— Былтыр облыста жер телімдерін пайдалану бойынша 225 заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында жерді қорғау және пайдалануды бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Әбдуов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрлан Әбдуовтың айтуынша, өткен жылы жерді қорғау және пайдалануды бақылау жөніндегі басқарма 391 тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 225 заңбұзушылық анықталып, 27,8 млн теңге айыппұл салынған. Қазіргі уақытта оның 19,8 млн теңгесі облыс бюджетіне қайтарылды. Қалған соманы өндіріп алу сот орындаушыларының құзырында. «Бүгінде белгілі бір құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер телімдерін сұрайтындар көп.

Бірақ, олардың кейбірі меншігінде учаскелерді тиісті мақсатқа жұмсап жүрген жоқ. Бір ғана мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз иелену фактісі бойынша 76 заңбұзушылық анықталды, яғни 388, 2 гектар жер телімі пайдалынылмай, бос жатыр. Кейбіреуінің жалға алу мерзімі әлдеқашан біткен. Енді біреулері жерді қоршап, құрылыс материалдарын үйіп қойғанмен, басқа қозғалыс жоқ. Оларға 13,5 млн теңге айыппұл салынды, Мұның сыртында ауылшаруашылық мақсатындағы 552,5 мың гектарға қатысты 102 факт тіркелген. Қазір жауапкершілік міндеті жүктелген серіктестіктер жіберген кемшіліктерін түзеп жатыр», — деді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Мемлекет меншігіндегі жер телімдерін заңсыз иеленген, коммерциялық құрылысқа арналған жерлерді кәдеге асырмаған кәсіпкерлер облыс әкімінің сынына ұшырады. Жиында Архимед Мұхамбетов әр сүйем жердің сұрауы бар екендігін ұқтырды. «Ауылшаруашылық мақсатындағы алқаптардың игерілмеуіне баса назар аудару қажет. Жер телімдерін алып, оны кәдесіне жарата алмай отырғандар кәсіпкерлермен күресті күшейтуге баса назар аударыңыздар.

Сонымен қатар жер телімдерін беруді конкурс арқылы шешкеннен гөрі аукцион арқылы өткізген дұрыс. Сонда түсім де молаяды және бәрі әділ өтеді. Осы жағын ойластырып, бір жүйеге келтірген жөн. Соңғы екі-үш жылда біз бірнеше мың гектар жер телімін бердік. Оны кейбір кәсіпкерлер өз меншіктеріне қаратып алған соң, қайта сатып жібереді. Ал ол жерлерге жол салынды, инженерлік жүйе тартылды. Оған қаншама қаражат жұмсалатынын Сіздер жақсы білесіздер. Ендеше, бұл мәселе оңтайлы шешілуі тиіс», — деді өңір басшысы. Архимед Мұхамбетов өз орынбасарларына жерді мақсатты түрде пайдалануды бақылауда ұстауды және жекеменшік тұрғын үй құрылысына тиесілі жер телімдерін анықтауды тапсырды.