Қазақстан-Финляндия бизнесмендері 600 млн доллардың келісімшартын жасасты. Бұл туралы бүгін Финляндия Президентімен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Хельсинкиден.

«Ең алдымен Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёге шақыруы және делегациямызды достық қабылдауы үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл Тәуелсіздік жылдарымыздағы  Финляндияға екінші сапарым және осы жылдары ішіндегі фин президенттерімен төртінші кездесуім.

Осы жылдардың ішінде жоғары деңгейдегі кездесулер біздерді жақындата түсті. Біздің арамызда үлкен түсіністік, сенім бар. Бүгін де сенімге негізделген ахуалда келіссөздер жүргізіп, ең алдымен халықаралық саясат, өңір,  ертең «Еуропа мен Азия форумы» өтетін Еуропадағы ахуал төңірегіндегі мәселелері қарастырдық және біздің бұл тақырыптарға көзқарастарымыз ортақ», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Қазақстан мен Финляндия арасында  саяси да, экономикалық та проблемалардың жоқ екендігін, бизнеске де барлық мүмкіншілік жасалғанын баса айтты. «Мен елдеріміздің арасындағы экономикалық байланыстарға жаңа серпін беру мақсатында келіп отырмын.

Кеше Финляндияның ірі бизнес капитандарымен кездесіп, олардың бізде жұмыс істеуге деген қызығушылығын байқадым. Біздің бизнес көшбасшыларымыздың кездесуі нәтижесінде жалпы құны 600 млн доллардан асып жығылатын оннан астам келісімшартқа қол қойылды. Осы жолға бұл жаман көрсеткіш емес», — деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Финляндия тау-кен өндіру, химия, ауыл шаруашылығы, машина жасау және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өрістетіп отырғанын атап өтті. Естеріңізге сала кетсек, бүгін Елбасы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.  Сапар аясында Мемлекет басшысы кеше фин бизнес капитандарымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа темір жол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздің агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Фин компаниялары үшін Қазақстанның туризм саласы да тартымды екенін, ІТ-компанияларына да қолайлы жағдай жасалатындығын атап өтті.