Қазақстан халқының 81 пайызы цифрлық хабар таратумен қамтылды. Бұл туралы бүгін Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы 5 жыл жүргізілді. Қазіргі уақытта өз күшін жойды. Кейбір мақсатты индикаторлардың орындалмауына қарамастан мемлекеттік бағдарлама сәтті жүзеге асырылды. Өйткені, еліміздегі ақпарттық-коммуникациялық технологиялар, мемлекеттік қызмет көрсету мен бұқаралық ақпараттық құралдары саласына қатысты көреткіштердің жақсарғаны байқап отырмыз», — деді ол.

Министрдің айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру арқылы еліміздің экономика салаларын цифрландырудың келесі кезеңін дамытуға бағытталған базалық мүмкіндіктер құрылды.

«Министрлік стратегиялық жоспарына қатысты 14 мақсатты индикатор қарастырылған. Олардың тең жартысы, яғни жетеуі толық жүзеге асырылды. Халықты цифрлық хабар таратумен қамтамасыз ету жоспарына сай 87 пайызды құрауы қажет болатын. Қазіргі көрсеткіш 81 пайыз болды. Бұл «Қазтелерадио» АҚ-ның радио-техникалық станса құрылысының кестесінен кешігіп жатқанына байланысты. Алайда жұмыс бір сәтке де тоқтаған жоқ. Көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келе жатыр», — деді Дәурен Абаев.