Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған міндеттерді орындау үшін қанша қаражат бөлінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы министрінің айтуынша, алдағы үш жылда Президенттің Жолдауындағы міндеттерді орындауға 1 трлн 288 млрд теңге қарастырылған. «Нақтырақ айтқанда, ең төменгі айлық жалақыны көтеру үшін 85,8 млрд теңге бөлінеді. Тиісінше, бұл қаражат 275 мың қызметкердің айлығын өсіруге бағытталады. Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты ілгерлету үшін 500 млрд теңге бөлінеді. Ол қаражаттың 322 млрд теңгесі — Ұлттық қор мен Республикалық бюджеттен бұрын бөлініп, қайта пайдаланылып жатқан қаражат. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үш жылдың ішінде 90 млрд (яғни, жылына 30 млрд теңге) бөлу қарастырылған», — дейді министр бүгінгі Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін үш жылдың ішінде 300 млрд теңге (жылына 100 млрд теңге) бөлінбек. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 млн адамды үймен қамту үшін 76,6 млн ш.м. баспана салу көзделген. «Қосымша жалға берілетін үйлердің құрылысына 30 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл 250 мың отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Білім нысандарын салу үшін үш жылда 50 млрд теңге бөлу көзделген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар мектептегі психологтардың жұмысын күшейтуге 16,8 млрд теңге қарастырылады (жылына 5,6 млрд теңге)», — дейді Әлихан Смайылов. Еске сала кетсек, осы жылдың 5 қазанында Қазақстан Ресупбликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жариялаған болатын.