Ақтөбеде прокуратура қайтыс болған туыстарының зейнетақыларын иеленгендерге қатысты алдын алу шараларын жалғастыруда, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 Бұл туралы Ақтөбе облыстық прокуратура аппаратының жетекшісі Жасұлан Дәулембаев Facebook парақшасында жазды.

«Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы филиалының ұсынысы бойынша жыл сайын ішкі істер органдарына қайтыс болған зейнеткерлердің зейнетақысын пайдалану дерегі бойынша шамамен 200 іс тексеріледі. Корпорациядағылар зейнеткердің қайтыс болғаны туралы мәліметті тек әділет органдарына тіркелгеннен кейін ғана біледі. Ал осы аралықта қайтыс болған адамдардың туыстары аударылған ақшаларды алып тұрған. Енді ішкі істер органдары мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының филиалы қайтыс болған адамдарға негізсіз аударылып жатқан зейнетақы төлемдері фактілерін болдырмау үшін апта сайын тексеріс жүргізуде. Яғни, мұндай іс сотқа дейінгі өндіріске алынбай, қайтыс болған зейнеткерлердің туыстары қылмыстық қудалауға тартылмайды», — деп жазды ол.