Алматыда караоке-бар қожайынын өлтірді деген бесінші күдікті ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне қалалық ІІД баспасөз қызметіндегілер хабарлады.

«Осы іске ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша («Бұзақылық») бес адам тартылды», — деп хабарлады ІІД баспасөз қызметіндегілер.

9 желтоқсанда Медеу аудандық прокуратурадағылар осы іс бойынша екі адамға қатысты қылмыстық істің қозғалғанын хабарлаған еді.

Еске сала кетейік, осыған дейін Алматы орталығында караоке-бардың иесін белгісіз біреулердің өлтіріп кеткені хабарланған болатын.

«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Л. және Н. есімді екі ер адам ұсталды. Олар уақытша ұстау абақтысына қамалды және жасаған қылмыстарын мойындап жатыр», — деп хабарлаған еді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал кейінірек өлтірілген бизнесменнің жесірі прокуратураға арыз жазған болатын.

«Қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3,7,9 бөлітеріне ауыстыруын сұраймын. Яғни, «кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан» қылмысқа өзгертуін сұраймын. Сондай-ақ, осы төбелеске қатысты басқа да адамдардың (екі жігіт пен бір қыз) жауапкершілікке тартылуын талап етемін», — делінген еді Ләззат Нұрымованың прокуратураға жазған хатында.