Аянға інісінің түнделетіп жүретін суыт жүрісі ұнамай-ақ қойды. Ұялы телефонындағы сағатқа қараса түнгі үшті көрсетіп тұр екен. Ауыл түні жым-жырт. Даладағы сәкіде жатқан Аянның ойы сан-саққа жүгіруде. Інісі Мақсат тоғызыншы сыныптан кейін, үйіндегілердің ешқайсысына құлақ аспай, колледжге оқуға түскен болатын. Студент атанғалы түнгі жүрісі де көбейді. Анда-санда сыралатып, әркіммен жұдырық тасып келетін болып жүр. Ішінен «мына өтпелі кезеңнен өтемін дегенше аман- есен жүрсе болар еді» деп күр- сініп, Мақсатқа телефон шалмақ болды. Осы сәтте дарбазаның есігі ашылып, ар жақтан інісі көрінді. Мақсат Сәния үшін бұрынғы сыныптасы Бағдатпен төбелесіп қалды. Бағдат та қызық. Мұның Сәнияны қалай жақсы көретінін біледі. Біле тұра соңынан қалмайды. Жігіттікке жатпайтын ісін айтамын деп барып еді, соңы Бағдат екеуінің қып-қызыл төбелесіне ұласты. Мақсат ауылдың көз тартар жігіттерінің бірі, алайда мінезі шартпа-шұрт, қызба. Он алты жастан енді асқан бозбаланың арманы да асқақ. Колледжде құқықтану мамандығының екінші курсында оқып жатқан ол болашақта үздік заңгер, білікті тергеуші болғысы келеді.

Бар арманы – ағасы Аянды осындай қаріп күйге түсірген қылмыскерді құрықтау. Таңертең Аян Мақсаттың көгеріңкі жүзін көріп, ашуға булықты.

– Тағы не үшін төбелестің?

Кіммен?

– Жай жігіттермен сөзге ке-ліп… Мақсат міңгірлей жауап берді.

– Осылай жүріп, ұрынасың бәлеге. Жайыңмен тыныш жүр, ата-анамыздың жүзін жерге қаратпа, – деді Аян.

Аянның алаңдайтындай жөні бар. Інісі мұның жолын қайталай ма деген қорқынышы басым. Албырт кезеңінде, аңқаулықпен мәңгілікке жадына жара салған оқиға өшпестей болып ізін қалдырған. Егер сол кез қайта келсе, өмірін басқаша бастар еді-ау…

Адасқандар

Ол кезде Аян Заң университетін бітіріп, ауылға учаскелік полиция қызметкері болып жұмысқа енді орналасқан. Мейірбан Аянды қызмет өзгертіп жіберді. Адамдарға астамсып, төбеден қарауды шығарды. Бұл әрекеті бірінші кезекте сыныптастары Арман мен Алтынбектің ашуына тиді. Олар да ауылдың «мен» дейтін жігіттері еді. Тек айырмашылығы олар Аян сияқты жоғары білім алмады, ауылдың қарапайым тіршілігімен күнін көріп, анда-санда ішімдікпен алданып, күндерін өткізген. Мына жүрістерінің дұрыс еместігін түсінген Арман бірде Алтынбекке:

– Бір іс бастап көрсек қайтеді? Тәуекелі көп екені рас, бірақ, жақсылап кіріссек, байып шыға келеміз. Одан кейін қайтадан айналыспаймыз. Полициясымақ Аянға көз жасыңды бір сығып жіберсең, көз жұма салады.

– Дұрыс айтасың, әйтпесе, жиырма бес жасқа келіп, не дені дұрыс жұмысымыз, не жұрттар сияқты көлігіміз жоқ, – деді Алтынбек. «Жұрттар» деп меңзеп тұрғаны Аян болатын. Мектепті әупірімдеп бітірген олар, он бірінші сыныпты алтын белгімен тәмамдап, бүгінде абыройы шарықтап, ауылдың білдей полициясы болған Аянды көре алмайтын еді. Бір сағатқа жуық екеуінің талқ ылап отырғаны құрамында есірткі заттары бар сора өсімдіктерін өсіру. Арман құда баласының досының шексіз байлығына қызығып, сыр суыртпақтағанда табыстың көзі есірткіде екенін білген. Содан бері маза жоқ. Тегін келіп жатқан байлықтан бұлар неге өз үлестерін алып қалмасқа?! Мұны досы да құптай кетті. Олар сол күннен бастап шаруаны мықтап қолға алды. Арман әуелі құда баласының досынан есірткі тұқымын «қарызға» сатып алды. Одан кейін мамыр айының басында ауласындағы бақшаны дайындай бастады. Оларға бақ қарасқандай, Алтынбек пен Арманның үйлері бір-біріне жапсарлас, оның үстіне ауылдың шетінде, тоғай жақ қапталында болатын. Екі үйдің бақшасына есірткі тұқымын егіп, адамдардың назары түспеуі үшін екі қапталға картоп өсірген жігіттер «тумаған сиырдың уызынан дәметкендей», әдемі күй кешіп жүр. Бұлар күткендей, «егін» де жайқалып шықты. Тамыз айында есірткінің біразын жұлып, арнайы кептіріп қойды. Осылайша алғашқы саудасын жүргізіп, бір килограмын 200 мың теңгеге өткізген. Ауыл үйдің «ұрлығы» жатсын ба? Сөзден сөз шығып, Арман мен Алтынбектің шытырлатып ақша санап жүргені Аянның да құлағына тиді. Ол мұның астарында шикілік барын сезді. Сезді де, ауыл шетіне қарай аяндады. Алтынбектің үйіне келсе, олар Арманның бақшасында бүкшең- деп, жұмыс жасап жүр екен. Аянды көре сала, екеуі зымырап келді.

– Бұл не жүріс, Аян?

– Қалдарың қалай? Жай, жағдайларынды білейін деп…

– Көріп тұрғандай, жағдайымыз өте керемет, – деді Алтынбек.

– Қашаннан бастап бізді іздей қалғансың, көкірегіңді керіп жүретін едің, Аян, – деп Арман да шап ете қалды. Оны Алтынбек тоқтатып үлгерді. Екеуінің өрекпи қарсы алғанынан күдіктенген Аян да тіс-теніп:

– Сендерді байып кетті дей ме, ауыл кішкентай, әңгіме тез тарайды ғой, қай банкті тона- дыңдар? – деді зілді әзілмен.

Арман: – Шаруаң болмасын, қылмыс керлеріңмен бізді шатастырма! – деді ызалы дауыспен. Осымен әңгіме де бітті. Аян жол бойы ойланумен болды. Күдікті ештеңе байқамаған сияқты. Сонда бұлар ақшаны қалай тауып жүр? Кешкілік көше бойынан ащы айқай естілді. Аян далаға жүгіре шықты. Шыңғырып, жүгіріп келе жатқан Саматтың 10 жастағы қызы екен. Бар даусымен «Аян ағай, үйге жүріңізші, папамның қолында балта, мамамды өлтіргелі жатыр», деді. Аян қыздың ізінен жүгіре басып, көшенің арғы бетіндегі Саматтың үйіне барды. Барса, Самат әйелінің соңынан балтамен қуалап жүр екен. Аянның «Самат, таста балтаны, ақылға кел» дегеніне құлақ асатын түрі жоқ. Көз алдында жанұшыра жүгірген келіншек- ке жаны ашыған Аян Саматпен алыса кетті. Қарулы жігіт демде Саматтың қолын артқа қайырып, жақын маңда жатқан арқанмен байлап тастады. Сонда да бұлқынып, мінезін көрсетіп жатқан жігітті жұмыс көлігіне салып, қалаға алып кетті. Бір қызығы, ішімдік ішкен дейін десе, иісі шықпайды. Сонда бұл не? Саматтың қылығы күдікті көрінген соң наркологиялық диспансерге бір-ақ тартқан. Орталық мамандары жігіттің есірткі тұтынғанын анықтады. Аядай ғана ауылда есірткі қайдан пайда болды? Оны әкеліп, саудалап жүрген кімдер? Аянды осы сұрақ жегідей жеп барады. Саматты «есірткіні қайдан алдың?» деп сұрақтың астына алғанымен, онысынан түк те шықпады. Ол да безірейіп «базардағы бейтаныс кісіден алдым» дегенінен танбады. Жас инспектордың басы қатып жүргенде Арман мен Алтынбек жұмыстарын бір арнаға түсіріп, алғашқы қорларын жинап та үлгерді. Енді өз ауылдарын қойып, тауарларын көрші ауылдарға тасымалдауға кіріскен екеудің тұтынушылары да көбейді. Соның арқасында екі айдың ішінде жаңа болмаса да, көне көлікке қол жеткізді. Бірақ, бұл есепсіз ақшаның соңы бір отбасын құрдымға кетіретінін ешкім білмеді…

Қателік

Бұрын ішімдік ішсе де, ақылын ішпейтін Самат жұмы- сынан қол үзе қоймайтын. Бұл күнде есірткіге дәнігіп алды. Арманның қыр соңынан қалмай, айтқанының бәріне құлдық ұрып, есірткі алмайынша тыным таппайтын болды. Аянның қатаң бақылауына түскен ол, тек түн жарымында Арманнан керекті дозасын алып, басқа әлемде жүретін. Ал, Арман мен Алтынбектің көлік алғаны Аянның күдігін қоюлата түсті. Неге екенін білмейді, бірақ, адал табыс емес екенін іші сезеді. Көп ойланғанша, тексерейін деп, түнделетіп аулаларына келді. Алыстан адам сұлбасын көріп, талдың артына жасырынып үлгерді. Бағамдаса, үркіп, жан-жағына алаңдап келе жатқан Самат екен. Оған заң бойынша кешкі оннан кейін үйінен шығуға тыйым салынған. Тап беріп, айқайламақ болды да, көптен күдіктеніп жүрген көлең- келі іске бір сәуле түскенін түсініп, үнсіз аңдуға көшті. Саматтың соңынан ақырындап жүріп отырды. Ал ол ауыл шетіндегі көл жағасына жақындай бергенде, алдынан үш адам жүгіріп шықты. Дауыстарынан таныды. Ауылдың өрімдей жігіттері. Олар отыра қалып, бүкшиіп темекі шегуге кірісті. Сонда ғана Аян Саматтың есірткіні қайдан және кімнен алып жүргенін ұқты. Бұларға сөз ұқтыра алмасын біліп, Арман мен Алтынбектің үйіне қарай барды. Есірткі саудасының жазасы ауыр екенін, жас өмірлерін қор қылмауын түсіндірмек болды. Қаншама текетірессе де, сыныптастарын түрмеге қимады. Оларға үміт артып отырған ата-анасын ойлады. Ауыл адамдарының тыныштығын бұзбайын деп, мемлекетке берген антын бұзды. Арман мен Алтынбек түнделетіп бақшада жүр екен. Аян оларға көргенінің бірін қалдырмай айтып, ауыл жастарын бұзбауға, адал жолмен нан табуға шақырды. Екеуі түсінгендей болып, Аянға үйіп-төгіп уәде беріп, шығарып салды. Бұл кезде олар ауладағы барлық «арам шөптерді» жинап қойған еді.

Талқандалған тағдырлар

Самат сол күні есірткіні көп пайдаланды. Үйіне тәлтіректеп әрең келе жатыр. Сол сәтте жалғызбасты көрші келіншектің амандасқан дауысын естіді. Нәпсіқұмарлығы оянған ол ізінше үйіне кіріп барды. Бергі бөлмеде кішкентай екі бала отыр екен. Миы есірткіден тұманданып тұрса да әйелдің түпкі бөлмеде екенін болжады. Осылар кедергі келтіруі мүмкін деп ойлады ма, қолына пышақты алған Самат алдымен екі баланы жайратып салған. Кішкентайлардың шырылдаған дауысы да оны жібіте алған жоқ. Балаларының айқайына жүгіре шыққан келіншек те қорқаудың құрығына ілінді. Оған да шімірікпестен пышақ салған ол қозғалыссыз қалған әйелдің үстіне қонжия кеткен… Ал ертесі күні ауылдастары Саматты қанның ортасында ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Таңертеңгілік жантүршігерлік қылмыс елді аяғынан тік тұр- ғызды. Ел естімеген қылмыс бүкіл ауылды дүрліктірді. Хабар жетісімен оқиға орнына келген Аян жедел топты шақыртып, Са- матты бұлтартпас дәлелдермен тұтқындап, уақытша қамау орны- на тапсырды. Шытырман оқиғадан есеңгіреп тұрған Аян алыстан Арманның көлігін көзі шалып қалды. Көлікті қуып жетіп, сыныптасы- ның жағасына жармасқан оның көз алдынан үш бейкүнә жан- ның бейнесі кетер емес. Қаралы хабарды естігенмен, Арман өзін бұл іске жауапты сезінген жоқ. Немене, бұл Саматтың аузына есірткіні тықпалап па? Сатып алған, шеккен өзі емес пе? «Сендердің кесірлеріңнен қаншама өмір қыр шын қиылды, неге саттыңдар есірткіні», – деп ышқынған Аянға Арман құлақ та аспады. Қайта жыны ұстаған ол Аянмен жағаласып, төбелесе кетті. Бір-бірін ала алмай тұрғанда Арманның көзі шетте жатқан ұзын шегеге түсті. Жалма-жан шегені қолына алды да, Аянды жығып, бастың дәл ортасына салып кеп жіберді. Аян не болғанын түсініп үлгерем дегенше, Арман машинасына мініп қаша жөнелген. Бір күнде кішкентай ауылда екі ірі қылмыс орын алды. Аянды кездейсоқ бейтаныс адам ауру- ханаға жеткізді. Ұзақ емнен соң, миына зақым келген өрімдей жігіт бір қол, бір аяғы жансызда- нып, мүгедекке айналды. Жедел іздестіру тобы құрылып, ауылдың тынышы қашты. Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ермек Асқарұлы мен жедел уәкіл, полиция капитаны Мақсат Алданышұлы қылмыстардың түп-тамырын тергеуге кірісті. Тергеу барысында Саматтың есірткі қолданғаны, есірткіні кімнен алғаны әшкере болды. Арман мен Алтынбек те құрықталды. Олардың ауласынан табылған кептірілген есірткі заты тәркіленіп, жойылуға жіберілді. Самат сот үкімімен ауыр қылмыс жасағаны үшін, түпкiлiктi 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, Алтынбек пен Арман өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін заңсыз егіп, арнайы кептіріп, аса ірі мөлшерде, өткізу мақсатында сақтағандары үшін Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, түпкiлiктi мүлкі тәркіленіп, 11 жылға түрмеге тоғытылды. Ал, Аян қанша «менмен» болса да, «қылмыскерді көрген жоқпын дегенінен» танбады. Арманның есірткімен тұтылғаны да жетер, түрмедегі жылдарын көбейтпейін деді.

Бауырлық түйсік

Он жылдан астам уақыт өтсе де Аян жазылмады. Бүгінге дейін өзін мұндай күйге түсірген адам туралы ешкімге сыр ашқан емес. Тек інісі Мақсат өзі секілді ойсыз төбелестен жапа шегіп қалмаса дейді. Бірақ «Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады», «неден қашсаң, соған жолығасың» деген рас па. Мақсаттың қылығына қараған сайын ойлайтыны осы. Ал ол болса жалғыз бауырын осындай күйге түсірген қылмыскерді қайтсем де тауып, жазасын беремін деген мақсатпен өмір сүріп келеді. Түрмеден үлгілі тәртібі үшін ерте босап келген Арман мен Алтынбек бүгінде өткен істеріне қатты өкінеді. Барлық қылмыс өздерінің ақшаны арам жолмен таппақ болғанының кесірінен орын алғанын ұққалы қашан. Арманның Аянға жасаған опасыздығын ойламаған күні жоқ. Ауылға келген бойда, Аянның үйіне жол тартқан. Аянның аяғына жығылып, жанын жай таптырмаған кінәсі үшін, өксіп тұрып кешірім сұрады. Осының бәрін басқа бөлмеде тұрған Мақсат естіп, қылмыскердің кім екенін түсінді.

Кекшілдіктің кесірі

Әдеттегідей кешкілік Мақсат көшеге шықты. Жан досы Рүстемге Арманды үйінен шақырып беруін, үлкен арық бойындағы көпірде күтетінін айтты. Күткен Арман да келді. Ірі денелі жігіт түрмеден азып-тозып шыққан Арманды төм пештей жөнелді. Екеудің төбелесін алыстан байқаған Бағдат жүгіре жеткен. Сөздерінен ұққаны, Аянды мүгедек қылған, ауылдың тоз-тозын шығарған Арман екен. Арман бұқпантайлап қашқысы келеді, оған Мақсат жол берер емес. Жамандықтың алдын алғысы келген Бағдат кеукеулеген Мақсатты итеріп тоқтатпақ болған. Алайда, аяғы тайып кеткен Мақсат көпірден шалқалай құлады. Жай құламады, жотасынан барып істік темірге қадалды. Мақсат жедел жәрдеммен аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді. Екі күннен соң есін жиған Мақсат тергеушіге өзін итеріп жіберген Арман деп жалған айтты. Шикілікті сезген Аян інісінен шындықты айтуын талап еткен. Ал, Мақсат болса өзін абайсызда Бағдат итергенімен, Арман жазалануы тиіс деп қасарысып қоймады. Неше жылдан бері ағасының дәрменсіз халін көру оның жанына аяздай батса керек. Мақсатты аман алып қаламыз деп жанталасқан дәрігерлердің үміті ақталмады. «Бәрібір Арман жазалануы тиіс» дегенді соңғы демі шыққанша қайталаған жігіт осылайша он жетіге толмай өмірмен қоштасып кете барды. Тергеп-тексеру қайтадан басталды. Күдікті ретінде Арман мен Бағдаттың қолына кісен салынды. Мақсаттың өліміне өзін кіналаған Арман тергеушіге жалған айтып Бағдатты жазадан арашалап қалмақ болып қанша жанталасты. Жастық шағын түр- меде өткізген оған ендігі өмірде еш қызық жоқ тай көрінген. Тергеуші Болат Елгезеков те істің оңай жабылатынын ойлап, қылмыстық оқиғаны жете тексеруге құлық таныта қоймады. Марқұм Мақсаттың қылмыск ердің атын атап, түсін түстеп кет кен ұялы телефонға түсірілген бейнежазбасы мен Арманның мойындауымен қылмыстық істі айыптау қорытындысымен прокуратура арқылы сотқа жолдады. Алайда, бұрынғы полиция қызметкері Аян бір кездерде Ар ман мен Алтынбектің есірткі еккендерін біле тұра жасырғанынан қаншама адамның зардап шеккенін түсініп, сот процесі барысында Мақсаттан естіген шындығын жайып салды. Бағдат та өз кінәсін мойындап, өкініп кешірім сұрады. Ал, Арман «мен итердім» дегенінен танған жоқ. Сот процесі барысында сотталушылардың арасында Мақсатты жарақаттау туралы алдын ала сөз байласу фактісі орын алмағаны, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы өзінің мойындауы негізінде Мақсатты Арман «итеріп жіберген» деп қате қорытындыға келгені анықталды. Сотталушы Бағдаттың қылмыстық әрекеті өзінің мойындап берген жауабымен қатар, жәбірленуші өкілінің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен толық анықталып, дәлелденді. Қылмыстық іс қайта сараланып, сот Бағдатты кінәлі деп тауып, жәбірленуші тараптың кешірім бергені мен кәмелет жасқа толмағанын, бұрын қылмыс жасамағанын ескеріп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Айжан ЫСҚАҚОВА,

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің

бас маман — баспасөз қызметкері