АҚЫН ӘБДІРАХМАН АСЫЛБЕКОВТІҢ ЕСІМІ БАРША ҚАЗАҚ ЖҰРТЫНА ӨЛЕҢДЕРІ МЕН САТИРАЛЫҚ ШЫМШЫМАЛАРЫ АРҚЫЛЫ ЖАҚСЫ ТАНЫС. ОЛ КІСІНІ АЛҒАШ ЖҮЗБЕ-ЖҮЗ ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕНДЕ КӨРДІК. КЕЙІННЕН «АРА» ЖУРНАЛЫНДА БІРГЕ ЖҰМЫС ІСТЕДІК. ҚАШАН КӨРСЕҢ БАЛА СИЯҚТЫ ЖҮГІРІП ЖҮРЕТІН АҒАМЫЗ ҚАҒЫЛЕЗ, ҚАРАПАЙЫМ ҚАЛПЫНАН БІР АЙНЫМАЙТЫН. КӨРГЕН, БІЛГЕНІН ЖАСТАРҒА ҮЙРЕТУДЕН ЖАЛЫҚПАЙТЫН, ӨТЕ ЕҢБЕКҚОР КІСІ ЕДІ. ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНДЕ АҚЫННЫҢ АЛАР ОРНЫ БӨЛЕК. БҰҒАН ҚОСА, АЛЛА БЕРГЕН 80 ЖЫЛДЫҚ ҒҰМЫРЫНДА ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ МЕН САТИРАСЫНДА, ӘН ӘЛЕМІНДЕ ДЕ ӨЗІНДІК ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРДЫ.

Әбдірахман Асылбеков 1938 жылдың 1 мамырында Жамбыл облысының Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мектептен бастаған ол қазақ баспалары мен газет-журналдарында, радиосында, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында және Жамбыл облыстық бөлімшесінде қызмет етті. ҚР Бас Прокуратурасы «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Қазақстандағы тұңғыш құқықтық басылым, республикалық «Заң газетінде» ұзақ жылдар жұмыс істеп, халықтың құқықтық сауатын ашуға еңбек сіңірді. Әбдірахман Асылбеков – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Үздік балалар ақыны» атағының иегері және 30-дан астам жыр кітабының авторы. Ақын сөзіне жазылған көптеген ән бүгінде қазақ эстрадасы жұлдыздарының репертуарында. Қазақ елі ақынын 20 қазан күні мәңгілік сапарға шығарып салды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Ақынды «Заң газетінде» бірге жұмыс істеген әріптестері сағына еске алады.

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы:

«Жұртын жырмен тербеген…»

– Әбдірахмен ағамыз дүниеден өтті деген суық хабар қабырғамызды қаусатып кеткендей болды. Ақындығы өзінше бір ғажап еді. Композиторлардың өтініші бойынша әндерге жазған мәтіндерінің өзі кемінде жарты мыңнан асқан болар. Әбекең өте еңбекқор жан еді. 1994 жылы орынбасарларымның бірінің ұсынысымен «Заң газетіне» жұмысқа алып едім. Үлкен кісі ғой, құқықтық басылымның ауыр міндеттеріне көне алар ма екен дедім. Сөйтсем, қателесіппін. Әбекеңнің бір ерекшелігі, күні бойы материал жинау, түрлі кездесулер, ағымдағы шаруалармен айналысып жүреді де, басқа жұрт үйге қайта бастаған кезде материал жазуға отырады. Содан түнгі 11, 12- ге дейін үстел шамының жарығымен аңырайған кең бөлмеде, алдына ішетін сусынын қойып, жалғыз отырып жұмыс істей береді. Небір сын материалдарды тастай қылып жазады. Газет өндірісін ыңғайлы етуге байланысты ұсыныстарын да айтып қоятын. Сөйтіп, ағалы-інілі болып кеттік. Соңғы бір рет көргенімде шаршаңқы қалыпта екен. Ауырып жүрген шығар деп қойғанмын. Сөйтсем, ажал шіркін құрығын сала бастаған кез екен ғой. Иманы саламат болсын! Қазаққа жыр сыйлаған, қазаққа сыр сыйлаған Әбекем, пейіште рухың шалқысын!

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, «Ақиқат» журналының бас редакторы: «Енді, өзім өмірден өткенше сағынатын болдым…»

– «Ағаларыммен араласқанда» айдарымен «Жас Алаш» газетінде жарияланған материалымда асыл ағаммен «Заң газетінде» қызметтес болған кездерімді айта келе, « … сол кездерді, қазір ерекше ілтипатпен еске аламын. Бір қалада жүрсек те, сирек кездесетін Әбдірахман ағамды да қарап жүріп сағынамын» деппін. Міне, енді оны өзім өмірден өткенше сағынатын болдым. Өкінішті! Бірақ, Алланың жазғанына дауа жоқ. Көнесің. Көндігесің. Ағаммен «Заң газетінде» көп жылдар қызметтес болдық, ақын, жас әріптесі ретінде қоян-қолтық араластық. Заң саласындағы қай тақырыпқа да еркін көсілетін. Қолы қалт етсе, Әбекең және бірді-екілі жас журналиспен шахмат ойнаймын. Әбекең бекерге сатирик емес қой, айтқыш. Ойынға кірісерде шахматты тігіп жатып, сәл-пәл бөсіңкіреп; «Әбдірахман аға, бүгін Сізбен шахматты жарты ақылыммен ойнаймын. Әйтпесе, ұтылып қала бересіз», – демеймін бе, кеудемді жел керіп! Айналамыздағылар күлісіп алды. Сол кезде Әбдірахман ағамның: «Несі бар, Аманхан, бар ақылыңмен ойнайсың, дә! Жоқ нәрсені қайдан аласың?!» деп салғаны. Бағанағы күлкі күлкі ме, жастар жағы қырылып қалды күлкіден! Мен тұрып, ағаның қолын алдым. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, Алла жаныңызға жәннәтті жазсын, Әбдірахман аға!

Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»