Бүгін Жоғарғы Сот ғимаратында өткен «Сот риторикасы: оқыту және тәжірибе мәселелері» тақырыбындағы халықаралық конференциясында 2018 жылы 16 сәуірде басталған «Жаңа үлгідегі үздік сот актісі» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Конкурс барысында азаматтық істер бойынша үздік сот актілерінің үлгілері таңдалып алынды. Оған 45 сот, 78 судья мен 5 маман қатысты.

«Конкурсқа 257 сот актісі келіп түсті. Оның ішінде 127 сот шешімдерінің 29-ы мемлекеттік тілде дайындалған. 35 арыздар мен сұрақтарға жауап үлгілері және сот шешімдерінің судьяның түсіндірмелері келіп түсті. Жоғарғы соттың судьяларынан құрылған комиссия келіп түскен құжаттарды түгел тексеріп, олардың қолданыстағы заңдарға сай келетінін және жақында ғана қабылданған сот шешімі туралы нормативтік қаулыларға сәйкес келетінін тексеріп, олардың ішінен жүлдегерлерді анықтады», — деді Жоғарығы Сот судьясы, комиссия мүшесі Бағлан Мақұлбеков.

Жұмыстар «Мемлекеттік тілдегі үздік сот шешімі», «Орыс тіліндегі үздік сот шешімі» аталымдары бойынша ұсынылды. Барлық жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға Жоғарғы Сот төрағасы атынан грамоталар, алғыс хаттар мен өзге де ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Конкурстың нәтижесі бойынша Павлодар қаласының судьясы Нұржан Әбдікәрімов, ШҚО Күрішім аудандық №2 сотының судьясы Салтанат Жүнісбекова, Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ақтоты Әбдіғұлова, ОҚО сотының судьясы Аида Байтұрова, Алматы аудандық сотының судьясы Мая Қасымова, Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ержан Құрманов, Павлодар қалалы сотының судьясы Жұлдыз Қамалова, Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының судьясы Аңсарбек Назарқұлов, Жамбыл облысы ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Елена Ромаденко, Қостанай облыстық сотының судьясы Елена Николаевна, Қанат Шахаров пен Евгения Виталиевна марапатталды.

Сот актілерінің үздік нұсқалары тиісті жинаққа енгізіледі. Ол судьялардың сот шешімдерін әзірлеу дағдыларын жетілдіруге бағдар болады.