Әр мамандықтың арқалар өз жүгі бар десек те, тәртіп сақшысының жауапкершілігі алабөтен. Әсіресе, қазір. Олай дейтініміз, жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда погон таққандарға оң көзқарас аса қалыптаса қоймаған. Жылы қабылдай бермейді. Себебін бір сөзбен түсіндіру қиын.

Өзімізше қазбалап көрсек, мұның бір төркінін жол сақшыларының іс-әрекетінен табуға болады. Көлік тізгіндеген адам ертелі-кеш, әйтеуір, жол-пат­рульдік полициямен бетпе-бет келмей тұрмайды. Жол ережесін бұзған жүргізушінің бәріне кешіріммен қарасын деуден аулақпыз. Дегенмен, жол ережесінен сәл қиыс кеткенді көрсе, жол сақшыларымыздың хаттамасын құшақтап тұра жүгіруге бейіл келетіні жасырын емес. Соған қарап тұрып олардың құзырына тек жазалау қызметі берілген бе деген ойға қаласың. Қала берді, алыс жолдарда ала таяғымен талдың қалқасынан (кейде) атып шыға келетіндері тағы бар. Жылдамдық өлшегіш құралдарын көрінер-көрінбес бір жерге қояды да, өздері одан бірер ша­қырым арыда тосады. Түгеліне топырақ шашпаспыз. Сонда да Ішкі істер министрлігінің нұсқау­лығындағы «жылдамдық өлшеуіш құралы да, жол сақшысының өзі де көлік жүргізушісіне көрінетін жерде тұруы тиіс» деген талабын табанға таптайтындары жоқ емес. Бәлкім, алыс жолда кім қадағалап жатыр дейтін шығар. Мұндай жағдайдағы көлік жүргізушісі мен жол полицейінің арасындағы диалог көбіне өзара келісумен бітіп жатады.
Осындай іс-әрекеттер полиция мен халықтың арасын алшақтатпай тұрмайды. Иә, ел полицияны «менің құқығымды қорғаушы, тыныштығымды күзетуші, қоғам тәртібін сақтаушы» деп тануы тиіс-ақ. Өкініштісі, неге екені белгісіз, көптің көңілінде сондай сенімнен гөрі күдік басымырақ тұрады. Бір ақиқат бар: ол – жалпы халықтың өзіне деген құрметін, сенімін иеленуге полицияның өзі де талпынуы керек. Талпынып жүргендерінің де бар екеніне кү­мәніміз жоқ. Алайда, «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» керімен көп жағ­дайда кей полиция өкілінің те­ріс іс-әрекеті бүкіл құқық қорғау органының беделіне көлеңкесін түсіріп жатады. Осыған жол беріп алу да белгілі бір деңгейде аталмыш құрылымдағы ішкі тәртіптің босаңдығынан хабар береді.
Ғаламтор сайттары мен әлеу­меттік желілер арқылы талай тәртіп сақшысының теріс іс-әрекеті әшкере болып келеді. Қыз­меттік көлігімен көшедегі қос жолақты қиып өткенін немесе қызметтік көлігінде жатып тәтті ұйқыға батқанын және басқасын көріп жүрміз. Соңғы кездері полиция өкілдеріне қатысты жария болып жүрген суреттер «Самарқандта апам бар, менен де өткен сорақы» дегенді еріксіз еске түсіреді. Бұлар ендігі теріс іс-әрекет емес, ерсі қылық. Меңзеп отырғанымыз – көліктің артқы салонында отырып сыртқа дәрет сындырған тәртіп сақшысының бұқаралық ақпарат құралдарын шарлап кеткен фотосы.
Әрине, ғаламтор сайттарындағы қарша бораған сыннан соң оның кім екені анықталды. Көп ұзамай Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі фотодағы Түрксіб ауданының жергілікті полицейі екенін мәлімдеген болатын. Қызметтік тексеріс те жүргізілді. Соңында жұмысынан қуылды. «Қызметтік тексеру мен тәртіптік кеңестің ұсынысымен Түрксіб ауданы жергілікті полициясының қызметке­рі ішкі істер органдарының абыройын түсіргені үшін қызметінен босатылды. Оның әріптесі, оқиға кезінде рульде отырған көлік иесі де жұмысынан кетті. Сонымен бірге олардың бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады қалалық департамент.
Тоқтала кетер жайт, осы фото ғаламторда жарияланбаса, оған оқырмандар сан түрлі сын-пікір айтпаса, кім біледі, әлгі суреттегі кейіпкер ештеңе болмағандай қызметін жалғастырып жүре берер ме еді. Иә, оны жұмысынан босату жалпы полицияның абыройына ол түсірген дақты кетіре қоймасы анық. Ел арасында кездесетін тентектерді тезге салып, тұтас жұрттың тәртібін қадағалауы тиіс органның өз өкілдерінің кей кезде тәртіп бұзуы «ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміздің» кері. Бәлкім, бір фотоға бола түймедейді түйедей етудің қажеті жоқтай көрінуі де мүмкін. Бірақ, ішкі істер органдарының бүкіл іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, қызметі көптің көз алдында болатындықтан, олардың тез назарға ілігетін қылаудай қателігі қоғамның өзіне деген құрметін кемітпесе, еселемейтіні анық. Сондықтан, тәртіп сақшыларына сауысқандай сақтық керек-ақ және бұл ең алдымен өзінің абыройы мен қауіпсіздігі һәм жалпы құрылымның бет-беделі үшін.
Сөз соңында сәл шегініс жа­сай кетсек. Алматыда жазда бол­ған терактіде бір адамның қо­лы­нан бірнеше полицияның оққа ұшқаны есте. Қызмет бабында қаза тапқан сақшылардың со­ңынан артық-ауыс сөйлеуден аулақпыз. Олар, даусыз, барын салды, өзгенің амандығы үшін өз өмірлерін бәйгеге тікті. Алайда, осы оқиғадан соң да жалпы полицияның ішкі жұмыс жүйесіне сын айтылмай тұрмады. Мұны ішкі тәртіп, дайындық, үйлестіру, басқару жұмыстарының осалдығынан көргендер де болды. Соған қарамастан, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов лаңкесті құрықтау кезіндегі полиция қызметкерлерінің әрекеті үшін ұялмайтынын жеткізген-ді. Жасыратыны жоқ, осылай деп мәлімдеу арқылы бас полицей белгілі бір деңгейде ақталғандай да көрінді.
Ал, біз сөз еткен дәрет сын­дыр­ғыш қызметкерінің ерсі қылығы үшін Ішкі істер министрінің қандай жағдайда болғанын біле алмадық. Білетініміз, сақшымыздың сарығанына біз ұялдық.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»