынның шын мәнінде не қалайтынын білгім келеді. Отбасылық өмірде бақытты болсам да, жан дүниеме бір нәрсе жетпей тұрады. Соны то- лықтырып, өміріме, руxани әлеміме серпіліс, дүмпу жасағым келеді. Онлайн марафон мен сияқты бала күтімімен үйде отырған әйелдер үшін өте қолайлы. Әрине, ақша төлеймін, бірақ, одан алатын рухани пайданың жанында төлеген ақшам азын-аулақ тиын-тебен боп қалады, тіпті, айтуға да ұят. Менің сырт көз сыншым – қыздарым, солардан «Осы бес күн ішінде мамаларыңнан не өзгеріс байқадыңдар?» деп сұрадым. Қыздарымның айтуынша, мен үйді көп жинайтын болыппын. Ал, үйдің реттілігі ойдың жинақылығын білдіреді. Сосын «Бұрынғыдан көп оқитын болдыңыз. Қалың дәптер сұрап көп жазасыз. Бізді қуантқыңыз келіп тұрады. Мейірімді болып кеттіңіз. Бірақ, инстаграмда ұзақтау отыратын болдыңыз», дейді қыздарым. Нақты үйренгенім – ерте тұру. Бұл мен үшін үлкен жеңіс. Осының әсерінен көп іс тындыруға машықтанып келемін Ақша табуды ғана ойлайтындар да көп. Аффирмациялар айтып, мотивациясын көтеріп алып, марафонды жариялайды да жібереді. Үйде отырған ауылдағы бір әйелдің марафон жариялағанын көрдім. Бір тікелей эфирін әдейілеп көрсем, сөздері өте қа- рабайыр, мәдениетсіз. Ол бізге не үйрете алмақ?!

Мәриям ӘБСАТТАР

«Заң газеті»