Соңғы жылдары еліміздегі сот саласына айтарлықтай өзгерістер жасалды. Нәтижесінде сот билігі адамдар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен еркіндіктерін, Конституцияның, заңдардың орындалуын қамтамасыз етуде оңтайлана түсті. Осы орайда айта кетер жайт, сот билігі жазалап қана қоймай, ең алдымен адамдардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғайды.

Еліміздің сот жүйесі демократиялық принциптерге, халықаралық құқықтық қағидаларға негіздейтін тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасқанын, біз таңдаған сот жүйесінің тек қоғам мен азаматтың мүдделері үшін қызмет жасайтынын байқатады. Алдағы уақытта да заң талабын қатал сақтай отырып, әділдікті жүзеге асыру, соттардың беделі мен абыройын көтеру, сот жүйесін жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін нығайту уақыт талабы болып отыр.

Республикамызда жүргізіліп жатқан реформалық жаңалықтардың жемісі ретінде бүгінде сот жүйесі барынша ашықтыққа қол жеткізді. Ақпараттар да кез келген азаматқа қолжетімді бола түсті. Заманауи дамыған технологиялық жетістіктерді салаға енгізудің нәтижесінде халықтың да құқығының қорғалуы арта түсті. Тәуелсіз елдің халқы мен мемлекетінің мүддесі үшін қызмет ететін тәуелсіз, дербес сот жүйесін құруға бағытталған реформалық шаралар елімізде кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Демократиялық қоғамдастықтағы кең ауқымды сот жүйесін дамыту еліміздің басты басымдықтарының бірі болып саналады. Елбасы сот жүйесіне халықтың сенімін нығайту үшін соттардың актілері әділ және заңды болуын талап етті.

Сот реформасының мақсатына жетуі жоғары кәсіби және ар-ождан талаптарына жауап беретін тиімді судьялар корпусын қалыптастыруды қажетсінді. Нәтижесінде судьяларымызға қойылар талап та жоғарылай түсті. Халықтың сеніміне лайық сот жүйесін құруға бағытталған жұмыстар атқарылуда.

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Мемлекетімізде ұлттық сот жүйесі тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастырылды. Құқық жоқ жерде бостандық та, демократия да жоқ. Соңғы жылдары облыс соттарына келіп түсіп жатқан істер саны күн санап арту үстінде. Бұл көрсеткіштердің барлығы бірінші кезекте халықтың құқықтық сауаттылығының артуымен шартталады. Бұл бағыттың қарқынды жұмыс жасауының бір бағыты ретінде соттардың электронды құжат алмасуға көшкендігін де қарастыруға әбден болады.

Электронды сот төрелігін іске асыру халықтың сотқа деген сенімін, сот төрелігіне қолжетімділігін, оның ашықтығын және жариялылығын арттыру ретінде танылады.

Ал осы аталған сервистердің ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға, бюрократтық кедергілерді жоюға, соттардың ашықтығының бірден-бір дәлелелі танылатын сот отырыстарын аудио-бейне жазба құралдарымен түсіріп алу жүйесі қарқынды қызмет көрсетуде. Халық үшін тиімділік танытқан, әрі сот отырысының хаттамаларын алмастыра білген осы жүйе қолайлы сервистердің бірі. Аудио-бейнежазбаға жазу жүйесі сот отырысының уақтылы басталмауы тәрізді проблемаларды жойып, сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырады. Даулы мәселелер туындау барысында кез-келген сұраққа жауап алу мүмкіндігін қарастырады. Сот жүйесіне енгізілген барлық ақпараттық-инновациялық технологиялар азаматтар мен заңды тұлғарлардың сот қорғауына өз құқықтарын барынша ашық және ыңғайлы іске асыруға мүмкіндік береді.

Арай Нугуманова, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы