Назиля РАЗЗАҚ, ҚР Жоғарғы Соты Сот төрелігі академиясының проректоры:

– Балалардың түрлі қыл­мыстық әрекеттердің құрба­нына айналуы жиіледі. Бұл жағдайдың статистикасы жыл­дан жылға артып бара жатыр. Осы мәселені зерделеп көрдіңіз бе? Балаларға қарсы қылмыс кімдердің тарапынан көп жа­салады? Неліктен күнәдән пәк, жазықсыз балалар зор­лық­ зомбылықтың нысанына айналып отыр?
– Біздің мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеті –балаларды қылмыстық әрекеттер мен қатыгез қарым-қатынастан қорғау, баланың құқы мен бостандығының қорғалуын толық қамтамасыз ету деп білеміз. Осыдан келіп бұл мәселені шешу үшін не істеу керек деген сұрақ туады. Меніңше, бұл ретте бұрын да айтып жүргенімдей, бізге әлеуметтік қызметкерлер, жасөспірімдер органдары, психологтардың және ата-аналар мен қамқоршылардың өзара байланысын жолға қоятын нақты тетік керек. Балаларға қауіп үйден тысқары жерлерде деген қайшылықты пікірлер бар. Шын мәнінде жағдай мүлде басқаша. Балаға зорлық жасалғаны үшін жақындары жауапты болу керек. Өйткені, үйде де бала физикалық, жыныстық, психологиялық және экономикалық зорлыққа ұшырауы мүмкін. Мәселен, соңғы мәліметтерге сенсек, балаларға қатысты жыныстық зорлық оқиғаларының тек 10-20 пайызы ғана бейтаныс адамдар қолымен жасалады, ал, 40 пайызына өзінің жақындары кінәлі. Қалғандары таныстығы аз, ата-аналардың достары, қамқоршылар, көршілер тарапынан жасалатынын көрсетіп отыр.

– Балаларға қарсы қылмыс­тың зардабы жайлы заңгер, әйел­  ана ретінде не айтасыз? Қатыгездік қатыгездікті туды­рады демекші, мұндай жағдай­дың жасөспірімдер психология­сына кері әсер ететіні анық қой…
– Балаға жасалған зорлықтың бір сәттік және ұзаққа созылған зардаптары болады. Мәселен, олар есейген шағында психологиялық ауруға шалдығуы мүмкін. Оның негізгі белгілері ретінде күйзеліске жиі ұшырау, беймазалық, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, өзіне көңілі толмау, психосоматикалық ауру, ұйқының бұзылуын атауға болады. Қатыгездік қандай түрде болса да баланың психологиясына, дамуына кері әсер етеді. Көбіне ұрып- соғып жазалау, ауыр сөздермен ұрсу тәрбиенің әдісіне айналған немесе жылулық, мейірімі жоқ, әке-шешесі маскүнем отбасылардағы балалардың физикалық, жүйке жүйесінің дамуында ауытқушылық белгілері байқалып жатады. Мемлекет бұл жағдайларды болдырмаудың барлық мүмкіндігін жасап отыр. Мысалы, 2016 жылдан бастап бұрынғы балалар құқының уәкілі Зағипа Балиеваның жетекшілігімен «111» сенім телефоны қызмет көрсете бастады. Оған еліміздің кез келген түкпірінен тәулік бойына балалар ақпараттық, психологиялық көмек алып, ересектер тарапынан төнген қауіп жайлы хабар береді.

– Балаларға қарсы қылмысқа тосқауыл қою үшін не істеу ке­рек деп ойлайсыз? Елімізде балалар құқын қорғау қанша­лықты жолға қойылған?
– Әрбір бала зорлықтан азат өмір сүруге құқылы. 2015 жылы Біріккен ұлттар ұйымының балаларға қатысты зорлық мәселелері бойынша арнаулы өкілі балаларға берілген дүниежүзілік кеңестің нәтижесін жариялады. Онда балаларды зорлықтан қорғау мәселесі өзінің маңыздылығы жағынан білім беруден кейінгі екінші басымдыққа ие екені көрсетілді. Қазақстан балаларды зорлықтан қорғаудың халықаралық құқық негізінде дәйектелген міндетін мойнына алған. Балалар құқы туралы Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясы балаларды зорлықтан, соның ішінде, барлық физикалық және психологиялық қысымнан, жәбірлеу немесе асыра сілтеуден қорғап, қамқорлықтан тыс қалуының алдын алып, дөрекі қарым-қатынастан, еңбегін пайдалану, жыныстық қатынасқа тарту- дан азат болуын қамтамасыз етуді көздейді. Адамдыққа жат, қадір-қасиетті төмендететін азаптаулардың барлық түріне тыйым салатын Адам құқын қорғау туралы еуропалық конвенция ересектермен қатар балалар құқын қорғауда да қолданылады. Адам құқы туралы еуропалық соттың балалар зорлығына қатысты құқықтық тәжірибесінде мемлекеттің балаларды зорлықтан қорғау туралы міндеті нақты айқындалған.

– Елімізде кәмелетке толмағандар ісін қарай­тын ювеналдық соттар­дың құрылғаны белгілі. Оның тиімділігі қалай болып отыр? Мамандандырылған соттың құзы­ретіне қатысты шешімін күткен мәселелер бар ма?
– Бүгінгі таңда республикада 19 кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған сот бар. Үш тармақты юрисдикция балаларға қатысты отбасылық және балаларды қорғау істерін (азаматтық позиция), ата-аналар немесе басқа ересектер тарапынан балаларға қатысты немесе балалар жасаған әкімшілік құқықбұзушылықты, ауыр қылмыстарды немесе мамандандырылған ауданаралық әскери соттың қарауына түскен істерден өзге қылмыстарды қамтитын және балаларға қатысты ересектер жасаған бірқатар қылмысқа қатысты материаларды қарайды. Өткен жылдарға жасалған қорытынды ювениалдық сот жұмысының тиімді болғанын көрсетіп отыр. Ең алдымен ювеналды сот төрелігі – балаларға достық пейілдегі құрылым. Бұл оның басты ерекшелігі. Сот мәжілістері, процеске қатысатындардың орналасуы жалпы юрисдикция соттарынан өзгеше жабдықталып, процестер жанға жайлы тыныш ахуалда өтеді. Онда тіпті теміртор да болмайды. Сот шешімі баланың барлық мүдделерін қорғауға ықпал етуі керек. Осы мақсатта судья кәмелетке толмаған баламен сенімді, еркін әңгімелесіп, оның өмір сүру жағдайын, тәрбиесін, өзі мен ата- анасының болмысындағы ерекшеліктерді анықтайды. Сот процесіне білікті психологтың қатысып, баланың мүдделеріне, істің мәнісіне сай дәлелді қорытынды беруі соттың дұрыс шешім қабылдауына зор көмек көрсетеді. Соңғы үш жылда жазаларды тағайындау тәжірибесіне жасалған талдау ювеналдық соттар тарапынан сотталған жасөспірімдер санының үш есе азайғанын көрсеткен. Әрбір екінші іс өндіріспен, соның ішінде, бітімгерлік амалмен қысқартылды. Жыл сайын мәмілегерлік тәртіппен аяқталған істер қатары өсіп келеді.

– Жалпы ювеналдық соттың мақсаты шолжаң жасөспірімді жазаламай, оны қайта тәрбие­леу ғой? Ол сонда қалай жүзеге асырылмақ?

– Иә, жасөспірімдердің энергиясы көп, сондықтан олар қолы бос болған кезде сол күш-қуатын қайда жұмсарын білмей, қылмыс жасауы мүмкін. Осы ретте жаңа жылдан бастап бізде жаңа Әкімшілік кодексі күшіне енгенін атап өткім келеді. Ол кодекс бойынша өз балаларын 23:00-ден кейін көшеге жіберетін ата-аналарға шаралар қолданылады. Менің ойымша, ол шаралар қазіргіге қарағанда қатаң болу тиіс. Біз осы жағдайды дер кезінде қолға алсақ, көптеген құқықбұзушылықтар мен қылмыстың жолын кесер едік. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықтық кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуына байланысты ескерту беріледі. Бірақ, сол жағдай екінші рет қайталанатын болса баланың ата-анасына айыппұл салынады. Жалпы, шолжаң жасөспірімнің қайта-қайта құзырлы органдарға келіп белгіленгенінен пайда бар деп ойламаймын. Себебі, бұл балаға шынымен көмек керек, әрі, оның ата-анасымен немесе заңды қамқоршысымен де нақты жұмыс жүргізу керек. Ювеналдық сот өз міндетін тиісті деңгейде орындамайтын ата-аналарға жеке анықтама шығарып, құзырлы органдарға оларды бақылауға алуды тапсырады. Сонымен қатар, қажеттілік туындаған жағдайда ата-ана құқығынан айыру жөнінде талап қоюы мүмкін. Себебі, өз міндеттерін орындамайтын, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз болып табылатын ата-аналардың ең алдымен өздерін тәрбиелеп, тиісті шаралар қолдану қажет.

 

– Бірнеше рет қылмыс жа­сайтын балалар баршылық. Ювеналдық сот мұндай бала­лармен қалай жұмыс істейді?
– Ювеналдық сотта әр жасөспірімге жеке бағдарлама жасалады. Мысалы, бізге үшінші рет келіп түскен жасөспірім бар, ол үшінші рет сотталушы орындығында отырды. Бірінші рет біз оны ұрлық жасағаны үшін 3 жылға соттадық. Онымен дербес жұмыс жүргізген кезде бала ақшаға мұқтаж болғандықтан осындай қылмысқа барғандығын айтты. Екінші рет ол тағы да бізге ұрлық жасағаны үшін түсіп, бұл жолы шартты жаза берілді. Жалпы бала ішімдікке құмар әкесі мен атасының қолында тұратындықтан отбасында дұрыс тәрбие алмаған. Тексеру барысында әкесі мас болған және жұмыста жүрген кезінде атасының оны зорлағаны мәлім болды. Осы жағдай бұл баланың қылмысқа баруына алып келген. 10 жасында иттер мен мысықтарды өлтіріп, жасөспірім кезінде зейнеткерлерді ұстап, қылғындырып ақшасын тартып алып, үтікпен терілерін күйдіріпті. Біз оның жасына қарап, түзелуіне сендік. Бірақ, сотқа үшінші рет түскеннен кейін оны бас бостандығынан айырып, жазасын өтеуге жібердік. Негізі осындай жағдайлардың туындау себебін әлеуметтік қызметкерлер анықтап, психологтармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізуі қажет. Сонда көптеген балалардың тағдырына араша түскен болар едік.

– Тұрмыстық зорлық­-зом­былық, әйел ­анаға қарсы жа­салатын қылмыс та бала психо­логиясына аяусыз соққы. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады? Оларды құқықтық қорғау мәсе­лесі қалай жүзеге асуы керек?
– Үйдегі зорлық-зомбылық отбасылық кикілжің емес, бұл көбіне басқа адамды бақылап, оның үстінен билік жүргізуді мақсат еткен қылмыс болып табылады. Үйдегі зорлық моральдық-психологиялық, жыныстық, экономикалық және физикалық түрде жүзеге асырылады. Зорлық тұрғылықты жері және қай ұлтқа жататындығына қарамастан барлық отбасында болады. Онда әлеуметтік шекара жоқ, ол барлық әлеуметтік топта жасалады. Бүгінде Қазақстандағы әрбір оныншы отбасында зорлық әртүрлі формада көрініс табуда. Тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың жартысы ұзаққа созылған отбасылық кикілжіңдердің салдары екені анықталып отыр. Өзіне қорлық көрсеткен жандарға балалар көбінесе тәуелді болады. Өйткені, азаптаушы деп отырғанымыз заң бойынша балаларын қорғап, қамқорлық жасауға тиіс ата-аналардың өздері болып шығады. Елімізде көптеген балалар өз ата-анасынан қорғанып, үйінен кетіп қалады. Статистика бойынша, әсіресе, 6-7 жастағы балалар ата-аналары тарапынан қатыгездік көруде. Жыл сайын ювеналды сотта жасөспірімді тәрбиелеуге қатысты өз міндетін орында маған немесе оған қатыгездік жасаған ондаған ата-ана мен қамқоршы жауапқа тартылады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін тек қана заңды қатайту жеткіліксіз. Бұл ретте алдымен отбасындағы тәрбиені дұрыстау керек.

– Елімізде отбасылық сот құрылмақшы. Осы жаңа инсти­тут туралы Сіздің пікіріңіз?
– Биылғы Отбасы күні қарсаңында Жоғарғы Сотта «Қазіргі замандағы сот төрелігі жүйесіндегі отбасылық сот» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, онда Жоғарғы Сот төрағасы Жакып Асанов отбасылық соттың ерекше білім мен дағдыны қажет ететін күрделі тетік екенін атап көрсетті. Расында отбасылық дауларды шешу барысында судья ата-ана және балалармен жұмыс істейтіндіктен, ерекше тәжірибені игеру керек. Сонымен қатар, оған психологтар, тартысты реттеушілер, бітімгерлер тағы басқа мамандар тартылғаны дұрыс болады. Отбасылық сотты құру отбасындағы балалар мен мен ата- аналардың құқына қатысты мәселелерді болдырмау үшін қабылданған заманауи шешім. Мұндай қадамнан тек жағымды нәтиже күтеміз. Бұл серпінді жобаны жүзеге асыру үшін отбасылық неке қарым-қатынастары барысында туындайтын дауларды қарауға мамандандырылған судьяларды оқыту қажеттігі туындайды. Өйткені, отбасы және балалармен жұмыс істеу ерекше әдісті қажет етеді. Бүгінгі таңда Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі Академиясының оқу бағдарламасына отбасылық кикілжіңді шешу, психология, отбасылық педагогиканың негіздері, жұбайларды татуластыру әдістері, неке бұзылған жағдайда отбасы мүшелерін сотта қорғау сынды өзекті тақырыптарды қосу мәселелерін қарастырып жатыр.

– Бала құқы жайлы әңгіме қозғалған кезде жетім, әке­ше­ шесі тастап кеткен балаларды асырап алу мәселесін айналып өту мүмкін емес. Бүгінде осы шараның күрделілігі салдарынан көптеген баланың ата-­ана қамқорлығында болып, отба­сында тәрбиелену мүмкіндігі шектеліп жатқаны шындық. Осы мәселеге қатысты не айтасыз?
– Қазіргі таңда қоғамда ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балаларды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте баланы асырап алу мәселесі өте өзекті болуда. Бұған қатысты мәселелерді шешуде жауапты және дербес әдіс керек. Қоғамда өздерінің биологиялық балалары бола тұра бала асырап алуға құлшыныс өсуде. Туыстар арасында, отбасылар ішінде бала асырап алу өте көп. Мәселен, қазақтың дәстүрі бойынша ата мен әже бала асырап алады. Алғаш рет бала асырап алу, сонымен қатар шетелдіктің Қазақстаннан бала асырап алуының тәртібі «Неке және отбасы» кодексінде айқындалған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жетім балалар құқын қорғау саласындағы басым бағыт – отбасылық тәрбие тәжірибесін кеңейту. Осындай саясаттың арқасында 2009 – 2017 жылдары балалар саны 60 пайызға азайды. Яғни, олардың саны 15 116 адамнан 6 223 адамға кеміді. Сонымен қоса, балалар үйінің саны 213-тен 137-ге төмендеді. Бүгінде олардың 49-ы отбасылық үлгіде жұмыс істейді. 2017 жылдың басынан 22 өкіл отбасылар құрылды. Отбасылық тәрбиенің төрт үлгісі, яғни, бала асырап алу, асыраушылық, қамқоршылық, өкіл отбасы жүйесі заңнамалық тұрғыда бекітіліп, мемлекет тарапынан материалдық тұрғыда ынталандырылған. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық банкісі іске қосылды. Өз отбасына бала қабылдап алғысы келетін азаматтар әміршіл-әкімгерлік жүйенің шырмауына ілінбей, қысқа мерзім ішінде бұл мақсатқа қол жеткізе алады. Тек қана 2017 жылдан бері банк арқылы 394 бала отбасыларға, 2437 бала қамқорлыққа, 219 жеткіншек патронаттық тәрбиеге қабылданды. Бұл тиімді тетіктің болашақта барлық дерлік балаларды отбасыларға орналастыруға мүмкіндік беретіні даусыз. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан, оның тағдырына, тәрбиесіне, денсаулығына қатысты мәселенің ұсақ-түйегі жоқ. Оларға дер кезінде назар аударылып, тиянақты түрде шешілуіне барлық құзырлы орын мүдделі болуы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»