Еліміздегі заңнама жүйесін жетілдіріп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ұлттық сананы дамытып, азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғауды әлемдік қалыпқа сәйкестендірудің жолдары 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында нақты көрсетілген. Жыл сайын Жоғарғы Сот тарапынан қабылданатын құқықтық нормативтік актілердің де түп негізі мен ұстанатын бағыт-бағдары осы саяси мәні бар құжатпен реттелген. Қызылорда облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Светлана Нағашыбайқызы Жуынтаевамен арадағы әңгіме де судьялар қауымы төрелік жасау барысында басшылыққа алатын сондай заңдық қағидалар жөнінде өрбіді.

Светлана ЖУЫНТАЕВА, Қызылорда облыстық сотының судьясы:

– Светлана Нағашыбайқызы, Жоғарғы Соттың 2003 жылғы 20 наурыздағы «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдану туралы» №2 нормативтік қаулысының 2-бөлігінде соттарға азаматтық дау-дамайлармен жүгінетін талапкерлердің дәлелдемелерді келтіруге міндетті екендігі көрсетілген. Осы талаптар сақтала ма?

– Заң бойынша еліміздің әрбір азаматы бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. Осы талапқа сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалар сотқа талап қою арызымен жүгінеді. АПК-нің 148-бабында талап қою арызының нысаны мен мазмұнына қойылатын негізгі талаптардың дені көрсетілген, сондықтан да, ол сақталуы тиіс. Сонымен бірге, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдеу міндеті тараптардың өздеріне жүктелген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 72-бабы 1-бөлігіне сай әр тарап өздерінің қойып отырған талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғаныс құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелер және дәлелдемелерге қарсылықтарды судья белгілеген мерзімде келтіруге тиіс.
Сондықтан бірінші саты соты нысаны мен мазмұны заңнама талабына сай келген талап қою арыздарын қарайды, азаматтар азаматтық істер жөніндегі алқаға жүгінгенге дейінгі бұзылған құқықтары мен мүдделерін жан-жақты баяндап, оны растайтын дәлелдемелерін келтіреді.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы болса, апел­ляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты және істе бар материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ, істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.
Сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Осы жерде ескерте кететін бір жайт, апелляция­лық шағымда, прокурордың өтінішхатында бірінші сатыдағы сотта мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс. Бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға, егер шағымда, прокурордың өтінішхатында оларды бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі болса, оның ішінде, егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ, егер бірінші сатыдағы сотта оларды зерттеу және (немесе) талап етіп алдыру туралы өтінішхат мәлімделіп, бірақ, ол қанағаттандырусыз қалдырылса ғана жол беріледі.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істе бар дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде ғана баға береді. Егер сот жаңа дәлелдемелердің бірінші сатыдағы сотқа ұсынылуы дәлелді себептермен мүмкін болмаған деп таныса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ, егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ, ол қанағаттандырусыз қалдырылса ғана жаңа дәлелдемелерді қабылдайды. Апелляциялық сатыдағы сотқа дәлелдемелерді ұсынатын тұлғалар олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттілігі қандай мән-жайларға байланысты туындағанын көрсетуге міндетті.

– Қаулының 16-бөлігінің талабы бойынша сот бұйрығының көшірмесін алған борышкер он күн мерзім ішінде сотта мәлімделген талапқа қарсылықтарын жіберсе, ондай кезде судья олардың мазмұнына қарамастан сот бұйрығын бұзу туралы ұйғарым шығаруға міндетті екен. Тіпті жауапкер қарсылықтарды беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған күннің өзінде ол АПК-нің 126-бабына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін. Борышкердің сол қарсылықтарын дау-дамай сотта қаралып жатқан кезде ұсынбауы заңға қайшы емес пе?

– Сот бұйрығы даусыз талаптар бойынша борышкерден жылжымалы мүлікті талап ету туралы арыз бойынша қабылданады. Сондықтан, ондағы тараптар талап қоюшы, жауапкер емес, өндіріп алушы және борышкер деп аталады.
Қазіргі қолданыстағы АПК-нің 142-бабы талабына сәйкес, егер борышкерден белгіленген мерзімде мәлімделген талапқа қарсылық түссе не егер сот бұйрығында құқықтары мен міндеттері қозғалған басқа да адамнан шығарылған сот бұйрығының заң талаптарына сәйкес еместігі туралы арыз келіп түссе, судья сот бұйрығының күшін жояды. Соған сәйкес, «Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулының 16-тармағы өзгерген, бұрынғы редакциядағы, мәлімделген талапқа борышкердің келтірген қарсылығының мазмұнына қарамастан сот бұйрығының күші жойылады деген норма алынып тасталған. Қазіргі кезде борышкердің қарсылығы сот бұйрығын беру туралы арызда көрсетілген дау нысанының бар екені туралы тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс. Мұндай кезде судья қарсылық немесе арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарымда өндіріп алушы мәлімдеген талаптың талап қою іс жүргізуі тәртібімен берілуі мүмкін екені түсіндіріледі.
Сот бұйрығының күшiн жою туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Сот бұйрығының күшiн жоюдан бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым беріліп, прокурордың өтінішхат келтіруі мүмкін. Сол кезде апелляциялық тәртіппен ұйғарымның заңдылығы, борышкер қарсылығының негізділігі тексеріледі. Жеке шағымда немесе прокурордың өтінішхатында қарсылықтың уәжі қамтылады, азаматтық істер жөніндегі алқа соты соларға баға береді.

– Өз тәжірибеңізде тараптар мен прокурорлардың келтірген наразылықтарына байланысты қабылдаған шешімдеріңіздің өзгерген сәттері болды ма?

– Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерiне шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық алқасы оны қайта қарауы мүмкiн. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында кассациялық тәртіппен қайта қаралған заңды күшіне енген сот актілері жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуі, шешімде баяндалған жергілікті сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуі, материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы себептерімен бұзылып жатады.
Өз тәжірибемде азаматтық істер жөніндегі сот алқасының құрамына қатысушы судья ретінде қатысқан істер бойынша кассациялық тәртіппен өзгерген сот қаулылары кездесті. Өз басым сол өзгерістерді әділетті шешім деп қабылдаймын, себебі іс ег­жей-тегжейлі, жан-жақты қарау нәтижесімен заңды өзгерген. Неге десеңіз, тәжірибеде апелляциялық сатыда баяндамашы судьяның өндірісіндегі істермен алқа құрамындағы судьялардың толық танысып шығуға мүмкіндігі бола бермейді, себебі, өз өндірісіңде баяндалатын істер жүктемесі көп. Сондықтан да баяндамашы судьяның іс құжаттарымен жете таныспағандығынан қателіктердің кетуі мүмкін.

– Бірінші сатыдағы соттардың дәлелдерді не себептен қабылдамағанына талдау жасап көрдіңіз бе?

– Бірінші сатыда қызмет атқаратын судьялардың басым көпшілігі жаңадан судьялық қызметке тағайындалған жас судьялар, оларда тәжірибе, кәсіби біліктілік жетісе бермейді.
Азаматтық сот ісін жүргізудегі тараптардың жарыспалылығы мен теңқұқықтылығы қағидатын жүзеге асыруға байланысты АПК-нің 15-бабы 4-бөлігінде «сот объективтілікті және бейтараптықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды. Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдары туралы ескертеді және осы кодексте көзделген жағдайларда, оларға өз құқықтарын жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді. Сот шешімді тараптардың әрқайсысы бірдей негізде зерттеуге қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді», деп көрсетілген.
Алайда судьялар осы норманы сот төрелігін жүзеге асыру барысында көп қолдана бермейді. Себебі, олар сырт жұрттың судья тараптармен процессуалдық емес қарым-қатынас жасады немесе тараптардың біреуіне жақтасып кетті деген тәрізді пікірінен жасқанады. Оның үстіне, соттың шешімі өз пайдасына шықпаған тарап та мүмкіндігінше судьяға жала жауып, шағымдануға бейім тұрады.
– Соңғы үш жыл ішінде өзіңіз қараған істер бойынша бірінші сатыдағы соттардың қанша шешімі өзгертілді?
– 2016 жылы апелляциялық тәртіпте 253 іс қарадым, нәтижесінде бірінші саты сотының 15 шешімінің күші жойылып, 6 шешімі өзгертілді.
2017 жылы қараған 209 істің 12 шешімінің күші жо­йылып, 8 шешім өзгертілген. 2018 жылдың 9 айында 474 іс қарап, соның нәтижесімен 11 шешімнің күші жойылды, 4 шешім өзгертілді.

– Сырттай шешім шығару деген мәселеге қалай қарайсыз?

– АПК-нің 256-бабы 1-бөлігіне сай, отырыстың өтетін уақыты мен орны тараптарға дер мезгілінде жеткізіледі, ал, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талап қоюшы бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
Қазіргі сот тәжірибесінде оңды-солды сырттай шешім шығаруға жол берілмейді. Сырттай шешім шығарудың заңдылығы мен негізділігі қатаң сақталады. Тараптарға отырыстың уақыты мен өтетін орнын міндетті түрде хабарлауға барлық жағдай жасалған. Сондықтан, сырттай шешімдер апелляциялық тәртіппен қайта қарауға түспейді. Менің ойымша, өзіне қойылған талаптан қасақана жалтаратын жауапкерлер бар кезде істің сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралғаны дұрыс сияқты.

– Жоғарғы Соттың осы нормативтік қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет деп санайсыз ба?

– Норматитік қаулыда АПК-нің 15-бабы 4-бөлігінде көзделген нормаларды жүзеге асыру тетіктерінің жолдары нақтыланып көрсетілсе, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Себебі, жоғарыда айтқандай, судьялар тараптарға істің мән-жайын толық зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдай жасаудан қорқақтайды.

– Моральдық зиян немесе іскерлік абырой, беделге нұқсан келтірілгені үшін ақшалай өтем жасау туралы талаптарды қалай шешіп жүрсіз? Бұл мәселеде қиыншылықтар кездесе ме?

– Сот тәжірибесінде мораль­дық зиянның мөлшерін бел­гі­леуде белгілі бір қиындықтардың кездесетіні рас. Себебі қолданыстағы заңнамаларымызда моральдық зиянның мөлшерін белгілеудің нақты тетіктері көрсетілмеген.

– Прокурорлар мен тараптардың немесе олардың адвокаттарының жазған шағымдарын қалай қабылдайсыз? Жалпы, прокурорлар мен адвокаттардың істі сотта қарау барысындағы белсенділігіне көңіліңіз тола ма?

– Тараптар және олардың өкілдері мен прокурорлар АПК-нің 434, 435, 436, 440, 441-баптары талаптарын сақтай отырып, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде тараптар мен өкілдер Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот шешімін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, ал, прокурор наразылық беруге құқылы. Олардың заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыруына қарсылық жоқ. Қазір де мемлекет мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өздері қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ, прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда ғана оның азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы міндетті.
Адвокаттар тараптың тап­сыр­масы бойынша өкілдік ете­ді. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысқан адвокаттардың ішінде кәсіби біліктілігі жоғары, өзі өкілі болып отырған тараптың мүддесін, құқығын қорғауда белсенділік көрсететіндері жетерлік. Керісінше, кейбір сауаты өте төмендерінің өзі өкілдік етіп отырған тараптың мүддесін, құқығын қорғауда сотқа қандай талап қоюды білмейтіндері де бар. Соның салдарынан кейбір тараптар өздерінің құқықтарын сотта қорғай алмай, оны қалпына келтіру үшін көп уақытын жоғалтады. Сондықтан, халық санына шаққанда адвокаттар жетіспейді деген сылтаумен кез келген жоғары білімді, дип­ломы бар заңгерді адвокаттар алқасына мүшелікке қабыл­дауға қатаң талап қойылуы тиіс. Сонымен бірге, сот отырысына қатысатын адвокаттардың киіміне де көп көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Бұл ретте олар үшін арнайы киім үлгісі дайындалса, артықтық етпес еді. Әйтпесе, сот отырысына қалай болса солай киініп келе салатын адвокаттар да кездесіп қалады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Пікірлескен
Елеусіз МҰРАТ