ЖАСТЫҚ ШАҚ ҚҰЛШЫНЫП ҚЫЗМЕТ ІСТЕЙТІН ЖӘНЕ КҮШ-ҚАЙРАТЫҢ ТАСЫП ТҰРАТЫН КЕЗ. ТАЛАЙ-ТАЛАЙ ТАРТЫМДЫ ИДЕЯЛАРДЫҢ ДӘНІ ЖАСТЫҚ ШАҚТАҒЫ ҚИЯЛ-АРМАННЫҢ СӘУЛЕТТІ ҚАУЫЗЫ ІШІНДЕ ПІСІП-ЖЕТІЛГЕН. ЯҒНИ, ЖАСТЫҚ – ӘЛЕУЕТТІ РЕСУРС. БҰЛ БІЗДІҢ ЖАҚЫНДА АСТАНАДА ӨТКЕН «ИНВЕСТИЦИЯ ЖАСТАРҒА» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДАН КӨҢІЛІМІЗГЕ ТҮЙГЕН ТҰЖЫРЫМДАР. ЕКІ КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН, ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ҚОСҚАНДА АЗИЯ-ТЫНЫҚ МҰХИТЫ АЙМАҒЫНАН КЕЛГЕН 200-ГЕ ЖУЫҚ ПАРЛАМЕНТШІЛЕР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР, ҒЫЛЫМИ ОРТА МЕН ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫН ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСҚАН АЛҚАЛЫ ЖИЫНДА ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК- МӘДЕНИ, МОРАЛЬДЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЫНАН ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАНЫП, НАҚТЫ ҰСЫНЫСТАР ЖАСАЛДЫ.

Жиын басында сөз алған Парламент Мәжілісінің төрағасы Н. Нығматулин тәуелсіздік алған күн- нен бастап жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлініп келе жатқанын атап көрсетті. Бұл тұрғыда елдің жоғары заң шығарушы органы – Парламентте атқарылған жұмыстар да аз емес. Мысалы, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Волонтерлік қызмет туралы» заңдар қабылданды. Сондай-ақ, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар. Биылғы Жолдауында да Елбасы осы мәселеге ерекше назар аударып, жастар саясатына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Олардың барлығы жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге жаңа серпін береді.

Нұрлан Зайроллаұлы осы ретте қазіргі таңда бүкіл әлем пайдаланып отырған Google, Microsoft, Wikipedia, YouTube пен Facebook-ті жастардың ойлап тапқаны- на тоқтала келіп, жастардың прогреске ұмтылушы әлеуетті күш екенін, кез келген мемлекеттің болашағы жаңа ұрпақтың қолында екенін атап көрсетті. Оның ай- туынша, осыны ерте пайымдаған озық елдердің бәрі жастарға жұмсалған ақша – болашаққа салынған инвестиция деп біледі екен. Нығматулин мырзаның бұл пікірін жиында сөз алған мәртебелі мейман, Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азия қауымдастығының төрағасы, Жапония- ның бұрынғы Премьер-министрі Ясуо Фукуда құптады. Оның айтуынша, Азия- Тынық мұхиты аймағы мен Орталық Азиядағы жастардың үлесі әлемдегі жас аза- маттардың 60 пайызына тең екен. Осынша жас өрен алдымен біліммен және жұмыспен толық қамтылуы керек. Сонда ғана алға жылжу, даму болады. Керісінше жағдай әлеуметтік қанағаттанбаушылық пен тұрақсыздықтың негізгі себебіне айналуы мүмкін. Бұл – бүкіл жастарға инвестиция салудың маңыздылығын көрсететін фактор. Жалпы жастарға қатысты осындай шараның толыққанды жүзеге асуы олардың Азия-Тынық мұхиты аймағы тұрақты дамуының қозғаушы күшіне айналуына мүмкіндік береді. Фукуда мырзаның сөзінен түйгеніміз, бүгінде озық технология жағынан көшбасшы елдердің бірі болып отырған Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жастарға инвестицияны аямай құя беріпті. Бұл елде қашаннан адамдар ең үлкен ресурс ретінде бағаланып, оған ба- рынша көп қаржы жұмсаудың мүмкіндіктері пайдаланылады екен. Осыны айтқан Фукуда мырза жастарға әсіресе, зерттеу, технологиялар саласында білім беріп, олардың осы бағыттағы шығармашылық белсенділігін қолдауға шақырды.

Сол секілді Қырғыз Республикасы Жогарку Кенеш төрағасының орынбасары Милан Бакиров те жастарға қоғамдық белсенді күш және елді дамытудың қуатты ресурсы ретінде қарауға шақырды. Оның айтуынша, жастар қоғам мен мемлекетті дамытуда, оның тарихы мен мәдениетінің сабақтастығын қамтамасыз етіп, халықтың мәдени-тарихи қауымдастық ретінде қалыптасуында ерекше жауапкершілік арқалайды. Қазақстанда бүгінгі таңда 4 миллионға жуық жастар бар. Бұл барлық халықтың 22 пайызы. Экономикалық тұрғыда белсенді осынша қыздар мен жігіттердің ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторы екені даусыз. Бұған қол жеткізу үшін жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың табысты дамуына жағдай жасалу керек. Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаевтың айтуын- ша, Халықаралық зерттеу орталығының мәліметіне сәйкес, Қазақстан білім индексі бойынша 35-орынды иеленіп, жұмыспен қамтуды тиімді шешіп отырған жиырма елдің қатарына енеді екен. Ал, жастар прогресі индексі бойынша 102 елдің ішінде 63-орында тұрса, жастарды дамыту жаһандық индексі бойынша 180 елдің ішінде 61-орында. Жастарға қатысты саясаттың алдағы уақыттағы негізгі басымдықтары Мемлекет басшысының жуырдағы жолдауында нақты көрсетілген. Олар жастардың сапа- лы білімге қолжетімділігі, тұрғын үй мәселесін шешу, денсаулығын сақтап, отбасын құруға қолдау көрсету. Қалетаев мырза бүгінгі таңда осы бағытта белсенді жұмыс жүріп жатқынын айтты. Министр мырза өз баяндамасында өзекті мәселелерге де назар аудартты.

Оның айтуынша, елімізде соңғы жылдары жастар арасында суицид азайғанымен, көрсеткіш көптеген елдермен салыстырғанда әлі де жоғары болып тұр. Сонымен қатар, түсік жасатудың жас қыздар арасында көбейіп бара жатқаны да алаңдатарлық жағдайда. Елімізде жыл сайын 15-18 жасқа дейінгі 5 мыңнан астам қыз осындай қадамға барады екен. Бұл жағдай жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты ауқымды да нақты шараларды қолға алуды қажет ететінін көрсетеді. Жалпы, жастар арасындағы ерекше мәселе – жұмыссыздық. Бұл проблема бүгінде жаһандық сипат алып отыр. Әлемде бүгінгі таңда мүлдем жұмыссыз 260 млн адамның 70 пайызынан астамы – 27 жасқа толмаған жастар екен. Олардың қатарына күніне 2 доллар ғана табатын 300 млн адамды қосуға болады. Жастардың жұмыссыз қалу мәселесін шешу Қазақстан үшін де стратегиялық маңызы бар міндет. Осы күні қарағандылық жұртшылықпен кездескен Парламент Сенатының төраға- сы Қасымжомарт Тоқаев та осы мәселеге айрықша назар аударды. Оның айтуынша, Үкімет пен әкімдіктер Президенттің орта білім беруде диагностика жүйесін енгізу және неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарға балалардың кәсіби бағдарын айқындау туралы тапсырмасын орындауға тиіс. Кәсіби бағдар беру сабақтары бойынша міндетті оқу бағдарламасына енуі қажет, әсіресе, мектептің жоғары сыныптарында кәсіп таңдау кезінде шешім қабылдауда балалардың болашақтағы өз қабілеттерін зерделеуіне мүмкіндік беретін сабақтарды енгізу маңызды. Бұл оқушылардың қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын, колледждерді, жоғары оқу орындарын бітірген соң жұмыс табудың мүмкіндіктері қандай болатынын анықтауына жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда Сенат Қазақстандағы жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесін тиісті заңдар қабылдау арқылы шешу жұмысына үлес қосуға әзір.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Сіз не дейсіз?

Майра АЙСИНА, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жастар жылында ресми органдар ғана емес, бүкіл қоғам болып, жаппай нәтижелі істермен айналысса нұр үстіне нұр. Бұл жерде тым науқаншылдыққа ұрынып, әсіре алаулатпай ақ нақты іс жасалса. Шетелде білім алған жастарды елге тартудың тетігі жасалса. Бұған жас отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасы үлкен қолғабыс болар деп ойлаймын. Қазіргідей цифрлық жүйе кең өріс алған заманда жаңа технологияны дамытуға жастардың қосар үлес қомақты болары анық. Сондықтан, олардың осы сала бойынша еңбекпен қамтылуына жан-жақты қолдау көрсетілгені дұрыс деп ойлаймын. Мектеп түлектерінің тек қана мемлекеттік білім грантын күтіп отырмай шет тілдерін еркін меңгеріп, өз білімдерін әлемнің өркениетті елдерінің озық оқу орындарында алуы үшін халықаралық ұйымдардың байқауларына көбірек қатысқанын қалар едім. Ол үшін еліміздегі қоғамдық ұйымдар ақпараттық қызметтерін жандандырып, жастарға жол көрсетсе, қанеки.

 

Талғатбек ӘБЖАҚОВ, Астана Қаржы академиясы жоғары білім беру факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты:

– Екі-ақ айдан кейін елімізде «Жастар жылы» басталады. Әрине, студент, магистрант жастармен қоян-қолтық араласып, күнделікті қызметте үнемі қарым-қа- тынас жасайтындықтан аға буын біз де бұл жылдан көп үміт күтеміз. Ең бастысы, меншік нысанына қарамастан елімізде сапалы білім алған жастардың қоғам өмірінде өз орындарын табуына, қарым-қабілетіне сай туған жеріне, Отанына қалтқысыз қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызылса дейміз. Қазіргі күні оқу бітірген жастардың арасында жұмыссыздық баршылық. Үлкен өмірге жолдама алғаннан кейін еңбекке араласқандары абзал. Егер өз мамандықтары бойынша оқу бітіре салып жұмысқа тұрмаса, салаға машықтанбаса, бәрі ұмыт болады. Ертеректе жастардың ауылдық жерлерге барып, еңбек етіп мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауы міндеттелетін еді. Неге осы игі дәстүрді жаңғыртпасқа. Оқу бітірген мұғалім, дәрігер секілді мамандар ауылдық жерде 3 жылдық еңбек өтілінен өткеннен кейін ғана қалаға, ірі мекемелерге, оқу орындарының магистратура, докторантураларына конкурсқа түсетін ереже қабылдануы керек. Бұл олардың өмірді танып, мамандыққа машықтануына, тәжірибе жинақтауына септесіп, келешегі үшін өте маңызды болар еді.