Бүгін Түркістан қаласына миллионыншы турист келді. Ерлі зайыпты саяхатшылар Уиллиам пен Барбара Бренч көне шаһарды тамашалауға Американың Солтүстік Королина штатынан келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. АҚШ-тан Ясауи кесенесіне келген қонақтарды Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев күтіп алды. Аймақ басшысы шетел азаматтарына жылы лебізін білдіріп, ұлттық шапан кигізді. Қазақтың қамшысы мен тайқазанды сыйлады. Сондай-ақ, Түркістан өңірінде туризм әлеуетін арттыру үшін артқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.  «Сіздерді қасиетті қаламыздың миллионыншы турисі болғандырыңызбен құттықтаймын. Бұл біздер үшін қуаныш. Мәселен, дәл бүгін Түркістан қаласына келушілер саны 1 млн. адамға жетіп, өткен жылдың дәл осы кезімен салыстырғанда 57,2 пайызға артып отыр. Сонымен қатар, өңірде туризмді дамыту үшін жүйелі бағдарламалар даярладық. Алдағы уақытта келушілер саны тағы арта түседі деп жоспарлап отырмыз», — деді Жансейіт Түймебаев. Кездесу барысында шетел азаматтары Орталық Азия елдері ішінде Түркістанға жиі келетіндерін жеткізді.

«Түркістан — Орталық Азия мемлекеттері ішіндегі тарихқа бай, киелі мекендердің бірі. Біздің елдің азаматтары осы қасиетті қалаға жиі келеді. Біз Түркістан қаласы мен Ясауидің тарихымен хабардармыз. Қазақстанға, Түркістан өңіріне келгелі қазақ халқының қонақжайлығы мен дарқандығына куә болдық. АҚШ-қа барғаннан кейін ондағы отандастарымызға осы құндылықтарыңызды жеткізіп, келесі жылы арнайы тағы ат басын бұрамыз», — деді Уильям Брэнч.