«Союз ФГ-10» ғарыш кемесінің бөлшегі құлаған жердің радиоактивті және химиялық жағдайы нормаға сай. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайдыҚазАқпарат тілшісі.

«Құрамында 40 қызметкер мен 9 техника бар Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Өрт сөндіруші» АҚ, АІІБ, «Ғарыш экология ҒЗО» РМК күштері  құтқару капсуласы қонған аумақта және зымыран тасымалдаушысы бөлшектері құлауы мүмкін аймақта жердің радиоактивті және химиялық залалдануы, орман және дала өрттері, қаза болғандар  мен қирандылардың болу мүмкіндігін  тексеріп шықты», — деп атап өтті комитеттен.

Ведомство мәліметінше, Төтенше жағдайлар комитеті күштері тексерісінің нәтижесінде Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерден негізгі ағызғышының жарма бөлшектері табылған. «Оны Роскосмос» мамандары алып кетті. Бөлшек құлаған жерде радиоактивті және химиялық ахуал нормаға сай.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», — делінген ТЖК хабарламасында. Айта кетейік, кеше 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин старт алаңынан орбитаға басқарылатын көліктік «Союз МС-10» кемесін алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымыран тасығышы ұшырылды. Бірақ старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор «зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын» хабарлаған еді.