2018 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан кәсіпорындарында апаттар саны күрт көбейді. Олардың басым бөлігі көмір және мұнай-газ салаларында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігіне арналған «KIOSH-2018» халықаралық конференциясында мәлім етті. «Соңғы 5 жылда апаттар саны 42%-ке азайған, апаттан зардап шеккендер саны —  61%, қаза тапқандар саны — 57%-ке азайған.

Алайда 2018 жылдың алғашқы үш айында апаттар саны күрт көбейді. Өткен жылдың алғашқы үш айында 2 апат тіркелсе, биылғы кезеңде — 10 апат орын алған. Олардың басым бөлігі көмір және мұнай-газ салаларында болған. Бұл дабыл қағарлық өте жоғары көрсеткіш», — деді Нығметжан Мақажанов. Оның айтуынша, апаттардың негізгі себебі құрал-жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың ескіруі болып отыр.

«Тексерілген 98 мың қауіпті құрылғылардың 40%-ті, яғни 38 мыңы нормативтік жұмыс істеу мерзімнен асып кеткен. Екіншіден, елдегі өндірісті ұйымдастыру деңгейі өте төмен — заңнама талаптарын сақтамау, жобалық шешімдерді жүзеге асырмау, берілген нұсқамаларды орындамау және басқалары», — деп түсіндірді комитет өкілі. Н. Мақажанов келтірген деректерге сәйкес, елімізде 8 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысандар жұмыс істейді.

Негізінен олар — жерасты кен ошақтары мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай мен газ кен орындары, металлургиялық, химиялық және мұнай өңдеу зауыттары, атомдық өнеркәсіп нысандары, тораптық құбыр желілері. 8 мың  кәсіпорынның жартысына жуығы қауіптілігі жоғары нысан болып саналады. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 376 қауіпті өндірістік нысанды тексерген.

Тексеру нәтижесінде 8 мыңнан астам бұзушылықтар анықталған. 33 нысан мен 1 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылып, 27 миллион теңгеге 269 айыппұл салынған. Айта кетейік, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында, Астана еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігіне арналған дәстүрлі «KIOSH-2018» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Онда Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркияның 40-қа жуық компаниялары жеке қорғану құралдарын, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жаңа құрал-жабдықтарын таныстырады.