Ата-бабамыз аңсап, Абылай хан армандаған азаттық таңы Қазақстанда осыдан 26 жыл бұрын атып, еліміз егемендік алып, халқымыз еркіндікке қол жеткізіп, әлемде Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды. Еліміз егемендік алған күннен бастап биліктің мемлекеттік институттарын құру, оның ішінде мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот жүйесінде болған өзгерістер тікелей Елбасының бастауымен жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттары ретінде белгіленіп, оған қатысты іс-шаралар жедел түрде қолға алынды.

Жалпы, біз сот тарихын айтқанда, оны ел тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Өткеннің өнегесі – болашаққа батыл қадам демекші, бүгінгі сот жүйесі – өткен ғасырларда қазылық айтқан билердің үрдісін жалғастырып, ел заңының орындалуына, адам құқығының сақталуына үлкен үлес қосып келе жатқан, мемлекеттік биліктің бір тармағы.     Әділеттің ақ туы деп аталатын, қара қылды қақ жарған қазақ еліндегі сот тарихы – көне заманнан, халықтың әдет-ғұрпы мен діни көзқарастары қалыптасқан кезеңнен бастап жүзеге асырылып келген.      Тарихтан баршамызға белгілі сот ғасырлар бойы, қай қоғамда болмасын, билік пен ел басқарудың негізгі тетіктерінің бірі болғандықтан, сот барлық уақытта әділдіктің кепіліне (символына) айналып, халық сот дегенде әділдіктің бейнесін көз алдына елестетін болған.

Байырғы заманнан би-шешендердің айтқанына бас иіп, олардың шешімін бұлжытпай орындауға дағдыланған қазақ халқының сол кездегі сот жүйесінің кереметтігі әлемді таң қалдыруда. «Халықтың үш ұлы перзенттері, даңқты үш дананың – Төле би Әлібекұлының, Қазыбек би Келдібекұлының, Әйтеке би Байбекұлының есімдері біз үшін ерекше киелі» — деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ертедегі билер соты бүгінгі халық сотының негізі болып табылады.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы бүкілхалықтың талқылауынан өтіп, бірауыздан қабылданды. Осы Ата Заңның негізінде алғашқы заңдардың бірі болып Қазақстан Республикасының Азамат­тық (жалпы және ерекше бөлім), Азаматтық іс жүргізу, Қыл­мыстық, Қылмыстық іс жүр­гізу, Қылмыстық атқару кодекстері және де «Атқару өндірісі және сот орын­даушы­ларының мәртебесі туралы» Заңы қабылданып, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасын еліміздегі әлеу­мет­тік-саяси және экономикалық жағдайларға, елдің конституциялық құры­лысына сәй­кестендіру, азаматтардың құқық­тарын, меншік түрлерінің барлық нысандарын халықаралық құқықтың қағидаттары мен норма­ларына сәйкес сот арқылы қорғау қалыптасты.

Конституция негізінде, сот жүйесіндегі әлеуметтік, ұйым­дық, құрылымдық өзгерістермен бірге сот ісін жүргізудің заңнамалық қоры молая түсті. Сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдіру мақсатында 2000 жылдың 25 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Аталған заң негізінде соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленіп, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оң­тайлы әрі тиімді негізі қаланды.      Жоғарғы Сот бірыңғай сот жүйесіндегі жоғары сот сатысы деп танылды. Судья­лардың әлеуметтік жағдайы тиісті деңгейде қамсыздандырылып, олардың қыз­меті материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Бұл Заң сот құзыретін кеңейте түсті, судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде тек заңға ғана емес, әділеттілік өлшемімен қатар моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенуге мүмкіндік алды. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктері айқындалып, оның биік әлеуметтік мәртебесі бекітілді. Осылайша сот жүйесі атқарушы органның ықпалынан толық шығарылды.

Халықтың әлеуметтік жағдайының өсуі, нарықтық қатынастар­дың дамуы назарға алынып елімізде маман­дан­дырылған экономикалық,  әкімшілік соттар,  ерекше ауыр қылмыстарды қарайтын мамандан­дырылған ауданаралық қылмыстық істер және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құрылды. Осылайша, отандық сот жүйесі көп өзгеріп, жетілді және өсіп-өркендеді. Осы ретте 2011 жылы Қазақстан Судьялар одағының әлемдік Судьялар қоғамдастығына мүшелікке қабылданғаны да көп нәрсені аңғартса керек.

Өткен 26 жыл аралығында отандық сот жүйесі еліміздің дамуына өз үлесін қосты. Соңғы үш жылда судьялар қоғамдастығы «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарында бекітілген сот саласына қатысты қадамдардың барлығын табысты іске асырды. Үш сатылы сот жүйесіне көштік, үміткерлер мен судьяларға қойылатын талаптар күшейтілді, Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын алқа, Сот төрелгі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды. Әлбетте, мемлекетіміздің сот жүйесін жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.

Конституциямызда белгіленгендей, еліміздің ұстанған жолы – құқықтық мемлекет құру, оны одан әрі өркендету. Бірінші кезекте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мінсіз қорғау десек, оның ең басты көрсеткіштерінің бірі – сот қызметінің ашықтығы және жариялылығы болмақ. Бұл қағидаттар соттар үшін бағдар беретін темірқазық іспетті. Күнделікті атқарылып жатқан сот шешімдерінің әділдігі халыққа қаз-қалпында шынайы жетуі, көпшіліктің дұрыс әрі нақты түсінік алуы бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) тікелей қатысты. Сондықтан да, соттар олармен тығыз қарым-қатынаста түсінісіп, белсене жұмыс істеуге әрекет жасап келеді. Осы ретпен алғанда, жұмыс тәсілінің ерек­ше­ліктеріне қарамастан, журналистер мен соттардың көздеген мақсат-мұраттары ортақ.

Сол себепті, олар бір-бірінің пікірімен санасып, ой-тұжырымдарын бір арнаға тоғыстырып, жұртшылыққа объективті түрде ақпарат бергені абзал. Сондықтан да, барлық БАҚ-тарда (баспасөзде, телеарна мен интернетте, әлеуметтік желіде) сот тақырыбында жарияланған шағын ақпараттан бастап, мақалалар мен тағы басқа да материалдардың сапасы жоғары және алынған дереккөздері шынайы болуы қажет. Бүгінгі уақыттың да, қоғамның да қатаң талабы осындай. Қазіргі таңда ақпарат қоғам айнасына айналған тұста, бұл – өте маңызды құндылық. «Егер шындықты білгің келсе, екі жақты да бірдей тыңда», деген тәмсіл сөздің мәнін әркім өз ақыл-парасаты арқылы түйсіне білсе, құба-құп болар еді. Мұндай жағдайда БАҚ арқылы айтылатын сот төрелігі туралы ақиқат-пікірлер, шын мәнінде, халыққа жеткізіліп, адамдардың соттарға деген құрметін кемелдендіруге қызмет етері сөзсіз.                                                                            Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағамыз жарқын, келешегіміз кемел болуы үшін, осы рухани қазынаны әрі қарай қазіргі заман талабына сай жетілдіруіміз керек.

               Тамара СМАЙЛОВА,   

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы