«Бірлік» партиясы «7-20-25» бағдарламасына өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышевтің айтуынша, бүгінде құрылыс компаниялары жаңа пәтерлердің бағасын негізсіз көтеріп тастады. Соның нәтижесінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша үйлер баяу сатылуда.

«Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасын іске асыру жұмысы баяу атқарылып жатыр деді. Шынымен де, солай. Біздіңше, аталған проблеманың негізгі себебі — несиенің тек жаңа пәтерлерге ғана берілуі. Құрылыс компаниялары осыны біле тұра, бірден өз бағаларын 10-15 процентке көтеріп тастады. Соның салдарынан бағдарламаны іске асыру шаралары тежеліп қалды», — деді Т.Қуанышев Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында.

«Бірлік» партиясы «7-20-25» бағдарламасы аясында бес жылдан аспаған пәтерлерге де несие беруді ұсынып отыр. Сонда жаңа нарыққа бәсекелестік болады. Ал құрылыс компаниялары бағаны негізсіз көтермейтін болады.

«Осы шешімнің арқасында құрылыс компаниялардың «тәбетін» тежеуге болады. Ең бастысы, xалық «7-20-25» бағдарламасымен үйді өз бағасына алады. Әрине, жергілікті атқарушы органдар алғашқы жарна жағынан көмектесетін болса, осы саладағы жұмыс жандана түседі», — деп атап көрсетті Т.Қуанышев.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «7-20-25» бағдарламасы аясында әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», — делінген Жолдауда.