ОҚО-да жеке тұрғын үйден шыққан өрт кезінде бір үйдің үш баласы тірідей өртеніп кеткен. Оқыс оқиға түн жарымда ауылды жерде болғандықтан, қызыл жалынан бір отбасының балаларын аман сақтап қалу мүмкін болмаған деп өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Төтеншеліктердің мәліметінше, қайғылы жағдай ОҚО, Созақ ауданы, Шолақорған ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Бұл кезде үйдің ішінде үш баласы мен әкесі болған екен. Өрттен алты жастағы, он екі және он үш жастағы балалар қайтыс болды.

Ал үйдің отағасын құтқарушылар аман алып қалыпты. Бірақ, оны күйік шалып, қазір ауыр халде аудандық ауруханада жатыр.

«Құтқұару пультіне 30.11.2017 ж. сағат 02.53-те Созақ ауданы, Шолаққорған ауылынан хабарлама келіп түскен. Өрт сағат 03.39-да оқшауланып, 03.48-де толығымен сөндірілді. Өрт 250 ш.м. құраған. Жеке үйде шыққан өрттің себебі белгісіз. Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде», — дейді ОҚО Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.