Атырау-Алматы бағытындағы жүрдек поездың жүруіне аз ғана уақыт қалғанда Асхат ебіл-дебілі шығып зорға жетті. Жолсерікке билетін көрсетер-көрсетпестен поезға ентелеп мініп бара жатып, «8-вагон ба?» деп сұраған. Жолсеріктің мақұлдағанын иек қаққанынан түсініп 15-орынға беттеді. 4-купеге кіргенде қарсы жағындағы төменгі орында төсек салынып тұрғанын көзі шалды. Көршісінің заттарына барлап қарап еді, жайнамаз бен тақия тұрғанын байқады. Ойына түсі суық, қаба сақалды дін жолындағы адам елестеген бұл «Еее, Қызылордаға жеткенше ақыл айтып миымды жейтін шығар» деп ойлаған іштей.

Бір уақытта есік баяу ашылды. Көршісі пайғамбар жасынан асқан жүзі жылы қария екен. Амандасып, жайғасып болған соң жөн сұрасып еді, қария Жаңақорғандағы шипажайға бара жатыр екен. Сірә, балалары үлкен қызметте болса керек. Бұйымдарының бағалы екендігі көрініп-ақ тұр. Жайланып отыр ған сәтте Асхаттың телефонына қоңырау шалынды, ар жағынан сәбилердің шүлдірлеген дауыстары естіліп жатты. Асхат жақтырмаған сыңай танытып аз ғана сөйлескен соң үзіп жіберді. Ашулы кейіппен телефонын тастай салды. Мұның әйелін жақтырмағанын қария бірден ұқты. Тыныштықты Асхаттың «қазіргі әйелдерде ми жоқ осы» деген ызғарлы дауысы бұзды. Жұмыс істемейді, бар ермегі телефон, қызуы жоқ, балалардың тәрбиесіне де мән бермейді. Сөйлесең, жақсы әйел тауып ал дейді, кетпек болсаң жылап-сықтап қоя береді, – деді ашуы басылмай. Қария күрсінді де, «кішкентайың нешеу?» деді. Бұған Асхат «үшеу» деп еш қиналмастан жауап қатты. Қария сауалының астарындағы ажырасар болсаңдар сәбилеріңнің жағдайы қалай болады дегеніне Асхаттың жауабы дайын. Расында, ажырасып жатқан жалғыз бұл ма, мінезі жараспаса қайтпек, бала да үйтіп-бүйтіп жетілер. Отасқандарыңа қанша болды деген сұраққа «жеті жыл» деп сүлесоқтау жауап қатты. Қария бұның жөн емес деп айтқысы келсе де Асхаттың құлықсыз тыңдап отырғанын аңғарып, айтпақ сөзін іште бүгіп қалды. Асхат оны сезді де лезде, «ата, кемпіріңіз бар ма, оны әлі жақсы көресіз бе?» деді қағытып. Қария салмақты қалпын бұзбастан «жақсы көргенде қандай, әрине, жақсы көрем», – деді. Оған Асхат түрік сериалдарындағы ақылынан алжасып қартайғанда махаббаты оянып, отбасы, бала-шағасын тастап, сергелдеңге түсетін кісілерді көргендей қарады. Әйтсе де, бұл кісінің тұрпаты бөлек, бітімі басқа еді. Пайым парасаты мол, ақылы кемел, адамға жақсылық ойлап тұратын кісі екендігі көрініп-ақ тұр. Енді ол кісіні ықыласпен тыңдап, сөздеріне мән бере бастады. Бұны сезген қария айтпай қалғаным жарамас деп, «балам, жетімнің көз жасы ешқашан жібермейді, бүлдіршіндеріңді, олардың болашағын неге ойламайсың?» деді. Бұған да Асхаттың жауабы дайын еді. «Жетімнің көз жасы жібермейді дейсіз ғой, қазір қаншама жетім бар, шарасыздарды қан жылатып жүргендер қаншама, солардың мұртын балта шаппайды» деді қызуланып. Қария сөзді қалай бастарын білмей сәл ойланып алды да, «балам, сен олай ойлама! Жетімнің бір тамшы жасы да зая кетпейді» деді нық сеніммен. Асхаттың көзіндегі бұны қайдан білесіз деген сауалды байқаған қария ыңғайланып отырды, Асхат та жақындап, әңгімелесуге бейіл екендігін білдірді.

Тауқымет

– Әкем жол апатынан қайтыс болған соң, анам да көп уайымның салдарынан қайтыс болды. Ол уақытта мен бес жаста едім, қарындасым үш жаста болатын. Әкемнің інісінің қолында ер жеттік. Ағам жақсы адам еді. Әйелі долы мінезді, шайпау кісі тұғын. Бізді қанша ұрды, үйден қуып жіберді. Әліміз келмейтін жұмысқа салды. Тамақ бермей аш қалдырды. Мұның бәрі мен үшін түкке татымайтын, қарындасымды шырылдатып қинағанының қасында. Кейде қолы батып кететін. Сондай сәттерде шіркін анам тірі болғанда ғой деп ойланып жатқанымда, көзімнен ыстық жас ыршып кететін. Мен қамыққан сайын жеңгем бір қиындыққа кезігіп отыратын. Жақын туыстарының басына нәубет келеді немесе денсаулығы кілт нашарлап кетеді яки өзінің балалары бір жамандыққа ұшырайды. Менен екі жас үлкен Мақсат деген сотқар ағам болды. Бір жолы қарындасымды қинады. Менің әлім келмейтін. Қарындасыма деген қамқорлық сезімім мені шыдатпады. Сөйттім де қолыма түскен оқтаумен ағамды соққылай бастадым. Іште булыққан ашудың тығыны ашылып, зығырданым қайнағаны соншалық, өзімді тоқтата алмай, әбден қалжырағанша ағамды ұра бердім. Мұны көрген жеңгем де мені аямады. Бірақ, қарындасымды құтқарғанымнан кейін оның ұрғанына қыңқ етпедім.

Жазықсыз тұтылу

Өлмегенге өлі балық кезігеді дегендей әупірімдеп жүріп ер жеттік. Қарындасым жақсы жерге тұрмысқа шықты. Мен де Ажар есімді қызбен бас қостым. Үш перзент сүйдік. Тұрмысымыз оңала бастады. Ажар екеуміз тату болдық. Сөйтіп жүргенде мынадай бір қырсыққа тап болдым. Үйіміз ауылдың сыртында бола- тын. Ақпан айының жиырма бесі күні таңертең қорамда екі жылқы байлаулы тұр. Ағам Мақсат кейде түнделетіп соғып, малын байлайтын да, таңертең ерте алып кететін. Өзінің малы бар болған соң ештеңеге күдіктене қоймадым. Тек бұл жолы неге ескертпегені түсініксіз. Дегенмен, осы ұрлық мал болып тұтылып қалып жүрмесек жарар еді, деуші ем іштей. Менің күдіктенетінімді байқаған Мақсат ағам бірде басқа малға айырбастап келе жатырмын десе, енді бірде жоғалып кеткен малымды әрең таптым дейтін, тағы бірде сатып алып келе жатырмын деп сан түрлі өтірігін айтатын. Бұл жолы не дер екен? Бесін уақыты болды, ағамнан хабар жоқ. Жылқыларға шөп салып, су бере бастадым. Сөйткенімше болмады полиция қызметкерлері баса көктеп кіріп келді. Жылқылардың таңбасына қарап шыққан соң малдың ұрланғанын айтқан ішкі істер қызметкері «сіздің қораңызда қайдан пайда болды?» деп дікеңдей сұраққа алды. «Өздері қорамда тұр екен» дегеніме сақшылар кекесінмен күліп жатыр. Ұры деген жақсы ат емес. Басымды арашалайын деп киімімді ауыстыруға да шамам келмей іздеріне еріп кете бардым. Сөйтсем сол уақыттары аудан төңірегінде ұрланған мал көп болыпты. Байқасам мені кінәлі дегенге өздері әбден сеніп алған. Менің ақталғаныма құлақ асар емес. Мал ұрлығына қатысты бүкіл қылмыс ашылатын болды деген сыңаймен масайрап жүр. Қорамда жылқы тұрғанын қайдан білген десем, көршім Ерболат айтқан екен. Оны кейіннен білдім. Полицияға ұрының табылғаны керек. Қараптан қарап аудандағы бүкіл ұрлық мойныма ілінгелі тұрғанын біліп әбден састым. Мұндай жағдайда өзіңді қалай ақтайсың. Айғақ зат үйіңнен табылып тұр, оған қандай уәж айтасың? Ағам Мақсаттың әкелгенін көзіммен көрмеген соң көпке дейін айта алмадым. Жаным қиналғанда арагідік ағамның осылай ететінін айттым. Сынаптай сырғыған уақыт өте берді. Құтылу мүмкін емес сияқты. Үмітім үзілуге таяды. Суға кеткен тал қармайды дегендей жаратқанға жал- барынғаннан басқа шарам жоқ екендігін ұқтым. Түнде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Маужыраған күзетші пысылдап ұйықтап жатыр. Қиналған сәтте жетімдігім, жас кездегі бейнетті күндерім көз алдыма келді. Былдырлаған балапандарым сотталар болсам менің өмірімді қайталамақ па? Тәңірім-ау, енді ғана еңсемді тіктей бастағанда өмірдің бұлай жыраға тірегені несі. Сүйкімді ботақандарыма өзім көрген қиындықтың біреуін көрсетпей өсірермін деуші едім. Асыл жарым жанары жаутаңдап қала берді-ау. Оның өмірі қалай болар екен. Балаларды қалай жеткіземін деп қиналатын болды ғой. Жесір әйел деп қиянат жасағысы келетіндерден қалай қорғанар екен. Кінәлі болып жауапқа тартылсам мұншалықты пұшайман күйге түспес едім. Иә жасаған, менің ақ екенімді білесің, неге мені осыншалықты қиындыққа тап қылдың. Жәудір көз бүлдіршіндерімді қалайша әкесінен айырмақшысың. Жетімнің жары құдай деуші еді ғой. Олай болса мені бұл пәлекеттен құтқар. Осыларды айтқан уақытта, бала күнімдегідей көзімнен ыстық жас парлап ақты. Қалың ойдың тұңғиығында мелшиіп таң атқанша отырдым. Басымды қойғаным сол еді ұйықтап кетіппін. Есіктің ашылған дауысынан ояндым. Анау күнгі ұзын бойлы шикіл сары келіп: «Ізбасқанов, сіз боссыз! Қылмысқа қатысы бар кінәлілер бұл- тартпас дәлелмен құрықталды. Қуана берсең болады» деді. Шығып келе жатқанымда темір торға тоғытылған ағам Мақсатты көрдім.

Кінәлінің құрықталуы

Қылмысты ашқан әлгі шикіл сарының өзі екен. Онымен кейін жақсы араласып кеттім. Сол уақытта ол капитан шеніндегі тергеуші болатын. Бекет Бітімбаев ауылға іс-сапармен келгенде қылмыстың қалай ашылғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Ақпан айының жиырма төрті күні ауылымызда төбелес болып, көп адам жараланып, бір адам қайтыс болған. Қылмыстың көбеюіне байланысты капитан Бітімбаевты біздің ауылға жіберген. Ақпан айының жиырма бесі күні мал ұрлығына байланысты арыз тіркеліп, қылмыстық іс қозғалады. Мені тұтқындағаннан кейін, сыбайластарды құрықтау мақсатында із кесуге шыға-
ды. Малы ұрланған ауылдың маңын шолу барысында атылған бір уыс насыбай қалдығынан өзге ешнәрсе таппайды. Әккі баукеспелер ешқандай із қал- дырмаған. Ауылдағы тыңшылардың сілтеуімен ағамнан жауап алуға келеді. Ағамның үйі өте жинақы, киімдері ықшам жортуылға әзір тұратын. Есіктің астында ит, мысық кіретін саңылау да жоқ. Ауласында артық зат тұрмайды. Қажетті саймандары құдды бір ұрлап кететіндей немесе ұрлық затындай та- сада тұрады. Үйдегілер есік ашылғанда жалт қарап, әп-сәтте келген адамның алдынан шығады. Капитан Бітімбаев барған уақытта ағам жылқы сойып жатыр екен. Капитан өзін таныстырып жауап алған уақытта ағам мазасыздана бастаған. Ақпан айының жиырма бесі күні қайда болдыңыз деген сауалға «қайда болушы едім, үйде болдым» деп күйгелектеніп жауап қатқан. Тергеушінің оңайлықпен кетпейтінін түсінген ол уайымын басу үшін бе әлде, жақтырмағанын білдіргісі келгені ме, тілінің астына бір уысына- сыбайын салып жіберген. Жылқының ноқтасына қараған сәтте тергеуші менің қорамда болған жылқылардың ноқтасына айнытпай жасалған ноқтаны көреді. Қылмыскерді әшкерелеуге бұлар жеткіліксіз болғандықтан ағамды аңдуға көшеді. Кезінде мені ұстап берген Ерболат атты көршім біздің үйдің жанынан көшіп кетіпті. Көршілерім шиеттей бала-шағасымен мына келін- шекті қиын жағдайда қалдырдың деп ренжіп қатыспай қойған соң кетіпті. Содан ол ағамның сыбайластарының бірімен қоңсы болыпты. Олардың ұсталуына көршімнің де көмегі тиген деседі. Сыбайластары қылмыс үстінде ұсталып, ағамның да қатысы бар екендігін айтады. Капитан Бітімбаев ағама келіп жауап алғысы келгенде, ол «мен жауап бердім ғой, қылмысқа ешқандай қатысым жоқ» деп бұлғаққа салыпты. Бірақ, тергеушінің өз болжамы бар еді. Оған көктемде мал көтерем уақытта Мақсаттың жылқы сойып жатқаны да, насыбайды атып, жерге түкіргенінде де бір гәп бардай көрінген. Сұрастыра келе ауылда бірнеше адамның ғана насыбай ататынын білген сақшы, өткенде мал ұрланған жерден табылған насыбай мен Мақсат атқан насыбайда ұқсастық барын бірден түсінді. Осылардың бәрін алға тартқанда сезікті сыр бере бастаған.

Бұлтартпас дәлел

– Сонымен, сіздер сыбайластарыңызбен бірлесіп, ақпанның жиырм а бесі күні жорыққа шығатын болдыңыздар. Себебі, жиырма төрті күні төбелес шығып, сіздер қарауылдап отырған малдың иесі жарақат алады. Баласының жарақаты ауыр болған соң үй іші түгел аудан орталығына ауруханаға кетеді. Алайда, сіздер бір нәрсені ескермедіңіздер. Төбелеске байланысты ауылды полиция қызметкерлері торуылдап жүрген болатын. Мұны білген сыбайласыңыздың бірі межелі орынға уәделі уақытта келе алмады. Сонда сіз амалсыздан жылқыларды ініңіз Нұртуғанның қорасына байлап кеттіңіз. Таңертен ерте барып алып кеткіңіз келген, алайда, ініңіздің көршісі Ерболаттың ішкі істер бөліміне асығып бара жатқанын көріп, бөгеліп қалдыңыз, – деген тергеуші күдіктіге барлай қарады. Әлі де болса кінәсін мойындағысы келмей күмілжіп тұрған Мақсаттың қолына сәлден соң кісен салынып бөлімшеге жеткізіледі. Бұл жерде «ұрыларды көрдім» деген бір куәгер отырған. Мақсатты көре салысымен ол: «Осы, ұрылардың бірі осы болатын» деп орнынан атып тұрады.

– Сол жолы жылқымды іздеп жотаға шықтым. Ат шаптырым жерде үйір ден бір жылқыны бөлектеп алып бара жатқан үш аттылыны көзім шалды. Бір сайға кірген кезде арттарынан қуып жеттім. Қарасам біреуінде мылтық бар екен, екеуі қанжармен жылқы- ны союға кірісіпті. Мені көрген үшеудің қабағы қарс түйіліп, көңілдеріне бір жаман ой алғанын аңғардым. Сосын қулыққа басып, әрі қорыққанымды білдірмей, «еркектің олжасы – сыртта» деген. Бала-шағамның аузының салымы бар екен» деп білегімді түріп жіберіп жылқыны боршалауға болысып кеттім. Тек содан кейін «былыққа бірге батырдық» дегендей көңілдері жайланған ұрылар бұған жарты қап ет беріп, ешкімге айтпа деп шығарып салыпты. Куәгер табылған соң ағам шарасыздықтан кінәсін мойындап, сыбайластарын айтып берген. Расында, ағам бала кезінен ұрлыққа жақын еді. Жеңгеміз баяғыда тәттілерді тығып қоятын. Біз аузымызды ашып жүргенде ағам оны әп-сәтте тауып алатын. Есейе келе ағам үйге сырттан зат таситынды шығарды. Тауық, күшік, құрал-сайман дегендердің қолына ілінгенін үйге әкелетін. Шешесі оған неге әкелдің деп кейімейтін, керісінше үйдің қамын ойлап жүр деп марқайып қалатын. Бір жолы әскерден келген ағаларымыз ит соятын болды. Сөйтіп мені бір үйдің ауласында байлаулы тұрған күшікті ұрлап әкелуге жұмсады.

Үйдің жанына барғаныммен әрі қарай аяғым жүрмей қойды. Артымнан ағам келді де, ылдым-жылдым қимылдап күшікті алып кетті. Бара салып күшікті соя бастады. Ағамның бұндай іске әбден төселген, нағыз ісмер екендігін бұрын білмеппін. Әскерден келген соң оқуға да бармады, сөйтіп жүріп мал бағудың, алыстан айдауд ың һас шеберіне айналды. Балам, есіңде болсын, отыңды өшірме, шаңырағынды шайқалтпа, балаларыңды ешқандай жағдайда тастаушы болма. Бірінші бақ – бақ. Бақыт іздеймін деп ұяңды бұзып, сол бақты басыңнан ұшырып алма.

Отыңды өшірме

Асхат Қызылордаға келгенін қаланың зәулім ғимараттары көрінген- де бір-ақ білді. Қариямен қоштасып жұмысына кетті. Қанша күн өтсе де қарияның сөзі санасында жаңғырып тұр. Өзінің ағат кетіп жүргенін түсіне бастағандай. Ойлап қараса отасқан кезден бері әйеліне сыйлық алып көрмепті. Арқаланып жүріп үйіне жетті. Екі көзі төрт болып, жолын тосып отырған жандардың барын алғаш сезгендей. Айман балаларын жанына алып көшеде күтіп тұр екен. Алты жастағы қызы Кәусар жүгіріп келіп мойнына асылып, құшақтап алды. Жіберсе әкесі кетіп қалатындай қысып алған, айырылмайды. Асхаттың жүрегі сыздап қоя берді. О, жасаған, мен қалайша тас жүрек болып кеткенмін деп өзін іштей жазғырды. Шынында, алтындарымды кімге айырбастайын деп жүргенмін. Бұлардан артық бақытты қайдан таппақпын. Айманға да мұның кеткені үлкен сабақ болған сияқты. Шай тамағын дайындап, зыр жүгіріп жүр. Арнайы әкелген сыйлығын бергенде келіншегінің қуанғанын көрсең. Қуаныштан да жылайды екен-ау адам. Отбасы бақытының осындай сыйластықтан, түсіністіктен тұратынын қалай бұрын түсінбеген…

Берік КЕРУЕНБАЕВ,

Қызылорда қаласының

мамандандырылған тергеу

сотының бас маманы

аға сот приставы, үздік мемлекеттік қызметші