Бақытжан ТӘЖІХАНОВ, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

— Бақытжан Әбсатттарұлы, әңгімемізді пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп жатқан түнгі сот қызметінен бастасақ. Оның мақсаты мен маңыздылығын атап өтсеңіз.

— ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы бастаған делегация Сингапур еліне барып, олардың түнгі соттар жұмысымен жақыннан танысып қайтқан болатын. Аталған елдегі түнгі соттардың қызметі үлгі алуға тұрарлық. Бағдарламаның пилоттық жобасы Астана және Алматы қалаларында енгізілді. Жобаның мақсаты – әкімшілік істерді азаматтардың сұранысына сай, тез шешу және судьялардың жүктемесін азайту.
2017 жылы біздің сотта 32 478 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған. Оның 19 789-ы 610-бап бойынша, яғни, «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» туралы, ал 608-бапқа сай, «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты, көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» туралы 2 289 іс, ал 517- бап, яғни, «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуына» қатысты 4 726 іс қаралды. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 4147 әкімшілік іс түсті, оның 1670-і кешкі уақытта орын алған. Мысалы, осы істерді ертеңді күтпей-ақ, түнгі уақытта шешуге болатын еді. Тәжірибеміз көрсеткендей, қаралған әкімшілік істердің 80 пайызы аса қиын емес істер, құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, 818-бап бойынша («Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау тәртiбi») істің ары қарай жүргізілуін талап етпейді. Өзара келісіп, дау қумайтындарға, мәселенің тез шешілуін қалайтындарға түнгі сот өте тиімді. Бұрындары жол-көлік апаты мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты істер 72 күнге дейін созылып кететін. Ол адамдардың жүйкесін тоздырып қана қоймай, уақытын да ұрлайтын. Ал қазір жол-көлік оқиғалары 4 күнде шешіледі. Демек, түнгі сот жұмысы әуелі азаматтарға өте ыңғайлы. Сот істі тұрғындардың қалауы бойынша күндізгі немесе жұмыстан кейінгі уақытта қарайды. Екінші жағынан, бұл жоба соттардың жүктемесін жеңілдетеді. Күндізгі уақытта судьялар қиын істерге көңіл бөле алады.

— Аталған жоба пилоттық болғаннан кейін қай уақытқа дейін жалғасады және түнгі судьялар қанша жалақы алады?

— «Түнгі соттар» жобасы мамырдың аяғына дейін жалғаспақ. Әзірше айлық жалақысы нақты белгіленген жоқ. Пилоттық жоба болғандықтан Астана мен Алматы қалаларының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттары бұл бағдарламаны тәжірибеден өткізіп жатыр. Қазіргі кезде біздің сот мекемесінде арнайы кабинет бөлініп, әкімшілік істер қаралуда. Ол күнде кешкі 18.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

— Судьяларға сот шешімін түсіндіру міндеттеліп отыр. Оның маңыздылығы неде деп ойлайсыз?

— Бұл Жоғары Сот төрағасы Жақып Асановтың қолға алған маңызды қадамдарының бірі деп ойлаймын. Осы мәселеге қатысты нормативтік қаулыға енгізілген өзгерістерді талқылау алғаш рет тікелей эфирде жүріп, оны ғаламтор арқылы сол сәтте он мыңнан аса адам көрді. Осы қадамымен Жоғарғы Сот өз жұмысының барынша ашықтығын көрсетіп, адамдардың сот жүйесінде қандай шаралар қабылданып жатқанын білу керектігін көрсеткендей болды. Меніңше, шешімді түсіндіру азаматтардың сотқа деген шағымын азайтады. Себебі, судья шешімін жариялағаннан кейін тараптарға қарапайым тілмен өз шешімін неге сүйеніп шығарғанын, қисыны қандай екенін түсіндіреді. Біз заңға сай шешім шығарамыз. Кез келген істе қатысушыларға баптарды көрсетіп, екі жақ біздің шығарған шешімімізді түсіну үшін барымызды саламыз. Егер олар бәрін түсініп, разы болып кетсе, қуанамыз.

— Дегенмен, сот шешімі әділетсіз болды дегенді жиі естиміз. Бұл біздегі сот төрелігіне күмәннің көптігін көрсетпей ме?

— Сот шешіміне екі тараптың бірдей риза болуы сирек. Әрине, жеңген жақ дұрыс деп, жеңілген жақ бұрыс деп ойлауы мүмкін. Бірақ, біз кез келген істі заңдық тұрғыдан қараймыз. Баптарымыздан асып кетпейміз.

— Әкімшілік іс бойынша сот ісін жүргізуді толықтай электронды форматқа көшіру несімен тиімді?

— Сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялар сот төрелігінің тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосады деп санаймын. Біріншіден, электронды форматқа көшу арқылы іс жүргізудің ашықтығы мен жария­лылығын қамтамасыз етеді. Екіншіден, азаматтардың сотқа сенімін нығайтуға ықпалды. Үшіншіден, қағазбастылықты қысқартуға үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Қазірдің өзінде ақпараттық технологияны қолдана отырып арызды беру және тіркеу сатысынан бастап заңды күшіне енген сот бұйрығын орындауға жолдауға дейінгі барлық істер электронды түрде жүзеге асып жатыр.
Сот кезіндегі дыбыс-бейнебақылау сот үшін де, азаматтар үшін де тиімді. Егер сот шешіміне қанағаттанбай апелляцияға беретін болса, басқа судья істі бейнебақылаудан көре алады. Тіпті, кейбір азаматтар сот кезінде өз құқығын асыра пайдаланып, артық кетіп, қатысушыларға тіл тигізіп, жанжал шығаруы мүмкін. Егер барлық процесс түсіріліп жатқанын ескертсек, олар да тиісінше байқап сөйлейді. Қорыта айтқанда, электронды форматқа ауысу дегеніміз ашықтық пен тәртіпке көшу деген сөз.

— Судьялық қызметке араласқаныңызға көп болды ма?

— Еңбек жолымды Алматы қаласында тергеуші болып бастадым. Кейіннен қалалық прокуратурада прокурор болып қызмет атқардым. 2007 жылы Медеу ауданы сотының судьясы болдым. Негізінен, азаматтық және әкімшілік істерді қарап келемін.

— Шешіміңіздің бұзылған сәттері болды ма?

— Әкімшілік шешімдерде бір-екеуі ғана бұзылды. Ал азаматтық істерді көп қарағандықтан, бұзылған шешімдер әкімшілік істерге қарағанда көбірек. Өйткені, азаматтық істерде тараптардың талаптары өте көп болуы мүмкін. Әр талапқа баға беріп жазуың керек. Шешім бұзылған кездері болды, бірақ, өзім шығарған шешімдерімді дұрыс деп ойлаймын. Әрине, қалалық соттың да өзіндік пікірі бар.

— Тәжірибеңізде қандай істер есіңізде қалды?

— Әкімшілік істердің көбі ұқсас, есімде қалғаны жоқ. Ал азаматтық істерде бір қызық болған. Корей Республикасының 20 азаматы бір-бірімен 20 келісімшарт жасасқан. Өзіңіз білетіндей, олардың есімдері мен фамилиялары ұқсас. Бірдейі де бар. Ким Сон Ян, Ким Сон Ен, Ким Су Ан дегендер кездесті. Солардың фамилиясын реттеп жазғанымша, миым ашып кететін (күліп). Оны түсіну үшін корейліктердің әрқайсысының қазақша не орысша есімдері мен фамилияларын орнына қойып, реттедім. Кейін қалалық сотта мына істі түсінбей жатырмыз дегенде, өзімнің жасаған схемамды апарып түсіндірген болатынмын.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Даяна Тоқберген,
«Заң газеті»