Қостанай облыстық Ішкі істер департаменті азаматтарды Еуропада кеңінен тараған интернет-алаяқтық туралы ескертті. Зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар да бар. Атап өтілгендей, алаяқтар LinkedIn кәсіби әлеуметтік желісін пайдаланады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алаяқтар компания басшылары туралы ақпарат жинап, тіпті байланыс нөмірлерін анықтап, олардың атынан қарамағындағы қызметкерлерге хат жолдайтыны белгілі болды.

Қостанай облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел өкілі Айдар Мусиннің айтуынша, осындай хаттар көбіне компанияның қаржы немесе бас директорының жасанды электрондық поштасынан оның қаржы бөліміне жолданады. Хат мәтінінде басшының белгілі бір қаражат сомасын аталған шотқа аудару талабы жазылады. Іс жүзінде алаяқтар түпнұсқа электрондық поштаға ұқсас поштаны бір әріп немесе белгісін өзгертіп құрады.

«Алаяқтықтың бұл түрі CEO fraud деп аталады. Қылмыскерлер әлеуметтік психологияға негізделген техниканы пайдаланады. Адамдар оған алданып, аталған шотқа ақша аударып тұрады. Хаттың мәтіні қандай да бір фирманың стандарттарына барынша ұқсас болуы үшін алаяқтар компанияның баспасөз парақшаларын белсенді оқып, қызмет саласын танып алады», — деп атап өтті полиция капитаны.

Қылмыскерлер LinkedIn кәсіби желісін пайдаланады. Себебі онда тіркелу оңай. Онымен қоса, Facebook немесе Twitter-ге қарағанда, адамдар LinkedIn арқылы кәсіби байланыстарды құрады, жұмыс іздейді.

Тәртіп сақшылары азаматтарға қырағылық танытып, жұмыс беруші туралы ақпаратты барынша мұқият тексеруді, бейтаныс адамдардың шоттарына ақша жібермеуді, кадрлар бөлімінің мамандарымен жеке сөйлесуді кеңес етеді.

Егер сіз немесе жақындарыңыз киберқылмыскерлердің әрекетінен зиян көрсеңіз, полицияның 102 нөміріне шұғыл хабарласқан жөн.