Детектив шығармаларға байқау жариялағанымызға төрт айдың жүзі бопты. Осы уақытқа дейін «Заң газетінің» қоржынына келіп түскен шығарма көп. Олардың арасынан іріктелген жиырма шақтысы газет бетінде жарық көрді. Қарашаның аяғына дейін тағы біраз үміткерге басылымнан орын бермекпіз. Үздіктердің ары қарайғы тағдыры қазылардың қолында. Ең бастысы, біздің биылғы байқауға Алматы қалалық соты қолдау көрсетіп отыр. Сот төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов газеттің жобасын қолдайтынын жеткізіп, біздің миллион теңгелік жүлде қорымызға қоса, өз тараптарынан бес үміткерге бағалы ынталандыру сыйлығын табыстауға уәде етті. Тамаша емес пе, иә?!