Жанна ХУДАИР,  Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының орынбасары:

– Қазақстан Республикасында педофилдерді кастрациялау туралы заң нормасы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді. Басқа елдермен салыстырсақ, Ресейде аталған заң талабы 2012 жылы қабылданған екен. Химиялық кастрациялау 1950 жылдардан бастап қолға алына бастаса, алғаш Америка, Германия секілді елдерде осындай жаза түрі қолданылған. Химиялық кастрациялау кезінде адамның сексуалдық белсенділігі төмендейді. Бұл препарат «цифра терон» деп те аталады. Медицина препаратты сотталушыға кезең-кезеңмен қолдануды ұсынады. Яғни, ол ұзақ уақыт пайдалануы мүмкін. Ол таблетка түрінде немесе инъекция (укол) түрінде болады. Нұсқаулық бойынша бір инъекция адамға 10-14 күнде бір рет қолданылады да, қажеттілігіне сай жалғаса берді. Енді есептеп көріңіз, бір ампула шамамен 4 мың теңге тұрады… 2018 жылға аталған препарат пен процедураны жүргізуге, оқытуға т.б шаралар үшін қазынадан 10 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Бұл препаратты педофилдерге ұзақ уақыт қолдану керектігін ескерсек, бір адамға жылына 127 мың теңге кететінін бағамдауға болады. Мысалы, педофилдерге сот химиялық кастрация қолдануы керек деп шешім шығарса, ол түзеу мекемесінде жазасын өту мерзімі ішінде аталған процедураны үздіксіз қабылдайды.

Бұл шара бостандықта да жалғасуы тиіс. Алайда, түрмеде отырғандарды химиялық кастрациядан өткізіп тұру мүмкін болғанымен, бостандықтағыларды қадағалау қиынға соғады. Әрине, заң бойынша ондай адамдар тіркеу орындары бойынша бір емдеу мекемесіне бекітіліп, уақтылы шараны жүзеге асыруға болатын шығар. Бірақ, іс жүзінде бұл оңайға соқпайды деп ойлаймын. Ондай адамдар әрдайым психологтың, эндокринологтың, урологтың, терапевтің бақылауында болуы тиіс. Өйткені, препараттың денсаулыққа зияны көп. Тіпті, аурудың асқынған түрлеріне шалдығуы да мүмкін. Әсіресе, сусамыр, (сахарный диабет), инфаркт секілді аурулардың қозуына алып келеді. Педофилия дәрігерлердің пайымынша ауруға жатады. Басқаша айтқанда, бұл адамда психикалық ауытқулар бар деген сөз. Сондықтан, ондай адамдар үнемі мамандардың бақылауында болуы тиіс. Жалпы, химиялық кастрациялау туралы заңды қолдану мәселесін сот шешеді. Яғни, ауру адамның сот-психиатриялық сараптамадан өткеннен кейін диагнозы расталса сот оған осы жазаны қолдануға қатысты үкім шығаруы мүмкін.

Айман УМАРОВА, адвокат:

– Бұл норма педофилдерге лайықты жазасын беретін заң деп айта алмаймын. Заңда педофил деген атау он төрт жасқа толмаған балаларды зорлаған адамдарға қатысты айтылады. Алайда, ол адамның құрбаны бала да, әйел де, ересек адам да болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ондай қылмыскерлерге бәрібір. Шын мәнінде нәпсіге ие бола алмайтын адамдарды адами өмірге оралту қиынның қиыны. Қылмыстың да түр-түрі болатыны сияқты, қылмыскерлер де әртүрлі. Біз оларға жаза тағайындап, түрмеге жапқанда сол қылмысын қайталамасын, түзелсін дейміз. Көп адамдар түзеліп, қатесінен сабақ алып жаңа өмір бастап жатады. Ал, мынау бала зорлағандардың адам болуы екі талай. Химиялық кастрациялау деген де сол сияқты. Уақытша дүние. Педофилге химиялық кастрация тағайындаған күннің өзінде, ол шараны үзбей қолдануға тура келеді. Бұл бір. Екіншіден, инъекция егіп, қылмыскердің нәпсісін тыйғанымызбен, оның ойын өзгерте алмаймыз. Сол адамның ертең басқа қылмыс түрлерін жасамасына кім кепіл?! Меніңше, бұл мәселенің салдарынан бұрын, себебімен күресуіміз керек. Қоғамда белең алған қатыгездік, жауыздық дегендер қайдан шығып жатыр? Ел арасында айтуға ауыз бармайтын оқиғалар болып жатыр.

Кеше ғана Шымкент жаққа осындай істер бойынша барып келдім. Біріншісінде он алты жастағы баланы полиция қызметкері зорлаған. Екіншісі он үш жастағы интернатта оқитын балаға өзінен үлкендеу балалар ұзақ уақыт зәбір көрсетіп келген. Қазір баланың жағдайы өте ауыр. Үш жастағы қызды өз әкесі осындай қиянат көрсетіп өлтірген. Бұл не?! Қатыгездіктің шегі емес пе? Сондықтан, қоғамдағы қатыгездікке тойтарыс беретін жол іздегеніміз абзал. Он төрт жастағы балаға жыныстық сипаттағы әрекет жасағандар педафил деп аталады деп заңды айдар таққанмен мәселе шешілмейді. Себебі, жағдай ушығып тұр. Ондайлар көбейіп барады. Оларды ешқандай химиялық жолмен азайта алмаймыз. Балалар арасында да осындай жауыздықтар белең алып барады. Бұл тәрбиенің жоқтығынан, қатыгездікке көз жұмып қарауымыздан болып отыр. Сөз соңында айтарым, химиялық кастрациялау анығында зерттелмеген, өзін-өзі ақтамаған дүние. Оның адам денсаулығына зиян екендігін білеміз. Бірақ, осындай жазадан кейін адам түзеліп кететініне ешкім кепілдік бере алмайды.

Сауалнаманы әзірлеген Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, «Заң газеті»