Алматы облысының Жаркент қаласында үш көлік соқтығысып, машиналардың сау-тамтығы қалмаған. Оқиға орнынан түсірілген суретте «Митсубиси паджеро» автокөлігі «Тойота карина» машинасының үстіне дейін шығып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасы бүгін Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында болғанын растады.

«Жол-көлік оқиғасында «Митсубиси паджеро», «Тойота карина» және «Рено дастер» көліктері соқтығысқан. Осы үш машинада төрт адам болған. Барлығы да аман. Бірақ «Митсубиси паджеро» көлігіндегі екі адам дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр»,- деді ведомства өкілі Көбейхан Нұрахметов.

Әзірге көшенің ортасында соқтығысқан көлік апатына кім кінәлі екені белгісіз. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.