Бүгінгі таңда 2000 жылы қабылданған «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңның жаңа редакциясындағы заң жобасы әзірлену үстінде. Десек те, алдымен қолданыстағы заңның басқару қызметiн ұйымдастыруды жетiлдiруге, мемлекеттiк органдардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, басқарушылық шешiмдердi жедел қабылдауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, мемлекеттік мүдделердi қорғауға, мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық өкілеттікті қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануына жол бермеуге жәрдемдесетiн әкiмшiлiк рәсiмдердi белгiлеуге бағытталған заң екенін қарапайым халықтың есіне сала кетейік. Және оның бірінші тарауының бірінші бабында заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар жайында да нақты айтылғаны белгілі. Мысалы, әкiмшiлiк рәсiмдерге, біріншіден, мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың мемлекеттiк функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыру кезiнде шешiмдер қабылдау мен орындау тәртiбi, оларды ресiмдеу, оның ішінде электрондық нысанда ресімдеу, екіншіден, мемлекеттiк аппараттың жұмысын ұйымдастыру рәсiмi, үшіншіден, азаматтардың өз құқықтарын iске асыру жөнiндегi өтiніштерiн қарау, сондай-ақ, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн әкiмшiлiк қорғау, экономика саласындағы шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң негiзгi бастаулары жататындығы көрсетілген.

Сонымен қатар, мемлекеттiк органдар деп мемлекет атынан Конституция, заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актiлер арқылы, жалпыға бiрдей мiндетті мiнез-құлық ережелерiн белгілейтiн актiлер шығару, әлеуметтiк мәнi бар қоғамдық қатынастарды басқару мен реттеп отыру, мемлекет белгiлеген жалпыға бiрдей мiндеттi мiнез-құлық ережелерiнiң сақталуына бақылау жасау жөнiндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкiлеттік берiлген мемлекеттiк мекемелер болып табылатынын қарапайым жұртшыықтың білгені де жөн. Мемлекеттiк органның құзыретiне мемлекеттiк орган қызметiнiң нысанасын айқындайтын оның белгiленген өкiлеттiктерiнiң жиынтығы жататынын да ел есіне сала кеткеннің артықтығы болмас. Ал, мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттігі, функциялары мен міндеттері Конституцияда, заңдарда және Президент, Үкімет, өзінен жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган қабылдайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.

Бір айта кетерлігі еліміз арасында адамдар мен бизнес өкілдері кейбір жағдайда меншік құқықтарын қорғау мен даулы мәселеде көптеген қиындықтарға тап болып жататыны белгілі. Алайда, оның барлығы бірдей оң шешіле бермейтіні тағы бар. Оған себеп, құқықтық сауатсыздық пен заңды дұрыс білмеуде жатыр десек өтірік болмас.

Осы мақсатта бүгінгі таңда әділет департаменті мамандары өңірлік кәсіпкерлер палатасы, заңгерлермен біріге отырып «Әкімшілік рәсімдер туралы» жаңа заң жобасын талқылау үстінде. Жаңа заң жобасы бойынша азаматтар мен ұйым өкілдері әкімшілік шешімнің қабылдануына қатыса

алады. Қарсылықтарын білдіріп, пікір қосуына жол ашық. Яғни, олардың айтқан әр сөзі ескеріледі. Және де, өкілетті тұлғаларға әкімшілік шешімдеріне қатысты сотқа дейінгі шағым түсіруге мүмкіндік те қарастырылған.

Болат ДАНАЕВ,

Алматы қаласы

Әділет департаменті

заңды тұлғаларды тіркеу

бөлімінің бас маманы