Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында кейде мұндай жағдайлар орын алып жатады.

«Құқықтық медиаорталық зорлық-зомбылыққа тап балған балаларға қатысты орын алған оқиғаларға шамадан тыс қызығушылық танытып, ақпаратты оңды-солды таратпауға шақырды» деп хабарлайды informburo.kz.

«Құқықтық медиаортылық» қоғамдық қоры барша қазақстандықтарды зорлық-зомбылыққа тап болған және қылмыс жасаған балалар туралы ақпаратты таратпауға шақырады. БҰҰ ЮНИСЕФ «Құқықтық медиаорталық» қорымен бірлесе осы мәселеге арналған әлеуметтік ролик дайындады.

«Кейде бала жағымсыз әрі қорқынышты жағдайларға түсіп жатады: бәзбіреулер оны ренжітіп, беделін түсіріп, бала зорлық-зомбылыққа тап болуы мүмкін. Не болмаса баланың өзі шалыс қадам басуы мүмкін. Кейде осындай оқиғаларды камераға түсіріп, интернетке жүктейді, жаңалықтарда көрсетіп, әлеуметтік желілерде тарата бастайды. Мұндайда жақындары өз балаларын қорғай алмай, кішкентай бала көптің күлкісіне қалып, қорғансыз қалып жататын жағдайлар да орын алып жатады. Ал осы жағдайдың көпшілікке паш етілуі болашақта балаға жағымсыз әсер етеді», – делінген әлеуметтік роликте.

«Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының директоры Диана Окремованың айтуынша, зорлық-зомбылық құрбанына айналған балалар туралы ақпаратты тарату фактілері «БАҚ туралы» Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қарамастан жиі болып тұрады.

«Зорлық-зомбылыққа тап болған әрбір баланың болашағы бар және бүлдіршін мұндай жағымсыз оқиғаның кейіпкері болуды қаламайды. Қандай да бір аты шулы оқиғаларды жақсы көретін біздің қоғам жағымсыз әрекетімен баланың өмірінде үлкен сызат қалдырады» , -дейді Диана Окремова.

Диана Окремова «БАҚ туралы» Заң тек журналистерге ғана емес, еліміздің басқа да азаматтарына қатысты екендігіне ерекше тоқталды. Сондықтан осындай ақпаратты әлеуметтік желіге жүктеген әрбір адам жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Жоба аясында осы тақырыпта бірнеше бейне ролик түсірілетін болады. Келесі ролик дәл осы тақырыпта, яғни балалар туралы ақпаратты таратқан адамға қатысты жауапкершілік тақырыбына арналатын болады. Өзіңізді осы баланың және оның ата-анасының орнына қойып көрдіңіз бе? Сіз өз балаңызға осындай атақты қалар ма едіңіз? дейді Диана Окремова.

«Құқықтық медиаорталық» қорының директоры қазақстандық журналистер зорлық-зомбылыққа тап болған балаларға қатысты ақпаратты тарату мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындығын айтып жеткізді, алайда өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында кейде мұндай жағдайлар орын алып жатады.

БҰҰ ЮНИСЕФ «Құқықтық медиаорталық» қорымен бірлесе осы тақырыпта әлі де 3 әлеуметтік ролик әзірлеп, бейнероликтер қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады.