«ЕLAMAN» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержан мүгедектерге жағдай жасаудың кемшін тұстарын атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандус, пандус дейміз. Мысалы, дәл қазір мен әкімдікке қалай кірдім? Бұл жерде дені дұрыс пандус та жоқ. Сол үшін әкімдікті неге жауапқа тартпайды? Неге айыппұл салмайды? Неге әкімдікті ешкім тексермейді? «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесін алайық, ол жақта мүгедектерге арналған дәретxана жоқ. Ол да дұрыс емес. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы да шектеліп отыр», — деді А.Ержан Астанада өткен кеңесте. Аталған отырыста мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мәселесі талқыланды.

Оның айтуынша, елордада жаңа нысандар салынғанда мүгедектердің мәселесі көп жағдайда ескерілмейді. Бұның барлығын бірден жасауға болады. Алайда құрылыстың жобасы талқыланғанда мүмкіндігі шектеулі жандарды шақырмайды, кеңес алмайды. «Кезінде мүгедектер бойынша кеңесшілер болады дедік. Солар қайда? Қазақстан бойынша барлық әкімдіктерде мүгедектер бойынша кеңесшілер бар дейді. Бірақ біз оларды көрмейміз. Не істеп жатыр? Жай лауазымды тасып жүр ме? Жоқ, әлде, әкім мен министрдің «биркасы» сияқты үндемей отыра бере ме? Өз жұмысын көрсетсін! Бірге жұмыс істейік», — деп атап көрсетті А.Ержан.