Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіндегілер Қайрат Жамалиевтің жазасы неліктен айыппұлға ауыстырылғанын түсіндірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мұның алдында «Әліби ісі» басты фигуранты Қайрат Жамалиевтің бостандыққа шыққаны анықталған.

23 мамырда Ақмола облыстық Көкшетау қалалық соты өтелмеген жазасын айыппұл түріндегі жеңіл жазаға ауыстыруды сұраған Қайрат Жамалиевтің өтінішін қарастырған. Сотталушының өтінішін барлық тарап қолдап, сот та оның пайдасына шешім шығарған.

«Өтінішті қанағаттандырған судьяның бұл шешіміне қандай негіз бар? Қылмыстық іс бойынша зардап шегуші сотталушының жазасын жеңілдетуді өзі сұрады. Прокурор қолдап, сотталушының өтінішімен келісіп, жазаны айыппұлға ауыстыруға қарсы болмады», — деп хабарлады Ақмола облыстық соттың өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне.

Ведомстводағылардың айтуынша, сот Жамалиевтің колониядағы тәртібінің жақсы болғанын ескерен.

«Тапсырылған жұмысты орындады. Ол жәбірленушіге материалдық шығынын өтеді. Сот өтінішті қарастыру барысында осы мән-жайларды ескерді», — деді соттағылар.

Ақмола облыстық сотындағылар Жамалиевтің ендігі төлейтін айыппұл сомасы 862 мың 193 теңге екенін мәлімдеді.

«Бұл сома қайдан шықты: заң бойынша 1 АЕК 4 күн бостандықтан айыруға тең. Жамалиевтің өтінішін қарастыру кезінде оның өтелмеген 1 434 күні болды. Осыдан 862 мың 193 теңге шықты», — деді соттағылар.

Сондай-ақ, шешімнің күшіне енгенін және тараптардан шағым түспегені айтылады.