Бүгін есірткі тасымалы үшін Қытайда өлім жазасына кесілген Қазақстан азаматы Үрімжі қаласынан өз Отанына оралды. Сотталған азаматты еліне қайтару үрдісі Қытайдағы Қазақстанның Елшілігімен, ҚР Бас прокуратурасы мен ҚХР Әділет министрлігімен жүзеге асты.

Естеріңізге сала кетейік, 1989 жылғы Ақмола облысының тумасы 2009 жылы Қытайдың Гуанчжоу провинциясындағы Гуандун қаласында есірткі тасымалы үшін ұсталып, өлім жазасына кесілген болатын және үкімнің орындалуы 2 жылға кейінге қалдырылды.

Ал 2011 жылы өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімі шығарылған болатын. Қазақстандық дипломаттар және ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлері Қытай жағымен сотталған азаматтарды жазасын өз елінде өтеу жөнінде келіссөздер мен ауқымды жұмыстар жүргізді. Биылғы жылы Қытайдан Қазақстанға тағы 4 азамат жеткізілді.

Ал 2015 жылдың тамыз айынан бастап бүгінге дейін ҚР Елшілігі мен ҚХР, сондай-ақ қазақстандық құзыретті органдардың жұмысының арқасында 15 азаматымызды елге қайтару ісі оң шешімін тапты. ҚР СІМ мен Бас прокуратура мұндай жұмыстарды өзге елдерде де белсенді жүргізіп жатыр.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов хабарлады.

ҚазАқпарат