СТАТИСТИКАЛЫҚ МӘЛІМЕТТЕРГЕ СЕНСЕК, ЕЛІМІЗДЕГІ 674,2 МЫҢ МҮГЕДЕКТІҢ 85,1 МЫҢЫ КӘМЕЛЕТ ЖАСҚА ТОЛМАҒАН, 417,7 МЫҢЫ ЕҢБЕККЕ ҚАБІЛЕТТІ, 171,3 МЫҢЫ ЗЕЙНЕТКЕР. БҰЛ КӨРСЕТКІШ ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА КӨБЕЙМЕСЕ, АЗАЙМАЙ ОТЫРҒАНЫН РЕСМИ ОРГАНДАР ЖОҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ. ӘСІРЕСЕ, ТУА БІТКЕН АНОМАЛИЯ, ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІ АУРУЛАРЫНА ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАРДЫҢ КӨБЕЮІ КІМДІ ДЕ БОЛСА ОЙЛАНТПАЙ ҚОЙМАЙДЫ.

Республикамызда мүгедектерді әлеуметтік қорғау Конституциямен, ҚР «Мүгедектерді қорғау туралы» заңымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттелген. Бұған қоса, Қазақстан мүгедектер құқығы туралы конвенцияны ратификациялады. Биылғы 2-шілдеде «Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Онда 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыру бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы жаңа мемлекеттік жәрдемақы көзделді. Яғни, елімізде мүгедектердiң тыныс-тiршiлiгі, қоғаммен етене араласуы, құқықтық, т.б. жағдайлары заңдық тұрғыда айқындалған. Дейтұрғанмен, беріге дейін олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне жеткілікті деңгейде жағдай қарастырылмағаны, қалай өмір сүріп жатқандары, жүріп-тұрулары, т.б. қажеттіліктері тек өздері мен етжақындарының ғана мәселесі болып келгені де ащы шындық.

Қарапайым мысал, елдегі әлеуметтік маңызы бар орындардың әрбір оныншысы мүгедектерге қолжетімсіз екенін өткен жылы «Нұр Отан» партиясы мәлімдеді. Оларға деген қоғам көзқарасының түзелуі үлкен мәселе десек, мүгедектікті дәлелдеу де шешімін табуды қажет етеді. Осы тұрғыда Денсаулық сақтау министрі өзінің жылдық есеп беруінде медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінде бірқатар қиындықтар бар екенін жасырмай, олардың жұмысын оңтайландыру хақындағы ұсыныстарын ортаға салған болатын. Себебі, ел азаматтары мүгедектік статусын жылда растауға міндетті. Айықпас дертке шалдыққаны, төсекке таңылғаны, тіпті, аяқ-қолы жоғы да жарты немесе әр жыл сайын түрлі медициналық анықтама жинап, солар арқылы жеңілдік алу құқығы мен әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізеді. Мысалы, өмірлік мүгедектікке шығу үшін бірінші топтағы адам төрт жыл бойы динамикалық қадағалуда болуы және түрлі медициналық қорытындыдан өтуі тиіс. Мұндай талаптар оларға қыруар қиындық туғызатыны да басы ашық жайт. Оны айтпағанның өзінде мүгедектер ретсіз тексерулер мен комиссия алдынан өтудің психологиялық тұрғыда ауыр екенін, қорлық ретінде қабылдайтындарын ашына айтады. Онкологиялық ауру салдарынан омырауын алдырған замандасымыз өздері сынды науқастарға өмірлік мүгедектік тағайындау қажеттігін жеткізді. Себебі, дене мүшесі қайта қалпына келмейді. Мүгедектігін қайта-қайта еске салып, тырнай беру бұрымдының жан жарасын одан әрі тереңдетпесе, жеңілдетпесі тағы анық. Мүгедектер мұңына ден қойған министрдің пікірінше, мүгедектіктің кей санатына міндеттелген медициналық зерттеу құжаттарын қысқарту мен жеңілдету артық бол- майды. Және бұл жайттардың алдағы уақытта министрлік бұйрықтарында ескерілетінінен де хабардар етті.

Осыған орай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина өздерінің мүгедектерге қатысты мәселелерді сан мәрте көтеріп, депутаттық сауалдарында талай рет жолдағандарымен, олардың осы уақытқа дейін ескерілмей келгенін айтып: «Сең қозғалды, достар! Біріксек, біз үлкен күшпіз» деген пікірін әлеуметтік желіде білдірді де. Мүгедектік пен еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеудің жаңа ережелерінде қажетті құжаттарды рәсімдеу шаралары жеңілдетілген. Яғни, бұрын мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды тағайындау және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алу үшін адам үш ұйымға жүгінсе, қазіргі күні бір мекемеге ғана барады. Келешекте бұл өтініштер электронды түрде е-gov арқылы қабылданып, медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Бұл шаралар болашақта адами факторды жойып, сыбайлас жемқорлықты төмендетеді деп күтілуде. Сыбайлас жемқорлық демекші, мүгедектікті қайта-қайта дәлелдеу медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін бұл кеселден арылтпасы айтпаса да түсінікті.

Өйткені, мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін айқындау аумақтық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде жүргізіледі. Сау санамен сараласақ, аяғы немесе қолы жоқ жанға жарты немесе әр жыл сайын мүгедектігін дәлелдету, ол үшін сараптама қызметкерлерін де басы артық жұмысқа байлау, абсурд. Өйткені, аяқ пен қолдың өспейтіні қандай анық болса, туа бітті ақыл-есінде кемістігі бар балалардың қатарластары секілді толыққанды дамымайтыны да сондай ақиқат. Осындай жандардан мүгедектікті дәлелдеуді ұдайы талап ету айдың бетін алақанымызбен жапқымыз келетінінің анық көрінісі емес пе?! Арбаға таңылған жан ғайыптан тайып күндердің күнінде орнынан тұруы мүмкін, ондай жағдайлар өмірде кездеседі. Соның өзінде оларды да қажетті-қажетсіз қағаз жинатып жыл сайын алашапқынға түсіру артық. Олай дейтініміз, жоғарыда айтқанымыздай, мүгедектердің жүріп-тұруына барлық жерде жағдай жасалмаған. Онсыз да ауру баланы арбамен сүйреп, дәрігерден дәрігерге жүгіру азабын әр адам біле бермейді. Мысалы, Алматы қаласының психикалық сауықтыру орталығына үлкен мегаполисте жалғыз автобустың қатынауы да көп жайтқа дәлел. Сондықтан, айтып отыр ған мәселеге қатысты заңнамаларды қарау бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы десек қателеспейміз.

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»