ЕЛІМІЗДЕ АЛҚА БИЛЕР СОТЫ ҚАРАЙТЫН ІСТЕР САНЫ КҮРТ АЗАЙЫП КЕТТІ. 2011 ЖЫЛЫ 339 ІС, АЛ, 2012 ЖЫЛЫ 276 ІСКЕ ДЕЙІН ҚАРАҒАН ХАЛЫҚТЫҚ СОТ ИНСТИТУТЫНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ БІРТІНДЕП ТӨМЕНДЕП, 2017 ЖЫЛЫ БАР БОЛҒАНЫ – 72 ІСКЕ ҚАЗЫЛЫҚ ЖАСАПТЫ. БҰЛ ЖӨНІНДЕ ЖОҒАРҒЫ СОТТА «ҚАЗАҚСТАНДА АЛҚАБИЛЕР СОТЫН ЖЕТІЛДІРУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ӨТКЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ АЙТЫЛДЫ.

«Қазақстандағы алқабилер сотын дамытуға және жетілдіруге жәрдемдесу» жобасын іске асыру шеңберінде Құқықтық саясатты зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған бас қосуға Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффорд, Парламент Мәжілісінің депутаттары, судьялар, Президент әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың,
Астана қаласы әкімдігінің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, адвокаттар қатысқан еді. Олар алқабилер институтының өзекті мәселелерін ортаға салып, халықтық сотты уақыт талабына сай дамыту, соның ішінде алқабилікке кандидаттарды сотқа дейін іріктеу рәсімдерін жетілдіру жолдарын жан-жақты талқылады. Жалпы Қазақстанда алқабилер сотының құрлықтық моделі 2007 жылдан
бастап қолданылып келеді. Оны енгізудегі негізгі мақсат – азаматтардың басым бөлігін сот төрелігін жүзеге асыру процесіне тарту. Жиынды ашып, алғашқы баяндаманы жасаған Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин Алқабилер сотының азаматтардың құқы мен мүддесін қорғап, заң үстемдігін орнатудағы рөлі мен маңызын, өзекті мәселелерін ортаға салды. Әлемдік тәжірибе сот төрелігіне «халықтық қатысуды» қамтамасыз ететін бұл институттың азаматтардың құқықтық мәдениеті мен санасын арттыру арқылы жаңа
қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алып, тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін ұлғайтатынын дәлелдеп отыр. Абай Жамбылұлының сөзіне қарағанда Қазақстанда алқа билер институты толыққанды қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Дегенмен, көрсеткіш бастапқыдан күрт
төмендеп кетті. Рахметуллин мырза бұл үрдістің бірнеше себебін айтты. Бұған алдымен 2013 жылдың 3-шілдесінде қабылданған тиісті заң бойынша Алқабилердің соттылығы өзгеріп, олар қарайтын қылмыстық құрам санаттарының қысқаруы ықпал еткен. Олардың қарауына ұйымдасқан топпен болған кісі өлімі, нашақорлық және психотроптық заттарды сату, білім беру мекемелерінде, кәмелетке толмағандарға қарсы
жасалған қылмыстардан басқа қылмыстық заңнамамен өлім немесе өмір бақи бас бостандығынан айыру жазалары көзделген қылмыстар берілді. Бұл заңды қабылдағанға дейін кейбір істерді қоспағанда, барлық аса ауыр қылмыстар алқабилер соттылығына қарасты еді. Осыған байланысты
Алқабилер қарайтын істер саны азайып кетті. Бұл жағдайды түзеуге қадамдар жасалды. Мәселен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша алқа билер сотының қолданылу аясын кеңейту міндеті белгіленді. Оны орындау үшін Алқабилер соттылығы тағы аса ауыр қылмыстардың төрт құрамымен толықтырылды. Бірақ, бәрібір Алқабилер қараған істер 2010, 2011 және 2012 жылдардағы деңгейге жетпеді. Бүгінгі таңда сот қарауына қылмыстың тек 13 құрамы жатқызылған. Олардың ішінде де нақты бірнешеуі ғана қаралады. Көптеген істер бойынша сотқа істер түспейді. Осы жайлы айта келіп, Абай Жамбылұлы Алқабилер соты қарайтын істер санатына адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігі және конституциялық құрылыс негізі мен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыстан өзге барлық аса ауыр қылмыс түрлері жатқызылуы керектігін атап көрсетті. Алқабилер сотында қаралатын істер санының артуына тағы бір кедергі – осы институтқа қатысты барлық органдардың қарым-қатынасы екен. Бұл жағдайды Рахметулин мырза «Тергеу органдары істі алқабилер қарағанын қаламайды. Олар азаматтық тұлғалар заңды түсінбей, көңіл-күйдің жетегімен айыпты тұлғаларды ақтайды деген пікірде. Бірақ сот мәжілісінде, кейде тергеу ісі сапасыз жүргізілгендіктен айып дәлелденбей, тұлға ақталып шығады» деп тәпсірледі. Осы орайда қорғаушыларға қарата да базына жасалды. Абай Жамбылұлының сөзінен түйгеніміз, қорғаушылар күдіктілер мен сотталушыларға алқабилердің мүмкіндігін, олар қарайтын істердің нәтижелері жайлы айтуға, түсіндіруге құлықты емес. Сондықтан, алдағы уақытта осы олқылықтың орны толтырылуы керек. Үшінші мәселе – алқабидің сот төрелігі жүйесіндегі орнын, рөлі мен маңызын нақты айқындау керек. Қазіргі таңда қолданыстағы заңнама аясында осы жұмыс жандандырылғаны дұрыс. Айыптыға алқа билерге шағымданудың тәртібі, оның қаралу мүмкіндігі, нәтижесі жайлы түсіндірілгені істе хат түрінде бекітіліп, қойылған қолмен тіркелуі керек. Іс сотқа түскен кезде де судья сотталушыға бұл жөнінде толық айтып, ұқтыруы тиіс. Онда түсіндіру қағаз түрінде қалмай, нақты жүзеге асуы керек. Абай Жамбылұлы сонымен қатар алқабилер институты тараптардың жарыспалылығы қағидатын дамытатынын, мұның әділ сот төрелігінің жүзеге асуының бірден бір кепілі екенін атап көрсетті. Өйткені, айыптау тарабы мен қорғау тарабының алқабилерді дәйекті айғақтармен сендіре алуына көп нәрсе байланысты. Ал, бұл мемлекеттік айыптаушы прокурорлар мен қорғаушы адвокаттарды кәсіби деңгейде дайындауды қажет етеді. Өздерінің құқы мен міндеттерін, тұлғаның айыпты және айыпсыз еместігін анықтауда, яғни, адам тағдырын шешудегі рөлдерін білу үшін Алқа билерге үміткерлерді оқыту да өзекті. Бұл үміткерлердің жауапкершілігін түсінуі үшін қажет. Сонымен қатар, тұрғындардың алқабилерге, тұтастай сот жүйесіне деген сенімін арттырады. Өкінішке қарай, үшінші тұлғалардың ықпалымен алқабилердің кеңесу бөлмесіндегі айтылуға тиіс емес құпияларды жариялаған жағдайлары кездеседі. Мұндай заңсыздық болмас үшін қоғамда құқықтық оқу жүргізіліп, онымен атқарушы органдар ғана емес, сот жүйесі де айналысуы керек. Бүгінгі таңдағы тағы бір маңызды мәселе алқабилер тізімін қалыптастыруға байланысты. Судьялар үнемі сапасыз құрылған  тізіммен бетпе-бет келуде. Бұл сот процесін ұйымдастыру барысында судьялардың жұмысына кері ықпалын тигізеді. Қазір алқабилерді іріктеп алу үшін судья 100- 150 үміткерді шақырады. Олардан ең соңында негізгі 10 адам және резервке 2 адам таңдалып, әрең дегенде 25 үміткер алынады. Шақырылған адамның бәрі келе бермейтіндіктен соттар осындай қадамға баруға мәжбүр. Кейде алқа билер межелі санға да жетпегендіктен процесті тоқтатуға тура кеп жатады. Мұның бірнеше себебі  бар. Ең бірінші себеп, үміткерлер тізіміне заң бойынша қатысуға тиіс емес адамдардың еніп кетуінде. Тіпті, кейбір адамдардың тірі болмайтыны, немесе аталған жерде тұрмайтыны анықталады. Бұл заңсыздықтар жергілікті атқару органдарының, әкімшіліктердің заң талаптарын сақтайтынына күдік тудырады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер рұқсат бермегендіктен үміткерлердің келмей қалатын кездері де бар. Алайда, алқабилердің  сотқа қатысуына кедергі жасаған бірде бір кәсіпорын басшысының бүгінге дейін жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Тоқ етерін айтқанда, халықтық сот институтының әлеуетін пайдалануда шешімін күткен мәселе көп. Алқабилер сотының отаны, яғни жарты ғасырға жуық «халықтық қазы» институтын қолданудың көшбасшысына айналған елдің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффордтың айтуынша, бұл елде де алқа құрамын қалыптастыру қиын екен. Сонымен қатар кейбір алқабилердің кеңесу бөлмесіндегі құпияны әлеуметтік желіге жариялап жіберген де кезі болған. Сондықтан елші мұндайкелеңсіздіктерді заңнамалық тұрғыда реттеп, шешуден өзге жол жоқ екенін айтуда. Бұдан соң сөз алған Жоғарғы Соттың судьясы Серік Әбнасыров, мәскеулік сарапшы Сергей Насонов, адвокаттар Данияр Қанафин мен Гүлнәр Сүлейменова ортаға салған пікірлер де халықтық институт мәселелерінің өзекті екенін көрсетті. Дегенмен, Данияр Қанафиннің тұжырымы еріксіз назар аудартты. Оның айтуынша, алқабилер соты қараған істер санының күрт азаюына құқық қорғау органдарының күшті лоббиі ықпал етіп отыр. Өйткені, кәсіби соттарда ақталушылар саны аз. Осы жайлы мәлімдеген ол соңғы кезде Жоғарғы Сотта азаматтардың құқы мен бостандығын қорғауда елеулі ілгерілеушілік болып жатқанын зор қанағаттанушылық сезіммен атап көрсетті. Елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламов, Астана қаласы әкімдігінің өкілі Айбол Ибрагимов пен адвокат Елена Дворецкая алқабилікке кандидаттардың тізімдерін құруда туындайтын мәселелерге тоқталды. Тоқ етерін айтқанда, бұл жиын «халықтық соттың» өзекті мәселелерін шешуге жасалған сындарлы қадам болды. Ендігі міндет – айтылған орынды ұсыныстарды нақты іспен ұштастыру.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»