Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың қазан айында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың табысын өсіру, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру, секілді қазақстандықтардың көптен көкейінде жүрген мәселелер көрініс тапқан. Сондай-ақ, сыртқы саясаттың да салмаған арттырған Елбасы Жолдаудың соңғы тарауында барша қазақстандықтарды еліміздегі өзгерістер үдерісіне бір кісідей атсалысуға шақырды. Осылайша, қарапайым халықтың тұрмыссын түзеуден бастап, сыртқы саясатымызға дейінгі салмақты шаралар қамтылған аталған Жолдау мәні мен мазмұны жағынан ерекше деуге тұрарлық.  

Осы ретте мемлекеттік қызметші ретінде Жолдаудың төртінші таруына тоқталуды жөн көріп отырмын. «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» — атты тарауда Елбасы Н.Назарбаев: — «Жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс?» — деген сұрақ қойып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарына тоқталады. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру үшін сапаны көтеру қажеттілігі айтылған. Осы орайда, «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс», — деген Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуды тапсырып, бұл істі Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетіне бірлесіп атқаруды жүктеді.

Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласына енгізілген реформалар аясында мемлекеттік қызметкерлердің бірқатар проблемалары шешімін тапқаны баршамызға аян. Елбасының тапсырмасына сай, мемлекеттік қызмет саласына қатысты заңдарымыз жаңарып, сәйкесінше мемлекеттік аппараттың мәртебесі мен мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі артып отыр. Мысалы, биыл жаңа заң талаптарына сай 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделі енгізіліп, нәтижесінде мемлекеттік қызмет сапасы мен мемлекеттік қызметке деген сұраныстың күрт өскеніне куә болдық.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың: — «Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2 — 2,5 есе өсті. Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды. Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті. Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орынға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр» — деп саладағы соңғы өзгерістердің оң нәтижесін атап өтуі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың ойдағыдай жүзеге асып жатқандығын көрсетсе керек.

Әрине, Елбасының Жолдау арқылы ел билігіне жүктеген тапсырмаларының қайсы бірі болмасын маңызды екендігіне дау жоқ. Бүгінгі күрделі кезеңде қолға алынған реформалары іске асыруға жұмсалатын қаржының қайтарымы болуы керектігі де қатаң ескертілді. Сондықтан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де жүктелер міндет зор. Әсіресе, мемлекеттік аппаратқа қарасты мекемелер сыбайлас жемқорлықтан ада болып, керісінше аталған қоғамдық індеттің алдын алу, күрес жұмыстары бұдан әрі күшейте түсулері шарт.

Осы ретте, «Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр», — деп кемшіліктерді көрсеткен Елбасы жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырды. Соған орай, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру көзделіп отыр. Демек, жақын келешекте елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары барынша пәрменді бола түспек.

 

Сәуле ЕРМАХАНОВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті

Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы