Жемқорлық мәселесі елімізде ұзақ жылдардан бері өзекті мәселе ретінде танылып, кеселге қарсы үздіксіз күрес жүргізіліп келеді. Елбасының Үндеулері мен Жолдауларында да жемқорлықпен күрес арнайы аталады, жемқорлықпен күрес тәсілдеріне де бағыт бағдар беріліп, кешенді түрде жемқорлықпен күрестің жалғаса беретіні ұдайы айтылып отырады. Яғни жемқорлықпен күрес елімізде бір сәт те тоқталған емес.

Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бір тәсілі,  жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретін кесел. Сондықтан еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі жемқорлықпен күресу болып табылады. Осы орайда атап өтерлік жайт – жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді. Сондықтан жемқорлықты жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті күшейте түсуіміз керек. Бұл ретте Елбасы өз Жолдауында бұл саладағы реформалардың өз жалғасын табатындығын айта келіп, осыған дейін, яғни соңғы үш жыл ішінде атқарылған ауқымды іс-шаралардың арқасында олардың құқықтық базасының жақсарғандығын, нақты функцияларының айқындалғандығын атап өткен. Демек жемқорлыққа қарсы заңнамалар уақыт сұранысына қарай жетілдіру үстінде.

Осы жылдар ішінде елімізде жемқорлыққа қарсы қыруар шара атқарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптасты, бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды, уәкілетті орган құрылды, жемқорлықпен күрес тәсілдері күшейтілді, БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбул іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Сыбайлас жемқорлық «Қазақстан-2050» стратегиясы»: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» құжатында да ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп ретінде аталып өтілген. Одан бөлек Елбасының басқа да Жолдаулары мен Үндеулерінде көрініс тапқан. Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы жөніндегі комиссия құрылды және жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және оның жолын кесу үшін арнайы құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросы жұмыс істейді. Мұның бәрі еліміздегі жемқорлыққа қатысты күресті біршама күшейтті.

Жалпы кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып саналады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу ретінде жылдар бойы күн тәртібінен түспей келеді. Жалпы қоғамымыздың жемқорлыққа қатысты қарсылығын тудыру мақсатында да кеселмен күрес жалғаса бермек. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Демек жемқорлықпен күресте тұтас қоғамның қарсылығы маңызды.

Шакиров Такен Шайманович, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы